Мазасыз күндер

— Жібер, босат мені!

Айқайламаймын деп уәде бер.

Мен басымды изедім. Ол мені босатты да, өзі алыстау барып тұрды.

– Мен келгенде сен неге үндемей қаласың, соны айтшы! деді жалынышты үнмен.

Мен жауап орнына жерде домалап жатқан шелекті көтере бергенімде, оның бауын ол да қосыла ұстады.

— Айтшы, неге үйтесің?

–Оның себебін өзің жақсы білесің ғой,–дедім бетімді басқа жаққа бұрып. –Жібер, біреу кеп қалады, жібер деймін?

–Айт, әйтпесе босатпаймын.

– Сен маған көз тігуіңді қой. Екінші Әлиасқар жоқта үйге келуші болма?

— Келсе несі бар?

— Қоя бер деймін. Құдай үшін қоя берші. Біреу келе жатыр?

Шындығында да үй артынан қақырынған әйел даусы естілді.

Сейткерей зып етіп ішкі үйге кіріп кетті де, сол бойда радионы барынша күңгірлетіп қоя берді. Ол келген көрші кемпір екен.

— Әй, келін, Салиха үйде ме?

— Жоқ-жоқ, — дедім бұрқыраған бұрымымды орамалымның ішіне тығып жатып. — Анау қара кісінің үйіне кеткен. Ауыз ашар дей ме, кеткеніне біраз боп қалды.

— Үйде насыбайы бар ма? Менікі шақшада тұрып кеуіп кетіпті, қараң қалғыр. Немене, әбіржіп тұрсың ғой?

— Е… жаңа, мына табалдырыққа сүрініп кетіп… сүтімді төгіп алғаным…

— Әй, есі жоқтар-ай. Осы мың кіріп, мың шығып жүріп, аяғыңның астында табалдырық бар екенін ұмытып кетесіңдер-ау сендер. Ана біздің үйдегі шошақай да кеше қайнап тұрған қазанын жерге қоямын деп ақтарды да алды. Пісіп қалмағанына шүкір. Әп келе ғойшы, келін, әлгіні.

Мен үйге кіріп, насыбай алып бердім. Ол орамалының ұшына бір-екі атым байлап алды да, кең кебісін сүйрете басып, үйіне қарай кетті.

Сол Сейткерей Әлиасқар өлген соң менің соңымнан қалмады. Жолыққан сайын айтатыны: “Жеңеше-ау, өлгеннің артынан кім өледі. Тірі тірлігін қылмай ма? Қайғырумен өлгенді тірілтіп алатын болсақ, әке-шешемізді әлдеқашан тірілтпес пе едік. Жұрт күлмес, олар да түсінеді ғой, екеуміз қосылайық” деп жабыса берді. Мен одан ат-тонымды ала қаштым. “Күйеусіз қалсам да саған тимеспін”, — дедім.Үш күннен соң адам көрге де үйренеді дегендей, оның бұл айта беретін сөздері маған үйреншікті нәрсеге айналып, алғашындағыдай құлағыма түрпідей тимейтін болды. Кей күндері ылғи сол туралы да ойланамын. “Жарайды” — деп көне кетейін десем, ел мен жұрттан ұяламын. Көнбейін десем, “бүйтіп қашанғы жалғыз жүремін, кімді күтпекпін” деп ойлап, тұйыққа тіреліп, шиеленіскен ойдың шешімін таба алмаймын. Сейткерей Мұз заводының жүк машинасын айдайтын. Бір күні енем екеуміз шөп оруға шығып, кешке дейін қырда болдық. Үш-төрт күн өтіп, шөп қурап кететін болған соң, Сейткерейдің машинасымен тасып алмақ болдық.

Мен машинаның үстіне, енем мен Сейткерей кабинаға отырып шөп орған жерге келдік. Далада құлқайырлар мен қызғалдақтар гүл атып жер беті түсті кілемдей құлпырып тұрған кез Сейткерей де күлді, мен де күлдім… енем де күлді. Күлкі деген қандай еді. Қаладағыдай емес, бұл жақтың ауасы таза, өзіңді де еркін ұстайсың.

Күн түстіктен ауып бара жатты. Байқап тұрсам, енем байғұс бұдан бір жарым жыл бұрын қайратты-ақ екен-ау. «Отыр» дегенімізді тыңдамастан шөптің көбісін өзі тиеді. Ей, күйік қой, күйік қой ол байғұсты қартайтып жіберген. Мәрия әлдеқашан мұздап қалған шайынан бір ұрттады да, сөзін әрмен қарай жалғастырды.

— Енем екеуміз дүниенің шөбін орып тастадық деп дүрдиіп жүрсек, тией келгенде машинаның бортынан сәл-ақ асты. Сол жерде жақсы еді, шіркін!..

Сонымен, ауылға қайттық. Күн намаздыгер болып қалған кез. Енді жүргелі тұрғанымызда Сейткерей:

— Мәссаған, енді қайттік? Үшеуміз кабинаға сыймаймыз ғой, — деді алақанымен санын соғып.

— Ештеңе етпейді, бірдеңе ғып сыярмыз, — дедім шөп арасына айырларды қыстырып жатып.

— Болмайды ғой. Қалаға кіргенде инспекторлар ұстап алады.

— Енді қайтпекпіз?

— Біреуімізге қала тұруға тура келеді. Қазір-ақ келіп алып кетемін.

Ақыры, сол жерде мен қалдым да, машинамен енем кетті. Мен бәрін де біліп тұрдым. Оның мені әдейі тастап кеткенін де сездім. Сейткерейдің қайтып келген соң, үйге шейін ертегі айтып бармайтынына көзім жетті. Бірақ одан қорыққан жоқпын. Және де Сейткерейдің жайған құшағына қойып кете салармын деп ойламадым. Машинадан қалған шөптерді бір жерге жинап, қалың көгалдың арасына етпетімнен түсіп жата кеттім. Қураған шөптер басылып, арасынан жылан сусып бара жатқандай сытыр-сытыр етеді. Құлқайыр мен қызғалдақтың хош иісі қолқаны деміктіріп барады. Мен өстіп жатып, жастық шағымды есіме алдым. Ол кезде адам қандай бақытты! Еш нәрсе туралы ойламайсың, қайғырмайсың да жыламайсың. Сол кездегі жылағанның өзі қазір есіңе түссе, қандай қызық! Мен жас баладай көк шөптің үстіне аунай бердім, аунай бердім. Басым  айналғанша аунадым. Өзімнен өзім сақылдап тұрып күлгім келді.

Бір кезде дүрілдеген машина даусы естілді. Артыма бұрылып қарасам, Сейткерей құйғытып келеді екен. Мен оған қарсы жүрдім. Машина тура алдыма кеп тоқтады да, іштен Сейткерей секіріп түсіп, маған жақындады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25