Мазасыз күндер

«Міне, мәселе қайда!–дедім ішімнен. Кеше Махамбеков “бұл кемпір пәтерін бермес” деп қауіптеніп еді, енді мені министр деп алдаған екен ғой”.

Кемпірге әлдене деп айтуға оқтала беріп едім, бірақ ол тез-тез басып сыртқа шығып кетті.

Сонымен, менің бұрын-соңды таныс емес Арыс қаласындағы өмірім де басталып кетті. “Ташкент—Москва” жаңа сым жүйесінің Арыс — Түркістан аралығын тарту біздің үлесіміз болғандықтан кейде қаладан шығып кетіп, әрқашан да таза, тыныш пәтеріме кештетіп келуші едім.

Мен келгенде ылғи да үйде болатын кемпір сол баяғы қалпымен әлдене деп сөйлеп жүреді.

Көңілім көтерілген кей кештерде аулаға шығып өзіммен бірге ала келген ескілеу домбырамды дыңылдатып әндеткен боламын. Оның қоңыр үніне балқып, көзімді жұмып отырамын да, сонау алыстағы үй ішімді сағынамын. “Сенің командировкаңның бітетін күні бола ма, келсеңші” — деп Әлиса құлағыма сыбырлағандай болады.

Бір күні есік аддындағы ағаш кереуетте домбыра шертіп отырдым.

Ымырт үйіріліп қалса да, әлі жұлдыздар туа қоймаған шақ.

Мен тұрған үй өзбек салтымен салынғандықтан айнала кесек дуалмен қоршалып тасталған еді де, соны жалғастырып қабатына екінші үй орналасқан болатын. Өзім жаңа келгендіктен ол жақта қандай адамдар, кімдер тұрады — бейхабармын. Бір кезде домбырада ойнауды тоқтатып басымды жоғары көтергенімде, дуалдың ар жағынан өзіме әлдеқандай бір бейненің қарап тұрғанын сездім. Анықтап көре түспек боп, алға итініп тесіле қарағанымда, ағараңдаған әлгі тұлғаның әйел екенін аңғарып, өзімнің солай қарай назар аударғанымды байқатпау үшін басымды қайта түсіре қойдым.

“Ол қашаннан бері осылайша тұр екен? Неге қарайды бұл жаққа. Және де қандай қорқынышты өзі!”.

Аз ғана уақытқа үзіліп қалған домбыра үнін қайта баяулатып ешнәрсе сезбегендей ойнауымды жалғастыра бердім. Бірақ дуалдың ар жағынан қылтиып қарап тұрған әйел ойыма орала берді. “Мүмкін, ол әлі тұрған шығар, әлде, кетіп қалды ма екен?”

Басымды қайта көтеріп, екінші рет көз тастап тез түсіре қойғанымда, қарсы аддымда елестеп әлгі тұлға тағы тұрды.

“Құдай-ау, бұл әйелге не керек? Бөтен аулаға мұншалықты тапжылмай қарап тұрудың жарасымсыз екенін ол білмей ме екен?”

Енді мен домбырамды ойнасам да шатасып, кейбір жерінде еріксіз тоқталып қала бердім. Алыстан қараған көз найзадай қадалып, денемді шымырлатып барады. Неліктен екені белгісіз, ол жаққа тағы да бір қарағым келді. Егер ол сол орнында әлі тұрған болса: “Сізге не керек?” деп үн қатпақ болдым. Сол оймен басымды шапшаң көтеріп, әйел тұрған жаққа көз тастағанымда, ағараңдаған тұлға лып етіп көзден ғайып болды.

“Менің байқағанымды ол да сезген екен, — дедім ішімнен. — Ал егер мен қарамасам ше, сонда не болмақ? Осылайша бақылап тұра бермек пе еді?”

Осыдан соң мен “мынау үйде кімдер тұратын еді?” — деп сұрамақ боп, тез ішке кірдім. Бірақ болмашыға несіне елеңдеймін, күні ертең өзім-ақ біліп аламын ғой деген шешімге келіп жас балаша сұраққа жармаса кетуді жөн көрмедім. Ертеңіне Салиха шешейдің сүт қосып дайындаған күрең шайын асығыс ішіп болып, жұмысқа кетуге жиналдым.

Дәл менің орнымнан тұруымды аңдып келгендей қақпа алдынан машина сигналы да естілді. “Ә, міне, Махамбековтың шофері де кеп қалды” — дедім бешпетімді киіп жатып: — Мен бүгін базар жақпен жүретін шығармын, сізге ешнәрсенің қажеті жоқ па еді?

Кемпір “маған айтасың ба?” дегендей бетіме сұраулы пішінмен бірнеше секундтай қарап тұрды да: “Жоқ, қарағым, түктің де керегі жоқ. Әзірге үйде бәрі бар ғой”, — деді тез арада пиялаларды жинастыруға кірісіп. “Қалайша бұл кемпірге ештеңенің керегі жоқ”. Тіпті, мен бұл кісіге әлі бір тиын да төлегенім жоқ қой. Ал ол ылғи “керегі жоқ” деген бір сөзді қайталайды да, берген ақшамды алудан қашанда үзілді-кесілді бас тартады.

Мен бұл жөнінде жұмыстан келген соң ашық әңгімелесермін деп түйдім де, шыдамсыздана күтіп тұрған машинаға қарай жүре бастадым. Өзім осылайша асығыс болсам да, көрші қорғанға тақау жүріп, ішіне көз тастадым. Қыбыр еткен жан жоқ. Тек даладағы ағаш кереуеттің үстінде әлі жиылмаған шағын төсек жатыр. “Ә, бұлар әлі далаға жатады екен ғой” — деп түйдім ішімнен, мүмкін, онда әлде біреу жатқан шығар деген оймен қызыл ала көрпені тез шолып өтіп. Бірақ онда ешкімнің жоқ екеніне көзім жеткен соң, кабина ішінде будақтата темекі шегіп отырған таныс жігітке бас изеп сәлем бердім де, үнсіз кеп қасына отырдым.

–Махамбеков кабинетінде ме?

Бас киімін бір шекесіне қисайта киіп, манаурап отырған шофер стартерді ғыжылдатып жатып басын изеді.

— Демек, планерка өтіп кеткен екен ғой?

— Жоқ.

— Енді қалай?

— Сізге қарап отыр. Біз жүріп кеттік…

Жұмысқа қол ұрмай тұрып күнде таңертең өтетін жиырма шақты минуттық кеңесте сым тартуды сағат онға белгілеп, қабылданған уақытқа қаншама дәл шығамыз десек те “анау қалды, мынау жоқпен” едәуір кешігіп, түс ауа кірістік.

Үстіне екі тығыршық тиеп алған машина күн сәулесімен шағылысып, жалт-жұлт еткен мыс сымды баяу тарқатып ілгері жылжып барады. Он шақты бағанаға қатар-қатар қарғадай қонақтаған монтерлер қармақшамен әлгі сымдарды көтеріп алып, күні бұрын дайындалған ақ шыныларға отырғызып жатыр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25