Мазасыз күндер

“Сізге не болды?” — деп Махамбековтен қанша сұрағым келсе де, ойымды сыртқа шығара алмадым. Ақыры ол жатуға кірісті…

Кеше түнде ұйықтамасам да, менің тағы кірпігім айқасар емес. Көрші ауылдардан әтештер шақыра бастады.

— Мәке, сіз ертең жүресіз бе? — деді бір кезде Махамбеков. “Қалай, сонда, ол менің ұйықтамағанымды біліп жатқаны ма?”

Не деп жауап қатарымды білмедім.

— Сіз ұйықтап қалғансыз ба?

— Жоқ.

— Ертең жүресіз ғой?

— Иә.

— Онда мені… кешіріңіз.

— Не үшін?

— Сіз мені жек көрдіңіз, жағымпаз деп ойлаған да шығарсыз…

— Сіз… сіз не деп жатырсыз? — дедім басымды көтеріп алып. — Мен олай деп ешқашан ойлаған емеспін.

— Өмір туралы ойланбайды деген де боларсыз, — деді ол сөзімді мүлдем естімегендей. Олай көрінуіме де себеп болды. Сіз ана кемпір жөнінде көп әңгіме қозғаушы едіңіз ғой.

— Несі бар?

— Енді неге қозғамайсыз?

Мен не дерімді білмей қалдым.

“Иә, мен ол жөнінде ұмытып та кетіппін ғой, қалайша? Қалайша мен оны да ұмытқанмын!”

Махамбековтың сөзі маған найзадай қадалды. Ол қазір маған тура қарап жатқан шығар. Бетім шымырлап, әлдене жорғалап өткендей тұла бойым дір ете түсті.

— Сіз ол жөнінде ұмытып кеткенсіз ғой? — деді Махамбеков ойымды тап басып.

— Жоқ.

— Әрине солай. Ұмытқансыз. Кезінде дәл сіз сияқты мен де ұмытқанмын. Сонда да болса мен сізден де, кемпірден де кешірім сұраймын. Өйткені, мен сізді үлкен кісі деп кемпірге өтірік айттым. Әрине “неге” дерсіз, — деді ол тоқталмастан. Себебі, мен сіздің ол үйде қалуыңызға қарсы болдым.

— Қарсы болдым дейсіз бе?

— Иә, қарсы болдым. Солай десем кемпір үйін қорашсынып, сізге бермес, ұялғандықтан жібермес деп едім. Бірақ, сізді жіберді, оның үстіне екеуіңіз дос боп кеттіңіздер. Тағы бір…

— Япыр-ау, сізге бұл не үшін қажет болды және де басқа үйге орналасуды ұсынсаңыз, мен қарсы болмас едім ғой.

–Бас инженер сізге осы үйді ұсынған кезде мен үнсіз қалған болатынмын, есіңізде ме?

Махамбековтың сол сөз үстінде үнсіз қалып, ақырын ғана астыңғы ернін тістегенін көзіме елестетіп өттім.

— Иә, есімде.

— Міне, солай. Бірақ ол сізді сүйрегендей ертіп барған жоқ па? Және қарсыласа бергім келмеді. Сізді онда қалдырмауға әлсіз болдым. Үлкен кісі деп тапқан айлам баланың ойыншығы болып шықты. Рас-ау, күлкілі екен ғой, «іһім» — деді ол, өзін-өзі келеке еткендей мырс етіп, — Сонымен, сіз кемпір жайлы ұмыттым дейсіз?

Мен сізге олай деген жоқпын ғой. Неге, оны есіме аламын.

– Е, “баяғыда бір танысым бар еді” деген сияқты ма? Олай деп мен де ойланамын. Бірақ сізді мен айыптағалы отырған жоқпын. Шыныңызды айтыңызшы, бұл жөнінде әңгімелеуді не себепті қойып кеттіңіз?

Мен үнсіз жата бердім.

— Сіз бұл жөнінде не себепті ұмытсаңыз, мен де солай.

— Бірақ…

— Бірақ сіз «Мәрияны мен сияқты сүйген жоқсыз ғой», — демекшісіз бе?Денеме әлдекім от басып алғандай орнымнан ыршып тұрдым. Жүрегім дүрсілдей жөнелді.

— Сіз… Қалайша?..

— Абдырамаңыз. Мен бәрін де білемін.Сіз Мәриямен жиі кездесіп тұрдыңыз ғой. Иә, тұрдыңыз. Мен оны да білемін. Және өткен жолы соңғы рет кездестіңіз. Оны өте жақсы білемін. Ал, бірақ сіз, менімен бір купеде жатқан сіз, мына мені білген жоқсыз. Мендегі өзгерістерге назар да аудармадыңыз. Сіздер иық түйістіріп кетіп бара жатқандарыңызда, тамақ ішіп отырғандарыңызда, өздеріңізден үш-төрт-ақ адым алыс жерде басқа бір жанның қызғаныштан жарылып кете жаздап, өлуге аз-ақ қалып тұрғанын байқамадыңыздар. Әсіресе, ол жылаған кезде, менің жүрегім тоқтап қалғандай болды. Сіз үнсіз отыра бердіңіз. Егер мен болсам оны жұбатар едім, сипар едім шашынан. Ұят қой дейсіз бе? Ондай жерде маған ұят атаулының керегі болмас еді.

Менің шыдамым шегіне жетіп, денем қалшылдап кетті.

— Сіздің қалай дәтіңіз барады оған! — дедім қатты дауыстап.

— Жоқ, сіз ашуланбаңыз. Егер мен мұның бәрін айтпасам, сіз білмеген болар едіңіз ғой. Қазір, екеумізге де бәрібір жағдайда ақтарып салғым келіп отыр.

— Қандай “бәрібір” жағдайда?

— Асықпасаңыз, оны да есітесіз. Бірақ сіздердің әңгімелеріңізден мен қауіптенетін ештеңе байқала қойған жоқ, — деді ол сөзін әрмен қарай жалғастырып. –Сонда да мен қызғандым. Онымен қатарласып, сіздің орныңызда мен кетіп бара жатсам екен деп армандадым да. Ол арманым бәрібір орындалмас еді. Бұдан бірнеше ай бұрын мен Мәрияны ұнататынымды айтқанмын. Сол кезде кемпірмен араздасып кетті. Ол үйге сонан соң бармайтын болдым. Тағы да, Мәрия маған қарсы болды. Тілегімнің бәрі жерде қалды. Әйтсе де, мен оны жұрттың бәрінен қызғанамын.

Анада сіз осы жаққа орналасамын дегенде, сондықтан қарсы болып едім. Мәриямен кей-кейде кездесіп тұруыма сіз кесір келтіретін болдыңыз. Оның үстіне жаңа танысқан сіздің алдыңызда бозбалаша көрші үйде қылтыңдап жүруді қолайсыз көрдім. «Онымен аса көп таныс емеспін» деп сізді бір кезде алдадым да. Онымды кешіріңіз. “Мәрияны жақсы білемін, онымен сырласқаным да бар” деп қайтіп айтпақпын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25