Мазасыз күндер

Осы тұста “ертең ұят атаулының бәрін қоя тұрып, Мәриядан күйеуінің қайда істейтіндігін, не істейтіндігін бәрі-бәрін сұрап біліп алуым керек” — деп жасаған байламым үшін өзімнен өзім қысылдым. Және де, бейтаныс үйдің тіршілігіне араласа кетудің жөні де, қисыны да келмейтіні енді ғана есіме түсіп, әлгі жасаған тәуекелімді Мәрияға айтпайтын болғандығыма, соның арқасында алда күтіп тұрған үлкен қолайсыздықтан өзімді арашалап алатындығыма іштей қуандым да.

Осылай шашыраған ойларымды бір арнаға жисам да, осы шешімнің ар жағынан “оны күйеуі сүйе ме екен?” деген сұрақ көкейімнен әйтеуір кетпей-ақ қойды.

Терезені сықырлатып далада жел соғып тұр. Үйдің бу тартары әлдеқайдан көңілсіз шақырып, тынымсыз гуілдейді. Көрпемді қымтана түсіп, бір қырыма аударылып жаттым. Қарсы бөлмеден Салиха шешейдің оқтын-оқтын жөтелгені естіледі. Ол Мәрияның ауруханада екенін білмейтін де шығар. Келген бойда неге айтпадым оған? Мейлі, мейлі, айтпағаным да жөн болған. Ертең өзі-ақ білер. Мәрия туралы сөз қозғау ол үшін ауыр ғой.

Осы кезде Мәрия көз алдыма тағы да елестей кетті. “Ол да ұйықтамай қиялы шартарапқа шашырап мен тыңдаған жел уілін тыңдап жатыр ма екен, әлде, тәтті ұйқы құшағына шомды ма екен? Мен оның ішкі дүниесінің қуыс-қуысын біле бермеймін ғой. Сонда да қандай жақсы әйел! Иә, қандай жақсы әйел!”

Мен онымен бүгін бірге болған бір жарым сағатымды түгел еске түсіріп өттім. Кенеттен… кенеттен денем дірілдеп сала берді. Тұла бойыма мың ине шаншылғандай шымырлап, жүрегім лүпілдей жөнелді.

“Құдай-ау, мен… мен оның… алақанынан ұстаған екенмін ғой. Қалалық аурухана алдында тұрып, машинаға қарай жүгіргенімізде, оның қолынан ұстағанымды өзім қалай сезбей қалғанмын. Және ол тартынған жоқ екен-ау!”

Менің алақаным ысып сала берді.

“Шынымен бе, мен шынымен оның алақанын ұстадым ба?!”

Осы ойымды растайын дегендей алақанымды бетіме бастым. Маған осылай көрінді ме, әлде расымен-ақ солай ма, алақаным от боп жанып тұрған сияқты. Көзімді жұмып, өзімді аурухана алдына қайта жетеледім.

Мәрия дәл қасымда тұр. Ол менің иығыммен бірдей. Міне, мен асықтырып, қолынан жетеледім. Оның алақаны қандай жұмсақ еді! Бейне бір бірінші ашылған мақтадай аппақ, биязы. Қаттырақ қыссам езіліп кететін сияқты.

Мен бұрын-соңды адам баласы көрмеген рахатқа толы жаңа дүниенің қақ ортасында үнсіз тұрғандаймын. Ол жердің аспаны да басқа, бақшасы да басқа. Менің құлағыма құдіретті бір құпия музыка естілгендей болады. Адам сезімінің нәзік қылын тап басып тербете алатын ондай әуенді осы кезге шейін бір композитор жаза алған жоқ.

Мен тұрған дүние пейіш емес, пейіштен де сұлу, пейіштен де көрікті. Мәрия екеуміз ілгері қарай жүрдік. Машинаға отырдық. Оның қолын босатуыма тура келді. Міне, әлгіндей теңдесі жоқ дүниенің бәрі де ғайып болды. Алақаныммен тек төсекті ғана сипалап жатырмын.

“Мен… мен қандай сезімнің жетегіне еріп бара жатырмын! Тар кеудеде тыпыршыған бұл жүрек нені көксейді тағы да. Мәрияның оттай алақаны ма? Онан әрі ше? Оған ғашық болу ма?.. Сұмдық қой, сұмдық қой бұл!”

Үйде меңіреу тыныштық. Жүрегімнің дүрс-дүрс еткені мен қабырға сағатының асықпай сыртылдағаны ғана естіледі. Біраздан соң әтештер шақыра бастады. Таң ату да алыс емес. Ал менің кірпігім айқасудан кеткен сияқты. Тіпті ұйықтайыншы деп өзім де ниет еткім келмейді.

Мен енді Мәрия туралы ойламауға, оның алақанын ұстаған кездегі тәтті сезімдерді шамамның келгенінше бұдан былай қарай еске алмауға тырыстым. “Бұлай ету маған соншалықты қиын емес қой, — дедім. — Менің өз әйелім бар, күнделікті жұмысым бар. Ойламауға да болады екен ғой”. “Япыр-ау, Мәрия туралы ойланудан несіне шошынамын, — дедім өзіме-өзім тағы да сұрақ қойып. — Несіне шошынамын? Көз жұмып, көкейіндегісіне тәуекел ете салатын желігі басыла қоймаған бозбала емеспін ғой. Жақсы көрсем, бірінші жолыққанда-ақ кей адамды іш тартып қалатының сияқты, маған да әсер еткен — оның жан дүниесінде жалт етіп жүрегіме жылу тартқан пәк сезімділігі мен бейкүнәсіздігі болар. Ондай адамды неге жақсы көрмеске, неге ол туралы ойланбасқа?”

— Жоқ, – дедім  күбірлеп. Менің олай етуге қақым жоқ. Мәрияның күйеуі бар. Және оны жанындай сүйеді. Тіпті, оның күйеуі болмаған күнде де мен қалаған жағыма қарай қанат қаға беретін ерікті құс емеспін. Менің өз әйелім, бала-шағам бар. Олардың бақыты маған байланысты”.

Осыдан соң мен Махамбеков екеуміздің арамызда болған бүгінгі келісімсіздікті еске алдым.

Өстіп жатып бір кезде ұйықтап кетіппін. Түсімде Мәрия  екеуміз дәл өзім ойлағандай жұмақтың қақ ортасында тұрмыз. Мен оның алақанынан қыса ұстап, машинаға қарай жетелеймін. Оның алақаны оттай ыстық, жұп-жұмсақ. Менің саусақтарым тершіп, алаулап бара жатыр…

VII

Арыстағы күндердің көпшілігі артта қалды. Біздің жұмысымыз да өніп, барған сайын қаладан ұзай бердік. Біз үйге келуді де сиретіп, жақын жердегі көшпелі вагонға жұмысшылармен бірге жата кетіп жүрдік. Арамызда болған анадағы кейкілжіңнен кейін, Махамбеков екеуміздің бір-бірімізге жүзіміз жылымай-ақ қойды. Ол көбіне сөйлемейді, бұрынғыдай байланысшыларға дауыс көтеріп ұрыспайды да. Екеуміз бір машинаға отырамыз. Вагонға келгенде бір купеге жатамыз. Басымызды көтеріп, бір-бірімізге темекі ұсынамыз. Ол сіріңке жағады. Бірінші мен, екінші өзі тұтатады. Сонан соң, өлік шығарған үйдей, купенің ішін үнсіздік қайта басады. Мен Уэллсті алып оқи бастаймын. Ол “Автоматика, телемеханика и связь” журналын алып, біраз шұқшиып жатады да, бас жағына қайта тығып қояды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25