Мазасыз күндер

— Шүкір, шүкір, “Менің амандығымды сұрайтын халде ме едің, байғұс кемпір, байғұс ана», — дедім ішімнен тебіреніп. Мәрия туралы сұраған жоқпын. Оны еске түсіріп, кемпірдің көзіндегі жас көп көңіліндегі қайғы тоғанын ағытып алармын деп қауіптендім. Бірақ ол жөнінде сөзді өзі бастады. — Кетті ғой ол ақыры, шырағым, — деді ол күрсіне сейлеп. — Осылай боларын біліп едім-ау, сорлы басым. Білгенде қолдан не келер. Іш қазандай қайнайды-ау, бірақ күресерге дәрмен жоқ.

Оны қайтіп ұстап отырмақпын. Барсын, бақытын тапсын. Сонда да қиын екен. Жылайсың, жылаумен не тындырады бұ пенде.

Ол ауыр күрсініп, жүкаяқ астында жатқан насыбай шақшасын алды. Оның түбін алақанына үйреншікті тәсілмен бір-екі соқты, бірақ атпады. Қайтадан сөйледі.

–Көзге көрінген соң қимайды екенсің, әйтеуір. Ана немеремді… айтамын. Есіме түссе жер боп кетемін. Жалғызымның көзі еді, ол да кетті…

Кемпір көзіне тағы да жас алды. Мен оның сөзін үнсіз тыңдап отырдым. Бірақ Мәрия көз алдымнан бір кетпеді. “Қызы қандай еді, өзінен айнымайтын әдемі еді-ау, — дедім іштей. — Ол мені ойлап бара жатыр ма екен?”

— Айтпақшы, сол Мәрия, сізге бір нәрсе беріп жатыр еді-ау. Сонан соң, бағана кешкілік, почташы қатын бір қағаз әкеп берген, — деді кемпір баяу үнмен.

— Мәрия? Маған ба? — дедім өзімді өзім ұстай алмай орнымнан атып тұрып.

— Иә, сізге. Не жазғанын қайдам. – Сонан соң ол орнынан ауыр көтеріліп, менің бөлмеме қарай кетті. Бұл үйде жалғыз қалып күтіп тұруға шыдамым жетпей, мен де кемпірдің соңынан ердім. Жүрегім тайдай тулап көмейіме тығылып келе жатыр. “Не жазды екен, не жазды екен ол маған!” Саусақтарым лездің арасында тершіп кетті.

Кемпір қабырғадағы айнаның артынан екі қағазды суырып алып, маған берді.

— Міне, мынау ғой? Ортасынан бір бүктелген қағазды қолыма ала салып, құныға оқи бастадым. Екі-ақ ауыз сөз жазылыпты. “Менің алдымда мойындауға ұялдыңыз, бірақ, сіз мені жақсы көресіз. Мен де сізді ұнатамын. Бірақ жолымыз бөлек. Кеш кездестік. Енді қош болыңыз”.

Қолым қалтырап, тынысым бітіп қалғандай болды. Көз алдымдағы дүние төңкеріліп, асты-үстіне түсіп бара жатыр. Екінші қағаз сусып, жерге түсті.

“Міне, міне жаңалық! Ол менің өзін жақсы көретінімді біледі. Қандай аңқаумын, қандай аңқаумын мен! Әнеукүні өзіммен әңгімелесіп отырғанда, “бүгін бәрін де айтуым керек, екінші рет кездеспеуіміз де мүмкін” деп еді-ау. Ал мен соны да байқамадым. “Бірақ, сіз мені жақсы көресіз”. Қандай ақылды еді, кісі жанын қандай ұққыш еді ол.

— Шырағым-ау, не депті ол? Сізге не болды, қуарып барасыз ғой, — деген кемпірдің үрейлі үнінен селт етіп, есімді жидым.

— Жо-жо, ешнәрсе де емес. Тек… бұл жаққа қайтып келмеймін депті.

— Келмейді ғой ол. Кеткен адам келуші ме еді. Ал анау не қағаз?

Мен жерден көтеріп екіншісін қолыма алдым. Телеграмма!

“Сіздің тілегіңіз қанағаттандырылды.

Байланыс әкімшілігі”.

“Құдай-ау, бұл не?” Ә, иә, иә, кеше өзім он күн сұраған екенмін ғой. Маған, мұның енді ешқандай қажеті жоқ. Бүгін жүруге де дайынмын.

— Ім, ол не екен?

— Жұмыс істейтін жерімнен, шеше. «Қайт» депті. Менің де кететінімді естіп, кемпір тағы жылады. Ол маған тіпті бауыр басып кеткен еді. Дәл туған анамдай ебіл-дебіл жылап жүріп шығарып салды. Махамбеков менімен қоштасуға келіпті. Поезға отырарымда ол менің қолымды қайта-қайта қыса берді. –Шынында мен оны жақсы көреді екенмін ғой, оны байқамаппын.

Маған қиын болады-ау, — деді ол ауыр күрсініп. — Қызым жат боп кетіпті, тез үйрене қоймаспыз. Мүмкін, өмірді басынан қайта бастармын.

— Үйленбекшісіз ғой?

— Иә. Солай етермін. Жас кезімізде албырт болдық. Мүмкін бәрі де соның нәтижесі шығар. Ендігі өмір мүлде, мүлде басқаша-а!

Мен үндемедім… Поезд қозғала бастады.

— Мініңіз, мініңіз. Сөз жоқ, хат жазып тұрыңыз. Есіттіңіз… тіфу, осы “сіз” деген! Есіттің бе, хат жазып тұр. Мен жазамын. Бірақ маған ренжіме. Менде де кінә жоқ қой.

Ол менің қолымды босатқысы келмей, поезбен қабаттасып жүгіріп келеді. Басындағы шляпасы да түсіп қалды, оған қарайтын емес.

— Жазамын, сөз жоқ жазамын. Сау болыңыз! — Мен оның қолын қатты қыстым. Оның жүзіне қимастықпен күлімсірей қарағанымда, көзінде төңіректеген жасты көріп қалдым. Ол да мені жақсы көреді екен-ау?

Біраздан соң буалдыр сағымға араласып, сүйікті Арыс та көзден тасаланды.

 

 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25