Мазасыз күндер

“Жо-жоқ. Мен ештеңе де істемеймін. Ештеңе де! Қандай бұрылысқа толы еді өмір деген! Біреу біреуді сүйсе, екіншісі оны лақтырып тастайды. Енді бірі қолындағысын суға тастап, соңынан оған зар болады. Ал мен ше? Мәрия ше? Әлиса ше? Махамбеков ше? Неткен қиын! Жо-жоқ. Ойламаймын, ойламаймын ол жөнінде. Міне, түк те ойламаймын. Қазір тез жұмысшылардың арасына жетуім керек”.

Салқын ауаны дүрілдетіп, машина заулап келеді. Анда-санда жол жиегінен шыға келген қосаяқтар жандәрмені қалмай секектеп қаша жөнеледі…

Мен вагонға келіп кіргенімде жұмысшылардың бәрі тыныш ұйқыда жатыр еді. Оларды оятып алмайын деп, аяғымның ұшынан басып, ішке кірдім де, өз орныма шешінбестен жата кеттім.

Көзімді қанша жұмсам да ұйқым келмей қойды.

Өлі тыныштық. Вагондағы адамдар бір жаққа тегіс көшіп кеткен тәрізді. “Менің бұл жерге келгеніме де жиырма жеті күн, — дедім іштей күбірлеп. — Қаншалықты тез өткен және… қаншалықты ұзақ. Тіпті, бір жыл болған сияқты”. Кенеттен менің басыма жаңа бір ой жарқ етіп, ол ойымнан өзім шошып кеттім. Жастығым өртенгендей басымды жұлып алып, көтеріле бергенімде, өз салмағымды көтере алмаған қолдарымның дірілдеп бара жатқанын сездім.

“Сонда… мен бүрсігүні… Құдай-ау, бүрсігүні қайтуға тиістімін бе? Қалайша… тез! Кемпірмен, Махамбековпен, ең соңында… Мәриямен біржола қоштасуым керек. Бір жолата! Бәлкім, мен оларды енді өмір бақи көрмеспін. Олар туралы ештеңе естімеспін де. Бүрсігүні сым тарту бітеді. Сол сияқты, менің Мәриямен арақатынасым да үзіледі. Сонан соң мен кетемін. Сонау Алматыға кетемін. Мен жөнінде ол, ол жөнінде мен естімеймін.

Мүмкін, мен туралы ол ойламас!”

“Жо-жо, мен кетпеймін, қаламын. Ең болмаса он күн. Сонан соң ар жағын… Тіпті болмаса, он күн. Оған шейін Мәрияның қызы жазылар. Мына күйінде оны тастап кетуге… Жо-жо, ол болмайды, кетпеуім керек, ол мейірімсіздік! Қазір, дәл қазір қайтадан қалаға, почтаға тартуым керек. Алматыға телеграмма беремін. Он күн сұраймын. Он-ақ күн. Ол тілегімді қабылдайтын шығар. Қазір тез!” Мен сағатыма қарадым. Таңғы төрт жарым. Орнымнан атып тұрып, жылдам-жылдам Киіне бастадым. “Ал, Әлиса ше, олар да сарыла күтіп отыр ғой”. “Ештеңе етпейді. Оған да он күннен соң барамын деп телеграмма саламын”.

Мен вагонды селкілдетіп жібермес үшін аяғымнын ұшымен басып сыртқа шықтым…

Алматыға телеграмма беріп қайта келгенімде, таң атып, ай-жай болып қалған еді.

Бірақ менің келгенімді де, кеткенімді де вагондағылардың ешқайсысы білген жоқ. Олардың бәрі де сол баяғы мен келгендегідей тәтті ұйқыда қимылсыз жатыр…

Махамбеков сол күні кешке оралды. Оның қабағы бұрынғыдан да тұнжыр, тіпті, түтігіп кеткен сияқты. Өйтіп-бүйтіп хал-жайын сұрағандарға ләм деп тіл қатпаған соң, мен де оның мазасын алғым келмеді.

Әрі, “бұларға айтпасаң, маған айтарсың, олар олар да, мен менмін ғой” деген сияқты болмайын деп, Захаровпен ойнап отырған шахматымды жалғастыра бердім.

Махамбеков байыз тауып купесінде отыра алмай, ұзынша коридорда ерсілі-қарсылы жүр.

Кей кезде дәл біз отырған жерге келеді де, тық-тық басып, кері қайтады.

Оның аяғының осы тықылынан назарымды алмай, мен үнсіз отырмын. Ол тықылдар өз иесінің ішкі дүниесіндегі аласапыран өзгерісті минут сайын маған жеткізіп тұрғандай еді.

— О, сіз көп ойлана бермеңіз. Мен ұтылсам да ойланбаймын ғой осы, — деп қояды Захаров анда-санда. Жүріп қоямын да, әлгі дыбыстардың тағы да қандай жаңалықты жар салып тұрғанын зерттей түспек болғандай сыртқа құлақ тосамын.

“Тық-тық, тық-тық”. Кейде алыстай түседі, кейде жақындайды. “Мүмкін, ол қызымен келіспей қалған шығар, –деп ойладым. — Немесе, мұншалықты күйінетін оған басқа қандай жағдай бар? Әлде, әйелі жөнінде ойлана ма екен”.

Бір кезде Захаров орнынан айқайлай көтерілді. Оның қатты айқайлағаны сонша, мен селк ете түстім. — Міне, міне, сіз ұтылдыңыз. Аха-аха-ха! Ұтылдыңыз! Көп ойлағаннан пайда жоқ. Сізді де ұттым-ау бір. Петя, жазып қой. Мен бүгін Дербісәлин жолдастан екі ұпай алдым!

Біз, вагон бойынша жарыс өткізіп жатқан едік. Оған Махамбековтан басқамыз түгел қатысқан болатынбыз. Мен тақтаға үңіле қарасам, шынында да ұтылып қалыппын.

Япыр-ай, мына атты былай жүргеніңіз-ай. Онда, мен ұтылатын едім. Байқамаса екен деп-ақ отырдым. Байқамадыңыз.

Ол бүгінгі ұтысы жөнінде вагонда қанша адам болса бәріне де түп-түгел айтып шықты. Мен есіктен шығып бара жатқанда да ол сөйлеп жатты. “Байқамаса екен деп-ақ едім, байқамады. Атты жүрудің орнына қайдағы бір пешкасын қозғады. Шах дедім…”

Мен есікті жауып, купеге қарай жүрдім. Махамбеков онда жоқ екен. Түннің біраз мезгілі болған соң шешініп, жатуға кірістім.

Мен төсекке қисайып, қолымдағы кітаптың жиырма шақты бетін аударғанша Махамбеков кірмеді. “Иә, оған да оңай емес! Ол қандай салмақты. Осы кезге шейін маған өз семьясы жөнінде тіс жарған жоқ. Ал мен болсам… Мен болсам әлдеқашан ақтарып салар едім.

Бір жағынан бұл да дұрыс сияқты. Арқаңдағы жүгіңді жерге қойғандай көңілденіп, тынысың біршама кеңіп қалады ғой”.

Осы ойымды аяқтар-аяқтамастан вагон селк-селк етіп сыртқы басқыштан біреудің көтерілгені сезілді. Мен кітабымды бас жағыма қойып, оның ой толғауына кесір келтірмейін дедім де, шамды сөндіріп ұйықтаған кісідей үнсіз қалдым. Бір минуттан соң Махамбеков кіріп келді. Есік ашылган кезде Захаровтың: “Байқамаса екен деп-ақ отыр едім, байқамады…» — деген баяғы сөздері естіліп қалды. Махамбеков купе ішінде бірнеше минут үнсіз селтиіп тұрғаннан кейін ақырын бір күрсініп отыра кетті. Ол осылайша көп отырды. Біраздан соң жұмысшылардың да шуы басылып, тыныштала қалысты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25