Мазасыз күндер

Мен Махамбековты үнсіз тыңдадым. Оның ақырын сөйлегеніне төзімім жетпей, тез-тез, бәрін-бәрін бір-ақ минутта айтып шықса екен деп тілеп отырдым.

— Мен Мәрияға ризамын, — деді ол сөзін жалғап. — Мен туралы сізге ақтарып салатын шығар деп жерге кіріп кетердей болып тұр едім, бірақ ләм деген жоқ.

— Сонда, сіз Мәрияны сүйесіз бе?

— Қызғанамын. «Сүйемін» деп жар салып қайтейін. Қызғанудың өзі осыған байланысты ма әлде?

Қарсы алдымда қайғысын айтып, тебіреніп жатқан осы бір адам менен Мәрияны тартып алатындай, тіпті әлдеқашан тартып алып қойғандай көрдім. Мәрияны енді одан өзім қызғана бастадым. Мәрияға деген нәзік сезімнің ешқайсысы менікінен аспас, ол әйелді еркелете білетін мына дүниеде жалғыз адам бар, ол мен шығармын деп жүргенде, оны менен де артық еркелете алатын, менен де артық сыйлай алатын адам табылды. Мен сондықтан қызғандым. Оны менен артық ешкім түсінбес, менен артық ешкім сыйламас деп жүргенде, менен да артық түсінетін, менен де артық сыйлайтын адам табылды. Мен сондықтан қызғандым.

–Бірақ қазір менімен сіздің еш айырмашылығымыз жоқ. Мүмкін ол сізді артық бағалаған шығар, мүмкін мені, – деді біраздан соң Махамбеков күрсіне сөйлеп.

— Сонда сіз не айтпақсыз?

— Ол кетіп қалды.

— Кетіп қалды!? Қайда?!

Ол үндемеді.

— Қайда, қайда кетті деймін?!

Алысқа, төркініне.

Оқ тиген лашындай сылқ ете түстім. Бітті, бәрі де бітті!..

Орнымнан қалай тұрғанымды білмеймін, апыл-ғұпыл киіне бастадым.

Бәтеңкемнің бауын байлауды да ұмытып, жеңіл плащымның жеңін сұғына салдым да есікке жармастым.

— Япыр-ау,.. сіз… қайда бармақсыз? Бәрібір үлгірмейсіз ғой, — деді Махамбеков менің қимылыма таңдана, жастықтан басын көтеріп алып.

Оның сөзіне көңіл де бөлген жоқпын, тез-тез басып далаға шықтым.

Күздің салқын ауасы бетке бірден ұрып, қойын-қолтығымды аралап өтті. Салқын лептен денем тоңазып, алғашқы қалпыма аздап келгендей болдым.

Аспандағы жапырлаған сансыз жұлдыздар менің бұл бос әрекеттерімді келеке етіп күлгендей жымың-жымың етеді. Мен қанша асыққанмен, тіпті, қалаға дәл осы секундта жеткенмен Мәрияны енді қайтып көре алмайтындығым анық еді. Әйтсе де, белгісіз бір күш мені сол жаққа қарай еріксіз сүйрелей берді. “Қалаға, тез… тез” деп өзім емес, әлдеқалай біреу айтып тұрғандай, құлағыма анық естіледі.

Жердің ой-шұқырына да қарамастан машинаны сілкілеп, қалаға қарай ағызып келемін. Бұрын бір жарым сағаттай жүретін жолды бүгін бір сағатта жүріп өттім.

Вокзалға қарай бұрылғым келді. “Жоқ. Әрине, онда жоқ. Енді қайда? Ауруханаға. Мүмкін, сонда шығар”. Мен солай қарай бұрылдым. Бірнеше метр жүрген соң “қалай, егер ол вокзалда жоқ болса, ауруханада қайтіп болмақ. Есім дұрыс па менің?!” — деген сұрақ тұтасқан ойымның арасынан жалт ете қалды да, сол секундта-ақ машинаны кері бұрдым.

“Үйге, тура үйге, — дедім күбірлеп. — Ол маған бір нәрсе жазып қалдыруға тиіс”.

Машинаның жүрісіне қанағаттанбаймын. Тіпті, кібіртіктеп келе жатқан сияқты. Түннің көп мезгілі өтіп кеткендіктен бе, көшеде жүргіншілер сирек… Таныс қақпа алдына келіп тоқтай қалдым. Машинадан домалай түсіп, үйге жүгірдім.

Қандай шаршағанмын. Аяғымда әл жоқ сияқты. Тәлтіректей басып есікке жақындадым. Тартып қалдым. Ашық! “Бұ кісі неге есікті ілмеген? Әлде, ояу ма?”

— Шеше! — дедім дірілдеген дауыспен. Ешкім жауап бермеді. Адам жанын үрейге бөлердей, меңіреу тыныштық. Өз жүрегімнің дүрс-дүрс соққанын есітемін. Құлағымдағы белгісіз шуылдар үнсіз тұрған сайын күшейіп бара жатқан тәрізді. Сіріңке жақпақ болып барлық қалтамды тінтіп шықтым. Ештеңе табылмады. Сипалап жүріп, сөндіргішті таптым да, шам жақтым. Үй ішіндегі заттардың бәрі де орын-орнында. Бір кезде оң жақтағы бөлмеден әлдекімнің жылаған дауысын естігендей болдым. Елең етіп құлағымды тостым. Әлгі дауыс тағы естілді.

“Сол. Иә, жылап жатыр, — деп түйдім ішімнен. — Енді не істеймін?”

Кемпірдің қайғысын қақ бөліп, оны жұбатудың қаншалықты қиын екенін мен жақсы білдім. Тіпті, бұл арадан қазір-ақ кетіп қалғым келді.

Бірақ ішке қарай еріксіз қозғала бердім.

Ол төр алдында ескі кереуетте шүйкедей боп жатыр екен! Басындағы жаулығы түсіп, шашы бұрқырап кетіпті.

— Шеше, а… шеше! — дедім оның жанына келіп.

Сол кезде ол басын көтеріп маған қарады да, орнынан үнсіз көтерілді. Тұрып келе жатқанда қаусап түсетіндей-ақ, буын-буыны сытыр-сытыр ете қалады. Жасқа толы еті қашқан жанарын маған қадай түсіп, кемсеңдеп біраз тұрды да, “Уһ” — деп иығыма өзін-өзі тастап жіберді.

— Кетті ғой ол, қарағым-ау, кетті ғой!.. –Бар айтатын сөзі осы.

Мен оны құшақтап ұзақ тұрдым. Көңілін бөліп жұбатқаным да жоқ. Аузыма ешқандай сөз түспей қойды. Екі өкпемді қолыма алып, осы жерге есі ауысқан адамдай әрең жетсем де, кемпірдің мына халін көріп, бәрін ұмытқандай болдым.

Кемпірдің ыстық демі кеудемді күйдіріп бара жатыр…

Ақыры ол жылағанын қойды. Жастық астында қалған жаулыған алып, басына тартты да, мұрны мен көзін қайта-қайта сүртіп, көрпешеге отырды.

— Амансың ба әйтеуір, қалқам! — деді ол бұрынғыдай емес “сенге” көшіп.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25