Мазасыз күндер

Махамбековтың қарындасы мен өзі қуаныштары қойындарына сыймай, елпелектеп ұшып жүр… Бір сағаттай отырған соң, мен орнымнан тұрып, үй-ішіндегілермен қоштаса бастадым.

— Сау бол, бақытты бол, қарындасым, — дедім қызға қолымды беріп. Ол нәзік саусақтарын маған жасқана ұсынды. Оның осы қимылынан-ақ, қалыптасып келе жатқан ересек қыздарға тән қасиетті аңғаруға болатын еді.

Мен далаға шыққанда, Махамбеков те қосыла шықты.

— Сіз қазір жүресіз бе?

— Иә.

— Онда мен де жиналайын.

— Сіз бе? Қазір кетпекшімісіз?

— Енді қалай? Ертең жұмыс…

–Түуһ, қойыңызшы соны. Қызыңыз кеше ғана келді, сіз оны тастап кетпекшісіз. Ол әлі сізді әке ретінде танып та болған жоқ қой. Қалыңыз. Үйренсін. Жұмысқа бір-екі күннен кейін-ақ барасыз. Мен бармын ғой, әлде маған сенбейсіз бе?

–Жо-жо. Неге сенбейін. Жарайды, онда сау болыңыз. Мен ертең барармын.

Мен пәтерге келгенімде кемпір ұйықтап жатыр екен.

Есікті біраз қаққаннан кейін “бұл кім?” деп айқайлады. да, “ашыңыз, бұл мен” деген соң даусымнан тани кетіп, тез-тез жүріп кеп есікті ашты.

— Аман-есен жүрсіз бе? Құдай жар болғыр. Сізді келмей кеткенге қорқып жүр едім. — Шешініңіз. Мен қазір…

Ол тамақ қамына кірісе бастады.

— Жоқ, әуре болмаңыз шеше. Маған ештеңенің керегі жоқ. Тек, сіздің амандығыңызды біле кетуге соғып едім.

— Көсегеңіз көгерсін, шырағым, кәрілерге осының өзі бір мәртебе ғой. Ойбай-ау, шешінсеңізші. Тым болмаса айран ішіңіз. Қазір жүрмекпісіз?

— Иә, қазір жүремін. Айраныңыз болса бір кесе бере қойыңыз. Ол айран әкелуге ішкі үйге кіріп кетті. Мен кемпір салып қойған төсектің шетіне барып отырдым.

— Міне, салқын, әдемі екен. Бәрін сіміріп тастаңыз, — деді ол бір тостақ айран ұсынып. Оның көңілі үшін мен бәрін де сіміріп салдым.

— Тамаша екен! Ал, сау болыңыз. Мен кешігіп қалдым, жүрейін.

— Қош. Құдай жар болсын. — Айтпақшы… тоқтай тұрыңыз… Сізге бір хат келген еді. Кімнен екенін қайдам? — деді ол енді шыға бергенімде.

— Маған ба?

— Иә.

— Қайда?

— Міне, міне… Қазір әкеп бере қояйын. Бағаналы бері бермей. Апасу миды қойсайшы бұл.

Кемпір менің бөлмеме кіріп, іште түртінектеп біраз жүрді. Бір-екі минут өткен соң қайта шығып, қолыма көкшіл конвертті ұсына берді.

— Міне, екі күн болды келгеніне.

Сыртындағы жазуынан тани кеттім. Әлисаның хаты! Оған хат жазу менің есімнен шығып та кетіпті ғой. “Құдай-ау, мен ол жөнінде қалайша ұмытып кеткенмін, келген күні бір-ақ рет жазыппын. Сонан соң ше?..” Мен конвертті асығыс аша бастадым.

“Қымбатты Мәкәрім! — деп бастапты ол ірі-ірі жазулармен. — Тым-тырыс болып кеткенің қалай бұл? Біздің бұл жақта сені ойлап жанымыздың тынбай отырысы мынау. Анау Мұратың болса, “Папам қашан келеді?” деп құлағымның құрт етін жейді. Қазір, кітап әпер, ендігі жылы оқуға барамын деп қойсашы бір. Өзің ауырып қалғаннан саусың ба? Сенен хат келеді деп күте-күте, ақыры болмаған соң осы хатты жазып отырмын. Әні, анау Ақан ұйықтап жатыр. Жылап-жылап ақыры ұйықтады. Өзінен де бәле бар. Жаңа арпалысып жүріп екі кесені сындырып қойды. Сонан соң шапалақпен салып қалып едім, жыла-ай келіп, жыла. Сен оның мінезін білесің ғой, “папама айтам, папам келсін” деп былдырлайды.

Кеше Ермекбай келіп, анадағы алған ақшасын беріп кетті. Уайым қылмай-ақ қой, сен келгенше біз тарықпаймыз”.

Осы жерден әрі қарай хат қаламмен жазылыпты.

“Мына қарашы. Сенің қаламсабыңмен жазып отыр едім, сиясы бітіп қалды. Сонан соң, қаламмен жазып отырмын. Ештеңе етпес, сен күйеуімсің ғой, күлмейсің. Басқа не айтам. Мерзімің бітсе, кешікпей кел.

Сағынышпен: Мұрат, Ақан, Әлиса”.

“Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, — деп қосыпты ол хаттың ең соңында. — Келетін поезыңды айтып, шыққан күні телеграмма сал. Біз күтіп аламыз”.

Мен хатты оқып болып бір күрсіндім. Сонда барып өзімнің әйелім, балам бар екенін, олар мені ойлап тынышсызданатынын, сағынатынын, арқа сүйейтінін сезіндім.

— Кімнен екен, тыныш па, әйтеуір, — деді кемпір ойымды тұтқиыддан бөліп.

— Иә, иә. Тыныш. Әйелімнен ғой.

— Ие, байғұс, уайымдап жатқан ғой, қайтсін. Аман болса болыпты, әйтеуір.

Мен кемпірмен қош айтысып, сыртқа шықтым.

“Ие, менің де өз әйелім, өз шаңырағым, өз қызығым бар, — дедім машинамен ен далада заулатып келе жатып. — Олар мен жөнінде ойлайды, тынымсызданады, жолымды сарыла күтеді. Ал мен ше? Мен оларды осы кезге шейін қалай ойламағанмын? Не үшін?”

Соңғы сұраққа тірелгенімде әлденеден денем тітіркеніп кеткендей болды. Көз алдыма Мәрия елестей кетті.

“Бәрі де сол үшін бе? “Жердегі жылтырақты алтын екен деп, қолыңдағы күмісті суға лақтырма”.

“Түуһ, бұл сөз менің ойыма қайдан оралып отыр. Мен бұған бара қойған жоқпын ғой. Сонан соң… Сонан соң Мәрия құр жылтырақ қана ма екен? Ол – таза алтын ғой, оның жаны –бұлақ суындай таза, бұлақ суындай мөлдір? Солай-ақ болсын. Сонда сен не істемексің?”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25