Мазасыз күндер

— Жоқ… Сіз олай демеңіз, олай сөйлемеңіз, — дедім даусымның дірілдегенін жасыра алмай. — Мен ондай ойға ешқашан оралған емеспін. Оған сіздің қалайша батылыңыз барады?

–Демек, сіз мені сүймейсіз, солай ғой. Әрине, солай,— деді ол менің жауабымды да күтпестен. — Менің ешкімге қажетім жоқ.

Ол тоқталмастан сөйлей берді.

Мәрияны тап бүгін мен танымай қалдым. Ол адамға қарап мұншалықты ашық-жарқын, әрі батыл сөйлесе алады екен деп ешқашан ойлаған жоқ едім.

— Мәрия, сізге не болған? Сіз сырқаттанып тұрғаннан саусыз ба?

— Мен біреуге сүйікті болып көрінуге ешқашан тырыспаймын, — деді ол менің сөзімді естімеген адамша.

— Жүріңізші, бұл арадан кетейік. Ана дәрігер әйелдердің бізге қарауы тіпті жиілеп барады.

Мәрия менің жүруімді күтпестен-ақ, өзі алға қарай қозғалды.

— Біз… алысқа барамыз ба?

— Жоқ, осы маңда жүре тұрайық. Әлгінде, сізге айтар сөзім бар деп едім ғой. Соның бәрін сізге ақтарып салғым кеп тұр. Мүмкін, біз екінші рет кездеспеспіз де.

Мен шошып кетіп, оның жүзіне көз тастадым. Ол өзімен бірге келе жатқан мені байқамаған кісіше, маңдайына соғылғалы келе жатқан ағаш бұтақтарын қолымен серпіп тастап, қақпаға қарай жүре берді.

— Мәрия, — дедім мен бір кезде кілт тұра қалып. — Сіздің менімен екінші рет кездескіңіз келмей ме? Мен сізге… Мен сізге жиренішті болып көрінгенім бе?

— Жо-жоқ, — деді ол сәл артта қалып қойған маған бұрылып. — Сіз асығыс айта салады екенсіз. Егер сіз маған жиіркенішті болып көрінсеңіз, сізді  іздеп бармас та едім ғой.

Сөйтті де ол ілгері қозғала берді. Мен оның соңынан еріп келемін. Ергенде дәл бір он тоғыз жасар албырт жігіттей-ақ оны қуып жетуге тырысып, бір-екі адым жерді жүгіріп өттім. Сол минуттарда мен алыстағы әйелім туралы, балам туралы, өзімнің жер ортасына келген әке екенімді, бәрі-бәрін де ұмытып кетіп едім.

– Мәрия, мен… мен қалайша Зәрипаны көрмей кетпекпін, — дедім алқына сөйлеп.

–Зәрипаны ма? Бүгін бәрібір кеш қалдық. Дәрігерлер рұқсат етпейді, басқа бір уақытта келерсіз. Абайлаңыз алдыңызда арық бар. Бұрынғысындай емес, шүкір, тәуір боп қалды ғой.

Біз қақпадан шығып, ағаштары аласа, кең көшеге түстік те, бірінші алған бағытымыз — вокзал жаққа қарай жүре бердік.

Екеуміз қатарласып үнсіз келе жатырмыз. Дәл бір анадағы Махамбековпен келіспей қалатын кездегідей анда-санда байқаусыз біріміздің иығымызды біріміз жай ғана соғып өтеміз. Ұйтқып өткен өкпек желден ағаш басы сыбдыр етіп, сылтау таппай тұрған сары жапырақтар жерге ретсіз ұшып түсіп жатыр. Олардың бірі Мәрияның иығына, шашына, енді біразы маған, сонан соң қайдағы бір шалшық суларға қонақтайды. Тозығы жеткен көрпе ішіндегі мақтадай іртік-іртік бұлттар бірін-бірі жетектеп, дәл төбемізде қалықтап жүр. Олар қозғалмайтын сияқты.

Мен де, Мәрия да үнсіз келеміз. Ол менен тіпті алыстап кеткен тәрізді. “Қалайша Мәрия тез өзгерген? Қалайша оның менімен екінші рет кездескісі келмейді. Мен оған не жаздым? Мүмкін ол бәрін де бүгін айтатын шығар. Жалпы, мен неге келдім екен? Ақымақпын. Онымен байланыса беретін кіммін сонша? Әйтеуір, көшедегі көп таныстың бірімін, басқа ешкім де емес!

Алыстағы қалалық парктен ән әуені естіледі. Көшенің оң жағында көк түтінін будақтатып, өзбек жігіті шашлық пісіріп жатыр. Шоқты қыздыра түспек болып, қолындағы желпуішін желпіп-желпіп қояды. Оның дәл жанындағы кішкене дүкенде сыра сатылып жатса керек, көкпарға жиналғандай бір қора еркек бір көше боп кезекте тұр. Түтін аралас шашлық иісі мұрынды қытықтап, асқа деген тәбетіңді қоздыра түскендей.

Біз вокзал алдындағы көп сәкілердің біріне кеп отырдық.

Қарсы алдымыздағы ұлт тамақтары павильонының есігі сарт-сұрт жабылып, тамақтанушылар кіріп-шығып жүр.

— Мәрия, жүріңіз… тамақтанып шығуға қалайсыз, — дедім бұл сөзді көмейімнен әрең итеріп шығарып.

“Ана жаққа ма?” — дегендей Мәрия павильонға жай ғана қарады да:

— Рахмет, ешнәрсеге тәбетім жоқ, — деді.

— Мүмкін, маған серік болып бір шыныаяқ кофе ішерсіз. Сонда отырып әңгімелесуге бізге ешкім кедергі келтірмейді ғой. Суық жел соғып тұр, сіз тоңып қаласыз.

Ол қарсыласарын да, менің ұсынысымды қабыл аларын да білместен біраз отырып “мейліңіз, маған бәрібір” — дегендей орнынан ақырын көтерілді.

— Не қалайсыздар? — деді біз отыра салысымызбен жетіп келген жас даяшы қыз. Ол мені Мәрияның күйеуі деп ойлап тұрса керек, ойнақшыған көздерін екеумізге кезек аударады. Мен “сіз айтыңыз” дегелі оған қарай бергенімде, “өзіңіз біліңіз. Маған бір кесе ыстық шай болса жарайды» деді ол езу тартып. Оның бұлайша жымиғанына мен іштей қуанып, жадырап қалғандай болдым.

— Сіз маған ренжіген жоқсыз ба? — деді тамақ ішіп отырғанда Мәрия тыныштықты бұзып.

— Не үшін?

–Әлгіндей сөздерім үшін. Мен бүгін тіптен ашық-жарқын болып кеткен сияқтымын. Оны өзім де сезіп отырмын… Және… маған бүгін осылай да болу керек…

Мен оның жүзіне таңдана қарадым. Бірақ, оның бейкүнә пішінінен байыпты салмақтылықтан басқа ешнәрсе таба алмадым. Ол кірпіктерін де қақпастан, стол үстіндегі шыныаяқтан көзін алмай қимылсыз отыр. Бортиған аппақ саусақтарымен шыныаяқты ерніне сақтықпен апарып, ақырын ұрттайды. Сол сәтте ол маған күндегіден де сүйкімді болып көрінді. Сол сәтте бұдан бірнеше күн бұрынғы Мәрияның мақтадай үлбіреген аппақ саусақтарынан ұстағаным есіме түсе кетіп, сол сезімнің рахатына шомып кеткендей көзім еріксіз жұмыла берді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25