Мазасыз күндер

— Жоқ-ә, дегенмен де, бір түрлі әбіржіп жүрген сияқты.

— Иә, қиын байғұсқа. Жалғыз ғой, — деді ол  аздап күрсініп.

— Оның үстіне, сіз мені министр деп таныстырыпсыз. Сізді өтірікші қылмайын деп ол кісіге өз қызметім жайлы тіс жарғаным жоқ. Олай деп таныстырмауыңызға да болатын еді ғой.

— Імм, солай деңіз. Ол алжыған кемпірге бұл жөнінде сөйлеуші болмаңыз деп мықтап тапсырсам да айтып қойған екен ғой.

— Ол байғұс менен сескенетін сияқты. Көп сөйлемейді, сөйлесе де сөз астарынан сақтық сезіліп тұрады. Сонан соң, үлкен адамның жорғалап жүруі тіпті қолайсыз екен.

Осы кезде машина бірден тормоз беріп, мен маңдайымды кабинаға ұрып ала жаздадым. Байқамай қалса керек, бала көтерген бір келіншек алдымыздан жүгіріп өтіп бара жатыр екен. Қалаға келгенімізді байқамай қалыппыз.

— Алаңдамай, абай болу керек қой, періште, — деді шофер жігіт тоңқ етіп. Әйел бізге жалт қарады да, қысылғаннан қызарып сала берген жүзін байқатпау үшін теріс айналып жүре берді.

— Әп-әсем келіншек екен-ау өзі. Әсте, күйеуіне көп еркелейтін болар, қалай ойлайсыздар? — деді тағы да шофер келіншек, кеткен жақтан көзін алған соң маған күлімсірей қарап.

Мен “мүмкін” деп жай ғана бас изедім.

– Кім ол? — Ешнәрсені аңғара алмай қалған Махамбеков сөзге араласты.

— Жай, бір әйел, машинаға қағылып кете жаздады. Осыдан соң екеуміздің әңгімеміз үзілді де, біз кеңсеге келіп түстік. Ертеңгі атқарылатын жұмыстың жоспарын қабылдап, инженерлерге тапсырма берілген соң, үйге беттедім.

Мен қақпадан кіре бергенімде көрші қақпаның да сарт етіп жабылғаны естілді. Солай қарай жалт қарадым. Ағаш бұтақтарының ар жағынан бала көтеріп бара жатқан бір әйелді көзім шалып қалды. Анық көре түсейінші деген ниетпен дуал жаққа жақындағанымда тез-тез жүріп бара жатқан әйелге көз тоқтаттым.

“Бұл қалайша? Әлгі, жолда кездесетін келіншек емес пе? Сонда оның енді жеткені ме? Әлде, бір жерде кідіріп қалды ма екен? Мүмкін, ол басқа әйел шығар”.

Бала көтерген әйел үй жанына қойылған қолжуғыштың ішінен кілтін алды да, құлыпқа салды. Есік ашып жатқанда, оның жүзі анық көрінгені соншалық өзімді байқап қалар ма екен деп қатты қысылдым. Бірақ ол мен жаққа назар аудармастан құлпын алды да есікті ашық тастап ішке кіріп кетті. Дәл соның өзі демек, кеше кешке маған тесіле қараған, әрі соншалықты қорқынышты болып көрінген әйел осы болды ғой.

Мен тұрған бөлмеде кемпір тысыр-тұсыр еткізіп әлденелерді реттеп жатыр екен. Кіріп келгенімде, қашанда сасқалақтап қалатын ол, бұл жолы да сол әдетінен танбай, мұрнының ұшындағы терін жеңімен сүртіп жіберіп:

— Міне, сізге жазу жазатын үстел әкеп… — деді күлімсіреп. — Бұрын керек болмаған соң шығарып қойып едім. Өзі де зілдей екен, жүдә.

–Шеше, — дедім оның сөзінің аяғын күтпестен. — Сіз мен үшін неге әбіржіп жүрсіз? Мұның бәрін өзім-ақ алатын едім ғой.

Кемпір таңдана қарады.

— Құдай-ау, сонда сіз үстел көтермекшісіз бе?!

— Көтерсе несі бар?

— Қойыңыз… Сіз көтеріп… ал мен не бітірем? Маған осылайша күйбеңдеп жүргеннің өзі де қызық емес пе, құлыным-ау. Осыны сізге көтертіп! Сіз оны көтеруді де білмейсіз ғой.

Мен еріксіз күліп жібердім.

— Жоқ, шеше, мен бәріне де үйренгенмін, бәрін істей аламын.

— Бәрін дейсіз бе? Бәрін болғанда қалай? Кәдімгідей. Бәрін. Стол қою, еден жуу, тамақ істеу, бала жұбату.

–Астапыралла! — деді кемпір жағасын ұстап. — Сіздерге ондай нәрсені істеу күнә ғой. Құдай бетін аулақ қылсын оның!

Кемпір қаншама таңданып, қаншама қарсы болғанымен сол күні кешкі асты әдейі мен дайындадым.

Мен керогаз жағып, май күйдіріп, иісін көңірсіте пияз бен ет қуырып жатқанымда, кемпір таңданып өзімен-өзі сөйлеумен болды.

“Құдай-ә, кешіре гөр, кешіре гөр мені”, — деген сөздерді қайталай берді.

ІI

Жұмысқа кетерде де, келерде де қорған ішіне көз тастап өту маған әдетке айналып кеткендігі сондай, “осы жолы қарамай-ақ өтейінші” деп бекінсем де, мойын бұрып қойғанымды өзім де байқамай қалатын болдым. Бірақ ол жақтан осы кезге шейін бірде-бір ер адамның көзіме түспеуі мені таңдандыра бастады. Аула ішінде сол баяғы көрініс. Үстінде қашанда алаша жабулы тұратын қақпаның оң жағына орналасқан тандыр, оның маңында күннен-күнге таусылып бара жатқан жуан қарағай, тозығы жеткен ағаш кереует.

Мен келгелі қорған ішіне енген жалғыз-ақ өзгеріс — соңғы күндері ол сәкінің үстінен қызыл ала көрпеше көрінбейтін болды. Әсте, сүмбіленің салқын түнінен қашып, олар далаға жатуды қойған болар.

Осы үй маған күн асқан сайын тылсым дүниенің ордасындай болып көріне берді. Оның ішінде не болып жатқанын және сол кішкене сахнада қандай драмалар ойналып жатқанын бір көруге ынтыға түстім.

Және де сол драмада босты роль атқарып жүрген анадағы жол-жөнекей “күйеуіне ерке болар” деп сырттай топшылаған әйелді анығырақ көргім келді. Тіпті, сәті түссе сөйлесу де артық болмас еді деп түйдім. Ақыры бір күні бүл тілегім де біршама орындалған тәрізді болды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25