Мазасыз күндер

Қашанғы әдетім бойынша жұмыстан қалжырап, үйге қайтып келе жаттым. “Сізбенен жеке сөйлесетін сөзім бар еді” –деп төте тілек білдірген соң, көкейімде күнделікті жұмыстан да маңызды нәрсе жатқанына аз-кем таңданған Махамбеков, бүгін күн сенбі болғандықтан қаланың шағын бағында кездесейік деп ұсыныс жасап еді. Міне, қызыл сырмен “Амангелді, 94” деп баттастырыла жазылған таныс қақпаға да жеттім.

Қақпаның темір тұтқасына қол создым. Дәл осы кезде есік жартылай ашылып, іштен бір әйел шыға келді. Ол өз екпінін өзі тоқтата алмай менімен соқтығысып кетіп, бетіме жалт қарағанда оның көрші үйдегі келіншек екенін бірден танып, жүрегім кеудеме сыймастай лүпілдеп сала берді. Баласына апара жатқан болар, қолына ұстаған кішкене тостақтағы сүт ыдысымен жерге ұшып түсіп, салқын тамшылар бетіме шашырап та кетті. “Кешіріңіз” — дедім мен сыбырлап. Әйел кешірім сұраған жоқ. Жүзіме екінші рет жалт қарады да, екі бетін алақанымен  басып, домалап жатқан ыдысына қарамай, үйіне қарай жүгіре жөнелді. “Аһ” — деген естілер-естілмес көмескі үн құлағыма шалынды. Оның кеудесінен лап етіп шыққан ыстық леп алыс болса да бетімді шарпып өткендей сезіндім. Әйел кеткен соңғы есімде елес боп қалған нәрсе — оның оттай жанған шырайлы жүзі мен жалт еткен жанары ғана болды.

Ол жанар — аптабы қайтпаған жастық өмірді жырлап тұрды. Ол жанар— қазаны төңкеріліп, қасығы сынған ішкі бір дүниенің шама-шарқын баян етіп тұрды.

Қақпа алдында тас мүсіндей бірнеше минут қалшиып тұрған соң, су астынан шыққан адамдай терең бір дем алып ішке кірдім.

“Қандай сүйкімді әйел, — дедім мен оны көз алдыма тағы елестетіп. — Ал бірақ ол соншалықты неге мұңды. Оның күйеуі қайда, неге осы кезге шейін көзіме бір түскен емес?»

Салиха әжей мен кіріп келгенде де, жуынып жатқанымда да ләм деп тіл қатқан жоқ.

Жуынып болған соң алдыма тамақ әкеп қойды. “Жемеймін” деп едім, жалынбады. Оған осыншама үнсіздік пен немқұрайдылықты тастап кеткен әлгі шыққан келіншек екенін білсем де, ол қатынастың мына кемпір үшін неліктен ауырға соғатындығын мен біле алмадым.

— Сіз неге үндемейсіз? — деді ол, киініп жатқан кезімде “менің қапалы болатын себебім бар, ал сізге не жетпейді” дегенді аңғартқандай жадау жүзін маған бұрып. Оның еті қашып, сопайған жағы мен шүңірейген көздері осы сәтте қорқынышты боп көрінді.

— Мен… асығыспын, шеше, — дедім діріл аралас үнмен.

–Ойпырмай, қашан көрсең де асығыс әйтеуір. Тыныш бір тынығу деген болмай ма сірә?

— Сіз маған, бір нәрсе…

–Жо-жоқ, ешнәрсе де айтпаймын, — деді ол менің не дегелі тұрғанымды күнілгері біліп.

— Бара беріңіз. Менде қай жөнді сөз болушы еді тәйірі!..

Ол соңғы сөзін айтқанда естілер-естілмес мырс ете түскендей болды. Үй ішінде қараңғылық бірте-бірте үйіріліп бара жатты. Не істеп, не қойып жүргенін өзі де білмейтін болар, Салиха шешей ыдыс-аяқтарды салдырлатып, оларды бір орыннан екінші орынға ауыстырумен жүр. Бейнебір намаз оқығандағыдай түсініксіз күбірлейді. Сол күбірлеудің ішінен тым болмаса біреуін ұстап қалуға тырысып, бар ынтаммен құлағымды түре түссем де, ешнәрсе ұға алмадым.

Есік алдындағы ағаштар күзгі желмен мазасыз шуылдап, жабырқау көңілді онан сайын тырналай түседі.

Бір кезде кемпір артына ақырын ғана бұрылып, сол баяғы орнында әлі тұрған мені көрді де:

— Сіз әлі кетпегенсіз бе? — деді таңдана. Кемпірдің өзіме қадалған аянышты да жапа шеккен көздеріне көзім түйісіп қалудан сескендім. Сол үндемеген бойда сыртқа шығып кетуге қанша бекінсем де, бейнебір сиқырланған жанша сол орнымнан қозғала алмадым.

Және де оны осындай аянышты қалпында жалғыз тастап кеткім келмеді. Әйтсе де, Махамбековке берген бүгінгі уәдем есіме түсе кетіп, сағатыма қарадым. Әлі толық жиырма минут бар. Оның он минутын жолға шығарып тастағанда да, менің еркімде он минут қалады. “Демек, асығудың қажеті жоқ екен. Тіпті, аздап кешіккен күннің өзінде де күте тұруға болады ғой”.

Бір кезде маған әлдеқайдан жаңа бір ой сап ете түсті. Күтпеген жерден ол сұрақтың ойға орала кетуі мені селт еткізіп, мүлгіген көңілге қуаныш сәулесін сеуіп өткендей болса да, оның орнын сол секундта-ақ батылсыздық сезімі қайта басты. Менен еш жауап болмаған соң, қадала беруді жөн көрмеген болар, кемпір сырп-сырп басып қарсыдағы бөлмесіне кіріп кетті. Қайта шықпай қойды. Мен сол орнымда әлі тұрмын. Көз жанары суалған байғұс кемпірдің аянышты бейнесі мен әр қатпары бір-бір сыр жасырған әжімді жүзі кетпей қойды. Тап осы сәтте Арысқа келіп өткізген тоғыз күннен бері бұл бөлмеге бір де бір бас сұғып көрмегенімді еске алып, оралымсыздығым мен ұқыпсыздығым үшін өзіме-өзім іштей ренжідім де.

Бөлмеге әлі шам жағылмапты. Терезені шаң мен аптап кірмес үшін сыртынан жауып қойғандықтан мұнда тастай қараңғы екен. Алғашқы сәтте мен қалай қарай қозғаларымды білместен, табалдырықты аттаған бойда бірнеше минут селтиіп тұрып қалдым. “Ол кісі қайда? Тіпті, дем алғаны да естілмейді ғой!”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25