Мазасыз күндер

Сонымен Зәрипа Дербісалина деген фамилиямен ауруханаға қабылданды. Қызды ауруханаға қабылдаған соң, Мәрия ашық-шашық қалған үйін реттеп келмек боп, дәрігерлерден бір-екі сағатқа рұқсат сұрады. Олар Мәрияның бүл тілегін мақұлдады да, көп кешікпеуін қадағалай тапсырды.

–Рахмет, рахмет сізге! Ой, бұл жақсылыгыңызды қалай ақтасам болар екен! — деді Мәрия біз сыртқа қайтып шыққан соң.

–Жо-жо, олай демеңіз. Қолынан келген көмегіне ақы тілесе, адамның бір-біріне деген қайырымдылығы қайда қалады? Тәйірі, мен сізге пәлендей жақсылық та істей қойған жоқпын ғой. Сіз менсіз де Зәрипаны ауруханаға жатқызар едіңіз, солай емес пе?

Мәрия маған жай ғана қарап, көзін төмен түсіре қойды.

— Кешіріңіз. Менің әлгі алдағаным тіпті қолайсыз болды. Бірақ олай етпеске…

— Жоқ. Мен түсінбейді ғой дейсіз бе? Бірақ сізді жалған айтуға итермелегенім үшін өзім қысылып келемін.

Мен сөзді тағы да “жоқтан” бастағалы демімді ішіме тарта бергенде, Мәрия ойымды бұзып кетті.

— Әрине, сіз “ол ештеңе де етпейді” деп қарсы тұруға дайынсыз. Сонда да қысылуыма себеп бар ғой. Сыртыңыздан ғана көргенім болмаса, мен сізді мүлде танымаймын. Кім екеніңізді де білмеймін. Егер менің орнымда болсаңыз, тек қана сіз емес, кім де болса ұялмас па?

Біз машинаға мінген соң Мәриямен қатарласып отырдым. Жаңбыр басылып, көкті қаптаған бұлттың көкжиекке тірелген етегі әлдекім пышақпен кесіп түскен тәрізді бірітегіс ашылып келеді. Мөлдір жаңбырмен бетін жуған аспан, сонау артта қалған көктемді еске салып тұрғандай, көзге бұрынғысынан да таза, бұрынғысынан да көгілдір шалынады.

Бағаналы бері қабақ түйген бұлттар бір жадырап, дел-сал болған денесіне тыныштық іздегендей сонау көз ұшында мұнартып көрінген тауға қарай асықпастан баяу жылжып бара жатыр. Біз де орнымыздан ақырын қозғалдық. Машинаға отырған соң әлгі сөзіміз жалғасатын шығар деп ойласам да, неге екені белгісіз, бір-бірімізге тіл қатысқан жоқпыз. Әркім өз ойымен үнсіз келеді.

Жаңбырдан соң таза ауаның төсінде еркін аунап асыр салып жүрген қарлығаштар сияқты, асфальт көшені сырылдатып, машиналар ерсілі-қарсылы зуылдап өтіп жатыр. Мәрия анда-санда жай ғана күрсініп қояды. Әрине, ол Зәрипа туралы ойлап келеді.

VI

Түннің біраз мезгілі өтсе де, мен ұйықтай алмадым. Көз алдымнан Зәрипаның бейкүнә сүйкімді жүзі, Мәрияның бүтінгі барлық қимылдары бір сәтке кетпей қойды. “Қандай аяулы жан, — дедім Мәрия туралы. — Жас болса да нағыз ана ғой, мейірімді ана ғой ол. Әйел жаны қашан да нәзік. Болмашы қайғының өзі оларға ауыр соғады. Сондай кезде олардың жанында сенімді жарының болғаны қандай жақсы. Көкіректі қарс айырған ыстық жасқа булығып қанша жыласа да, сол жарының омырауына басын сүйеп, оның кеудесіндегі жүрек дүрсілінен өзіне деген ыстық махаббатты сезінбей ме?

Ал Мәрия ше? Ол неге күлмейді, неге еркелемейді. Және оның барынша бір жарқырап жүргенін осы кезге шейін мен неге бір рет көрмедім?

Ойыма осы сұрақтар оралғанда көз алдыма өзім келгелі бері көрген оның өмірінің бірнеше сәттері елестеп етеді. Маған ол талай сырды бүгіп жатқандай және соның бәрін айтып беруге шақырып тұрғандай, қараңғылық пердесінің ар жағынан күңгірттеніп көрінеді.

Кей кезде көзімді ашып қалып, тас төбеге қарағанда ақ шәлісін басына бір байлаған жас келіншек аузын сәл ашқан бойы өзіме тура қарап тұрғандай болады. Қараңғы болса да, мен оның мөлдіреген отты жанарын, шәлісінің астынан кеудесіне құлаған қос бұрымын, күзгі жапырақтай сарғыш тартқан жүзінен таң шығындай мөлдір тамшыларының төмен қарай жаймен жылжып, ерніне тиіп жатқанын анық көремін.

“Ол неге күлмейді, күлсе ғой, періште боп жүре берер еді-ау”, —деймін өзіме-өзім.

Бір кезде әлгі бейне әлдеқайда ғайып болады. Бірақ мен оған қарай қарманбаймын. Қайда кетті деп өзімнен өзім сұрамаймын да. Және өз ойымның түс сияқты қорқынышты екендігінен шошынбаймын. Өйткені, Мәрияның қорқынышты болуы мүмкін емес. Оның жан сезімі мұз ойығының астынан көрінген толқынсыз да мөлдір су тәрізді, кіршіксіз, таза.

Мен осы тұста оның күйеуінің кім екенін, қандай адам екенін көруге ынтыға түстім.

“Япыр-ау, мен келгелі бері ол бір рет болса да көзге түспеді? Көрші үйдің қорғанынан еркек даусы неге бірде-бір рет естілмейді, — дедім кірпігімді қақпай төбеге қарап жатып. Оның Мәрияны ұнатпайтын болғаны ма сонда? Мүмкін емес, мүмкін емес оның Мәрияны ұнатпауы. Құдай-ау, ол періште ғой, аяулы ғой. Оны адам баласының бәрі де сүюі керек”.

“Мүмкін күйеуі де Мәрияны сүйетін шығар, — дедім тағы да. — Мәрияны күйеуі ұнатпайды дегенді осы мен қайдан шығарып жүрмін? Және ол әйелге мен не себепті сырттай аяушылықпен қараймын. Мұнымды Мәрия сезіп қалса, мұның үстіне ол маған мүлде бейтаныс күйеуін жанындай жақсы көретін болып шықса, бостан-босқа қамқорси қалғандығым үшін өзім ұятқа қалмаймын ба? Масқара-ай десеңші, сұмдық қой ол! Күйеуі бүгін келмесе ертең келер, ертең болмаса арғы күні. Тіпті, дәл мен сияқты бір айға командировкамен кетпесіне кім кепіл?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25