Мазасыз күндер

Осылайша күндер өте берді. Қолым қалт еткенде мен Мәрияға барып тұрдым. Алғашқы жолыққанымда ол жас балаша қуанып, “рахмет, рахмет сізге” дегеннен басқаны айта алмай қалды. Қызы бері қарап ойнайтын болғалы Мәрияның да жүзіне қан жүгіріп, бұрынғысынан ажарлана түсіпті. Дәрігерлердің мені қыздың әкесі деп сенгендіктері сонша, оның бет-пішінін менімен салыстырып, екеумізге тән ортақ ұқсастық іздейтін болды. Тіпті, практикада жүрген осындағы бір жас қыз: “Қызыңыз сізден айнымай қалған екен” дегенді де айтып жүрді.

Бір күні жұмыстан соң машинамен Мәрияға бардым. Аурухана алдына келіп тоқтағанымда, күн ұясына ернеулеп қалған еді. Машинадан түсіп, қақпа арқылы ішке кірдім. Осы кезде арт жағымда асығыс басып келе жатқан аяқ дыбысын есітіп, жалт қарадым.

Бұл келе жатқан Мәрия еді. Мен мұндай күтпеген кездесуден абдырап қалсам да, онымды сездіріп алмауға тырысып, жылы шыраймен ақырын езу тарттым. Бірақ ол күлген жоқ.

Аққұба жүзі қуқыл тартып селтиіп тұрып қалды. Әсте, бұл кездесуді ол да күтпесе керек.

— Сәлематсыз ба? — дедім ернімді болар-болмас күбірлетіп.

Ол ақырын басын изеді.

– Сізге не болған, Мәрия? Сырқаттанып қалғаннан саусыз ба?

–Жо-жоқ, рахмет. Сіз мені көп тостыңыз ба?

–Менің де келгенім қазір. Қызыңыздың халі қалай?

–Жақсы ғой, тәуір боп келе жатыр. Ол да қазір қызы жайлы сөз қозғауды онша қалап тұрмаған секілді. Көмейіне мұнан да маңыздырақ бір сөздер тіреліп, соны сыртқа шығарудан үрейленіп тұрғандай, жұқа еріндері көгеріп, болар-болмас дірілдейді.

Оның бұдан бірнеше күн бұрын батыл да өткір боп көрінген мұз астындағы тұнық судай мөлдір жанары қазір әлденеден тайғақтап, маған тура қарай алмайды.

Таныстығымыздың санаулы-ақ күндері артта қалуына қарамастан, оның алдында өзімді біршама еркін ұстауға жетіп қалғандай сезінсем де, дәл қазір бойымдағы ол қасиеттердің бәрі быт-шыт болып, мен Мәриямен кездесуімнің алғашқы кезеңдеріне қайта оралғандай болдым.

Құлай сүйген ғашық қызымен тұңғыш жолығып тұрған ұялшақ жігіттей, мұнан әрі қарай сөзді неден бастауды, онымен арамызда жаңа пайда болған тәтті бір қатынасты қалпына қалай келтіруді білмей, қатты қиналдым. Және де оның қызы жайлы, денсаулығы, күнделікті тұрмысы жайлы тәптіштеп сұрай беруім, көп қайталанып кісіні мезі еткен жылусыз құр қамқорси беру болып шығар деп те сескендім. Оның үстіне мен оған кіммін? Бейтаныс біреумін ғой.

Басымды шырмаған осындай ойға малтығып, жан-жағымды қанша қарбансам да, Мәрияны жадыратып жіберердей жөні дұрыс бірде-бір сөз таба алмадым.

Күздің қоңыр желі ызың етіп, ағаш басын сыбдырға бөледі. Жерге шашылған сары жапырақтар бірін-бірі қуалап, арықтағы ағын суға түсіп жатыр. Мәрияның жұқа шайы орамалын жел жұлқылап, бірде иығына, бірде алдына түсіреді.

Сөзді неден бастарымды білмей мен көпке дейін үнсіз қалдым. Тәртіпсіздігі үшін ұстаз алдында жауап беріп тұрған оқушы тәрізді сипақтай беруден өзімнен-өзім қысылып, мұндай қолайсыздықтан ертерек құтылу үшін оған “қош, сау бол” айтсам ба екен деп те ойладым. Бірақ оның қасынан кеткім келмеді.

Әр минут өткен сайын қолайсыздана түстім. Аяғымнан өрмелеген сансыз құмырсқа тұла бойымды аралап жүргендей, денем шымырлап барады. Мүмкін ол өз сезімімнің алдамшы әсері шығар, мүмкін, кіріп-шығып жүрген дәрігерлердің біз жаққа қызыға да таңдана қарауынан туған қысылуым шығар мүмкін… мүмкін, Мәрияның оқтын-оқтын жалт етіп, өзімді шарпып өтетін мөлдір қара көздерінен туған, ешкімге де, тіпті, өзіме де белгісіз әлдеқалай бір рахат сезімдердің әлдиі болар…

Ақыры мен ойымды “кетейін” деп шештім. Немесе “бұл неге үнсіз тұр” деп әрқайсымыз іштей арбасып, іштей ренжісіп қалармыз.

Қалтамнан темекі алып тұтатып, сіріңке шиін шалшық суға лақтырып жібердім. “Ал, Мәрия, сау болыңыз” — дегелі оқтала бергенімде, менің нендей нәрсеге дайындалып тұрғанымды күн ілгері сезгендей: “Мен сізді үйіңізге іздеп барып едім” деді ол төмен қараған күйі естілер-естілмес.

— Қалай?.. Сіз мені іздедіңіз бе?

— Иә.

— Не үшін?

Ол басын көтеріп алып, маған тесіле қарады. Бұл — онымен жүздесіп тұрғалы бері Мәрияның өзіме тұңғыш рет осылайша көз тоқтатып қарауы болатын. Оның көздері қандай отты еді, қандай өткір еді!

Жалаңаш кеудеме найза қадалғандай, денем дір етіп, көз алдымдағы дүние бір сәтке бұлдырап кетті.

— Не үшін екенін бүгін сізге айтуым керек. Сізден ешнәрсені де жасырғым келмейді. Міндеттімін, бәрін де айтуға міндеттімін, — деді ол көзін қайта төмен түсіріп.

— Сіз неге міндетті боласыз?

— Жай. Мүмкін, міндетті де емес шығармын, — деді олі иығын бүлк еткізіп. — Тек сіз мен жөнінде жаман пікірде қалмасаңыз…

— О не дегеніңіз, Мәрия? Мен сіз туралы жаман ойласам…

— Келмеген де болар едім дейсіз ғой.

— Жо-жоқ, мүлде олай емес!

— Енді қалай? Достаспас едім дейсіз бе?

— Дәл үстінен түстіңіз.

— Мүмкін, сізді сүймес те едім дейтін шығарсыз.

Мен селк ете түстім. Мынадай батыл да оқыс сұрақтан соң не деп жауап берерімді білмей қалтырап кеттім. Жүрегімнің тайдай тулағаны сонша, оның тынымсыз дүрсілі қарсы алдымдағы Мәрияға естіліп қалатындай көрінді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25