Мазасыз күндер

“Аһ, қандай ыстық еді, қандай жұмсақ еді оның алақандары”.

— Сіз менің күйеуімді көрген жоқсыз ғой, — деді бір кезде Мәрия кенеттен.

— Жоқ, — дедім мынадай күтпеген сұрақтан селт етіп.

— Әрине, көрген жоқсыз. Сіз келгелі бері оны өзім де кездестірген емеспін. Мен сізге кісі таңғаларлықтай ала-бөтен ешнәрсе айтқалы отырған жоқпын.

Ол демін терең алып, едәуір үнсіз отырды да, сөзін қайта бастады.

–Менің бұл жерде, дәл енемнің қасында көзіне күнде күйік болып отырғаным сізге ұнамайтын шығар. “Неге кетпейді алысқа. Көз көрмес, құлақ естімес жаққа неге кетпейді” деп те ойларсыз. Оныңызға қосыламын, — деді ол менің жауабымды да күтпестен. — Иә, маған да оңай емес. Жұрт көзіне тура қарай алмаймын. Солай ойлайтын өзім ғана шығар, әйтеуір көшеге шықсам барлық адам мені бақылап тұрғандай көрінеді. Олардың көздерінен “жүзі қара-ай, қай бетіңмен жер басып жүрсің» дегенді оқыған сияқты боламын.

Ал ана кемпір байғұсты… аяймын. “Жалғыз қалдың ғой, жаным, бұл жерде отырып не табасың. Құдай сенің маңдайыңды ашпаған екен дә! Алдыңғы анау болды, соңғың мынау. Кебін киген адам келер деймісің, бар төркініңе, бара бер, қарағым. Қайтейін, пешенеме жазылған осы екен, соны көрмеске лаж қанша, әке-шешеңнің қолына бар. Тесік моншақ жерде қалмас. Біреу бақытын ерте, біреу бақытын кеш табады. Әлі басың жас, мен разымын, келінжан. Немеремді ойласам қабырғам қайысады-ақ, бірақ қайтейін, анасынан айырып, тірі жетім қылып қайтіп өсіремін. Бәріміз де ана болып көргенбіз, іштен шыққан шұбар жыланды кім жек көреді, сен де қимассың оны. Алып кете бер, бара бер”, — деп ол байғұс талай рет үйге келіп отырып ақ батасын беріп, егіл-тегіл жылағанда етегін жасқа толтырған күндері де болды. Бір жағы енемді қимадым, екінші жағынан Сейткерейді… — Сіз оның кім екенін білесіз бе? Мен үнсіз басымды шайқадым.

— Ол менің соңғы күйеуім. Зәрипаның әкесі өлген кезде менің келін боп түскеніме сегіз-ақ ай толған еді. Бар бақытым көрген түстей ғайып болды да тынды. Бейшара, жақсы адам еді ғой. Тірі кезінде ол жақсылығын сездім бе, сезбедім бе, білмеймін. Жоқ өліп кеткен адам жақсы жағымен ғана есте қала ма, әйтеуір, менің көз алдымда қанша ашуы келсе де “Мәрияш, саған ашуланған жараспайды екен, қойшы” — деп күлімсіреп тұратын Әлиасқар ғана қалыпты.

Ол толқи сөйлеп отырды. Мені де, өзін де ұмытып кеткен сияқты. “Ол күйеуін қандай сүйген еді” — дедім іштей.

— Сонымен жалғыз қалдым, — деді Мәрия ойымды пышақ кескендей шарт үзіп. — Мәңгіге жалғыз қалдым. Өзімнің жесір боп қалғаным ойыма сәт сайын оралып, жаным жасып, күннен күнге езіле бердім.

Қатарынан бірнеше күн үйден шықпай жатып алдым. Енем байғұс маған кет деп те, осында қал деп те айта, алмады. Бірақ оның қайғы үймелеген жанарынан “енді бұл үйде не бар, не қызық қалды саған. Рұқсат, бара бер, қарағым” — дегенді аңғаратын едім. — Сіз жұмыстан шықтыңыз ғой, тамақ жеп отырсаңызшы. Қайдағыны қозғап, сіздің мазаңызды алған жоқпын ба?

— Жоқ-жоқ. О не дегеніңіз!..

— Әлиасқардың тірі кезінде Сейткерей біздің үйге жиі келіп жүретін. Өзіңізге де белгілі, онымен көрші тұрдық. Ол онда осы үйде жалғыз тұратын. Әке-шешесінен ерте айырылып жетімшілікті әбден көріп өскенін, Әлиасқармен әңгімелесіп отырғанда жыр етіп айтып беретін еді, өзін аяйтынбыз да.

— Жеңеше! (Әлиден бір жас кіші болған соң мені жеңеше дейтін). Маған ауылыңнан бір қыз тауып берсеңші. Құдайақы, сені үлде мен бүлдеге бөлендіремін де қоямын. Ал Әлиасқарға, мынадай бір костюм әперем – деп бармағын шошайтушы еді. Мен не дейін, “сұлуын ба, ақылдысын ба?” дегенімде: “Екеуі де болсын дә” — деуші еді. Осылайша күн де өте берді. Кей күні Әлиасқар жоқ кезде кіріп, үн-түнсіз төр алдында жатып алатын. Үй іші тірлігімен айналысып жүргенімде менен көзін тайдырмай, әр қимылымды мүлт жібермей бағушы еді. Соңғы кезде оның маған деген көзқарасы мүлде өзгерді. Ол келгенде мен бұрынғыдай әзілдеспей, қойған сұрақтарына ғана жауап беріп, сыртқа сытылып шығып кете беретінмін. Бір күні ымырт жабыла бере сиыр сауып болып, босағадан аттай бергенімде, ішкі бөлмеде әлдекімнің жүргенін сездім.

Әлиасқар, — дедім бұл неге ерте келді екен деп таңдана дауыстап.

Үйде енем жоқ болатын. Сол күндері оразаның кезі еді де, шпал заводы жақта бір үй ауызашарға шақырып кеткен болатын.

Іштегі адам дыбыс бермеген соң, денем түршігіп кейін шегіндім. Сол кезде Сейткерей барыстай атылып, білегімнен шап берді. Шошынғаннан шыңғырып жібергенімде, ол алақанымен аузымды баса қойды. Шелегім қолымнан ұшып түсіп, есіктің алдына ақ сүт ақтарылып кетті.

— Мәрия, сен неге мен келгенде үндемейсің осы, жауап берші? — дейді. Әлдекім естіп қояр ма екен деп оның да зәре-құтысы қалмаса керек, демалғанда екі иығы солқ етіп, көкірегі көріктей шуылдайды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25