Мазасыз күндер

— Қалай, Мәрияш, қорыққан жоқсың ба?

— Жоқ, маған қайта жақсы болды.

— Ә, әрине, мынадай табиғатқа еліктемеске бола ма екен, шіркін!

Ол сақылдап күліп жіберіп, мені құшақтай алды. Қанша бұлқынғаныма да қарамастан білегімнен, бетімнен сүйе берді. Оның қолын серпіп тастауға шамам жетпеді.

Сонымен сол жерде… қалың шөптің арасында…

Мәрия ар жағын айта алмай жылап жіберді. Мен оны көз жасын көріп шошып кеттім.

— Мәрия, сізге не болды? Қойыңызшы, жыламаңызшы — дедім орнымнан қалай тұрып кеткенімді өзім де сезбей.

— Жо-жоқ. Жыламаймын ғой. Несіне жылайын. — Ол беторамалымен жасын сүртіп, біраз үнсіз отырды.

— Сонан соң, — деді ол кенет тағы да. — Сонан соң бәрі де түсінікті болар. Мен оның әйелі болдым. Алғашқыда ол: “Бұл жерден кетеміз, күте тұр. Барған жерде өйтіп-бүйтіп жайғасып алғанша ақша керек қой. Біраз қаржы жинап алайық” деген соң амалсыз шыдап жүрдім. Далаға шықсам, енем қарсы жолыға кететіндей болады да тұрады. Қамалып, үйден шықпай қойдым. Оны аяғандығымнан кей-кейде егіліп жылап та аламын. Бірақ жылағаннан не өнеді, болар іс болды ғой.

Мен Сейткерейге қосылғанда Зәрипа жоқ болатын. Бір күні үйде жалғыз жатыр едім, ішім жыбыр ете қалғандай болды. Алғашында оған көңіл бөлген жоқпын. Ертеңіне тағы да сөйтті. Тіпті, күн сайын ол жиілей берді.

Ерлі-зайыпты болып тұрған соң арадағы құпия қашанғы ашылмайды. Бір күні таңертең ол:

— Мәрия, — деді ақырын. — Бері келіп кетші.

— Не болды? — дедім ас қамымен ауызғы үйде жүрген жерімнен ішке кіріп.

— Менікі ме, менікі емес пе?

— Немене?

— Ішіңдегі…

Қолымдағы пышақ жерге түсіп кетті. Ол менің жаныма жетіп келді.

— Немене? Пышақ неге түсті қолыңнан?!

Мен үндемедім.

— Сен неге үндемейсің, айт шыныңды!

— Нені айтамын?

— Бала кімдікі?!

— Сенікі емес.

Ол тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті. Ұзақ отырды. Маңдайынан тер сорғалап, безгек болған адамдай денесінің дірілдеп отырғанын байқадым.

Иә, оған да қиын, ал маған… Ол жағын айтпаса да белгілі ғой…

Бір кезде ол орнынан атып тұрып, нақ бір мені салып жіберетін адамдай бетіме тіке қарады.Маған ол қорқынышты болып кетті.

–Мәрия, — деді ол қалш-қалш етіп. Маған ол балаңның керегі жоқ, түсінемісің, керегі жоқ!

— Енді… енді маған… не істе дейсің?!

Ол теріс айналып біраз тұрды да, кенет жалт қарап:

— Алдырт, алдыртып таста! — деді бар дауысымен айғайлап. Мен оның көзінен көзімді алмастан тапжылмай тұра бердім.

— Неге үндемейсің, неге үндемейсің, Мәрия?

Жансыз адамдай бозарып әлі тұрмын.

— Есітемісің, — деді ол мені иығымнан сілкіп қалып.— Керегі жоқ маған, алдыртамысың?

— Жоқ…

— Онда… мен… біреудің баласына әке бола алмаймын. — Ел-жұртқа күлкі болғым келмейді, ұғамысың, күлкі болғым келмейді!

— Сен мені білмей алған жоқсың ғой, Сейткерей, — деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті.

— Иә, иә, біліп алдым. Бірақ, ішіңде балаң бар екенін білген жоқпын. Сен оны маған неге айтпадың?

— Бәрібір емес пе? Ажырасамын десең әзір де кеш емес.

Мен жылаған жоқпын. Сейткерейдің тап осылай сұрайтынын көзіме елестеткенде маған сұмдық қорқынышты болып көрінетін еді.

Ал дәл қазір, ол қорқыныштың бәрі әлдеқайда ғайып болыпты. Міне, содан бастап екеуміздің арамыз суи бастады. «Балаңды алдыртып таста» деп ол бұдан соң да көп айтты. Бірақ мен оған тәуекел еткен жоқпын, тәуекел етейін деп ойламадым да. Сейткерей арақ ішіп келетінді шығарды. Тіпті, кей күндері үйге де қонбайды.

Ақыры бір күні түйеден түскендей ғып: “Бұл үйде не сен тұр, не мен тұрайын” деп қойып қалды. Осы сөздің ерте ме, кеш пе әйтеуір бір айтылатынын сезіп жүрсем де, естіген кезде төбемнен жасын түскендей есім ауытқып кетті. Етпетімнен түсіп жылап жатырмын. Жыламайын десем де

жаным жылап жатыр. Жасымды тыйсам, жарылып кететін сияқтымын…

Көзімді ашсам — Сейткерей орнында жоқ. Столдың үстінде қаламмен жазылған бір парақ қағаз, біраз ақша жатыр. Қағазды жұлып алып, асығыс оқып шықтым. Енді қайтып келмейтіндігін айтыпты. Осылай боларын біліп едім де.

…Уақыт өткен сайын босанатын күнімнің жақындап келе жатқанын сезіп, ондай азаптан жаным сұмдық шошына берді. Тіпті, бұл жөнінде ойланғым келмеді. Әйтсе де, іштегі тыпыршыған бала оны есіме минут сайын салып тұрды.

Алғашында мен «Сейткерей қайтып оралатын шығар қалайша мені шынымен-ақ тастап кете береді» деп оны қайтып келуін күтіп жүрдім. Даладан дүрсіл естілсе де әлдекімнің жөтелгені келсе де, демімді ішіме тарта қақалып, “Сейткерей емес пе екен” — деп құлағымды тосушы едім.

Бірақ ол сол кеткеннен мол кетті. Хабар-ошарсыз біржолата кетті. Арада төрт-бес ай өткен соң мен босандым. Үйде. Қараңғы үйде жалғыз өзім босандым.

…Толғақ түс ауа келді Ешнәрсеге зауқым соқпай, денем ысып, басым дыңылдай берді. “Дәрігерге барсам ба екен” — дедім әлденеден қауіптеніп.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25