Мазасыз күндер

–Імм, солай деңіз. Ал сіздің балаңыз болып па еді? — дедім темекімді сора отырып.

Кемпір селт етіп үнсіз қалды.

«Көңіл кірі айтса кетеді” дегендей-ақ, енді-енді жадырап, бірте-бірте шешіліп келе жатқан кемпір әңгіме арқауын пышақпен кескендей шорт үзді.

Мен басымды көтеріп, оған көз тастағанымда Салиха әжей төмен қарап отыр екен. Әлден соң ол басын ақырын көтеріп, бетіме тесіле қарады. Оның қос жанарына жас үйіріліп қалғанын көрдім.

— Сіз бәрін де біледі екенсіз ғой. Мұныңыз не? Мені… мазақ еткіңіз келді ме? — деп ол жаулығының ұшымен көз жасын сүрте бастады.

Аңдаусызда жан жарасын тырнап алмадым ба деп өкініп, өз бармағымды өзім тістей жаздадым.

— Шеше, шешетай, кешіріңіз. Мен ештеңе де білмейтін едім. Сіз… сіз менің анамсыз ғой…

— Әрине, сенемін, сенемін сізге… Сонда ештеңе де білмейсіз бе? Зиялы ештеңе айтқан жоқ па?

— Зиялы? Ол кім? А-а, Махамбековтың аты екен ғой. Атын атап сөйлеп көрмеген соң есіме түспей қалғаны. Иә, ол не айтуы керек еді?

— Сонымен, түк те білмейсіз-ә?

— Жоқ.

— Онда… менің балам болған еді.

— Қазір… ол қайда?

— Еһе, құдай маңдайға сыйғызбады ғой. Алып тынды.

Әлдекім жүрегіме қанжар сұғып алғандай болды. Осы сөздерден соң кемпір егіл-тегіл жылайтын шығар, не деген ақымақпын деп өзіме-өзім тағы да ұрыстым. Бірақ ол көзіне жас та алған жоқ.

— Ұлыңыз ересек пе еді?

— Иә, сізден бес-алты жас кіші.

— Үйленген бе еді?

— Үйленген.

— Қазір… ол қайда? Келініңіз дегенім ғой.

— Алыста, — деді кемпір ауыр бір күрсініп. — Төркініне кетті. Ұзақ науқастан құлыным қайтыс болған соң ол да кетті ғой, қашанғы тұрады. Немеремді де ала кетті. Сонысы батады жаныма.

— Ол сізбен хабарласып та тұрмайтын шығар?

— Жоқ, неге, келіп-кетіп тұрады. Бірақ сирек.

Мен мұнан әрі кемпірге сұрақ қойған жоқпын. Ол да үндемеді.

Оның жан дүниесін бұдан әрі түсіну үшін сөйлесуден гөрі үнсіздік әлдеқайда артық еді.

І І І

Ертеңіне жұмыс кабинетіне кіріп барғанымда, Махамбеков кеше маған қатты ренжігенін, өкпелі екенін айтып, көпке шейін томсарумен отырды. “Бұлай етуге бола ма екен? Сыйламағандық қой, менсінбегендік қой бұл” дегенді қайталаумен болды. Бірақ мен одан кешірім сұраудың орнына ләм деп тіл қатпаған соң және бұл үнсіздігім көпке созылатын сыңай байқатқаннан кейін ол әлгі сөздерін жиі-жиі қайталап келіп, менің не себепті көңілсіз жүргенімнің мәнісін сұрады.

Мәселенің бәрін «жай, әншейінге» тіреген соң, ол менің бұл жауабыма қанағаттанбай бетіме көз тоқтатып біраз қарап отырды да, иығын бір қозғап қойды.

— Сіз жалтарып кеткелі тұрсыз, — деді ол орнынан көтеріліп, — жай, әшейін емес, сізден күрт өзгеріс байқалады. Айтыңызшы, не болды? Кеше неге келмей қойдыңыз? Мен “ешнәрсе болған жоқ” деп езу тарттым да, кешегі келіскен уәдені бұзғандығым үшін кешірім сұрадым.

— Әрине, әрине, кешірімді ғой ол. Онда тұрған не бар? Мен сізді сырқаттанып қалды ма екен деп шошынып едім.

— Оныңызға рахмет! Біраз себептермен кеше келе алмадым. Әйтсе де, бүгін екінші рет келісе алар ма екенбіз? Бұл жолы уәде бұзбаспын, — дедім оған күле қарап.

— Сіздің тынымсызданып жүргеніңіз әлі сол кемпірдің жайы ма? — деді Махамбеков аздап таңдану аралас кейіппен. — Ее,й, Мәке-ай, сіз онсыз да шаршап жүрген адамсыз. Несіне ой қажыта бересіз? Ол кемпір қартайған, болмашыға күйгелектене береді. Ал сіз оған…

— Сіздің бүгін уақытыңыз бола ма? — дедім оның сөзін аяқтатпастан.

— Неге, неге болмасын. Тіпті, қазір-ақ айта беріңіз. Онда тұрған не бар?

Менімен әңгімелесуге Махамбековтың әрқашан дайын екеніне көзім жеткен соң, әңгімені кейінге қалдыруды жөн көрдім де, әзірге жұмысқа барайық деген ұсыныс жасадым…

 

IV

— Иә, маған ол туралы Салиха шешейдің өзі де айтқан еді, — дедім Махамбеков екеуміз қаланың орталық көшелерінің бірімен келе жатып. — Аты кім еді оның?

— Әли. Әлиасқар. Әли деп жұрттың атап кеткені ғой.

— Әлиасқар… Әдемі ат екен өзі, — дедім қалтамнан темекі сауытын алып. — Сіз шегесіз бе?

— Жоқ, мен папиросқа үйренген едім, рахмет.

Мен сигаретті тұтатып алдым да, қайта сөз бастадым.

— Иә, ол қандай аурудан қайтыс болды?

— Көкірек ауруынан.

— Әйелін өте жақсы көрген болар?

Махамбеков мырс етіп күліп жіберді де, әлдеқалай бір қалжың ізін іздегендей бетіме қарады. Бірақ ондай нәрсенің нышаны байқала қоймаған соң, иығын бүлк еткізіп:

— Қалай… енді, әрине тәуір көруін көреді, — деді күмілжи сөйлеп.

— Әйелі жақсы кісі ме еді?

— Мен ол жағын аса көп біле бермеймін. Кезінде Әлиасқар тепловоз депосында слесарь болып істеп жүрді де, қызмет жағынан байланысымыз аз болған соң, бір-бірімізге көп қатынаспайтынбыз. Өзі үйленбеген кезінде, осында жұмысқа орналасқан соң, пәтер жалдап біздің көшеде бір-екі айдай тұрды, кейіннен колхоздағы анасын көшіріп алып, қазіргі үйге орналасты. Ал әйелін бір-екі рет сыртынан ғана көргенім бар.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25