Мазасыз күндер

— Менің айтпағым мүлде ол емес.

Махамбеков жүзіме ұрлана қарады да, кілт тұра қалып:

— Сіз, тағы да ана кемпір жайлы сөз қозғап келемісіз? — деді, сол жөнінде сөйлесу жалықтырды ғой осы дегенді танытқан үнмен.

— Иә.

Ол үндеместен ілгері қарай қайта қозғалды.

— Мейлі, ол туралы ойландық-ақ делік. Сонда менің не істеуім керек? Сіздіңше, кемпірден ажыраспа, сол үйде отыр деп Мәрияға өтініш етуім керек пе?

— Әрине, олай емес.

— Енді қалай?

— Өтініш етпедіңіз деп мен сізді кінәламаймын. Бірақ, оны алдамауыңыз керек еді. Сіздің қамқорлығыңыздың нәтижесінде, ол менен пәтер ақы алмайды, бүкшиіп жүріп маған тегін тамақ жасайды, ең соңында, мені сәнді бөлмеде қалдырып, өзі сыз еденге жатады. Бұл сіздің онсыз да жаны жаралы жанға жасаған аяушылығыңыз ба?

Махамбеков мына сөздерге қарсы айтар еш дәлел таппағандай үнсіз қалды. Тіпті, ол ақталайын деп тырысқан да жоқ.

Маналы бері ұйытқи соғып тұрған жел басылып, мұздай тамшылар әр жерге тырс-тырс тама бастады. Арада екі-үш минут өткен соң төңірек бірсыдырғы ысылға басты. Жаңбыр басталды. Көшеде ерсілі-қарсылы жүрген адамдар шатыр көтеріп, енді біреулері жақын арадағы вокзалға қарай бүкшеңдеп жүгіріп барады.

Біз асықпастан, үнсіз келеміз.

Міне, мен өз пәтеріме қарай бұрылатын көшеге де жеттім. Махамбеков жүрісін тоқтатып, маған қарады.

— Иә, мен ештеңені де ойланбаймын! — деді ол ауыр бір күрсініп. — Мейлі, солай-ақ болсын. Жаңа келген сіз, қайдан білесіз… — Жаңбыр ғой, біздікіне соға кетіңіз.

— Жоқ, рахмет. Таксимен барармын.

Ол әдеттегісіндей жалбақтап өтінбеді. Тек “сау болыңыз” деп сыбыр ете түсті де, асфальт көшемен ілгері жүре берді.

Мен оның соңынан көпке дейін қарап тұрдым. Мойнына тас байлап алғандай басын төмен тұқыртып баяу кетіп бара жатты.

Қанша сыпайы болдым десем де, ойымдағының бәрін бірден ақтара салып, оған қатты кеткендігім үшін өкінгендей болдым. Өстіп тұрғанда, дәл жанымнан бір бос такси өте берді. Мен қол көтерген соң ол жүрісін бәсеңдетіп, көп ұзамай тұра қалды.

Жаңбыр өтіп, денемнің тоңазып қалғандығын таксиге отырған соң ғана сездім.

Жаңбыр бұрынғысынан да күшейіп, көше-көшемен сылдырап су аға бастады. Жүргіншілер көп көрінбейді. Тек мас біреу шалшық суларды шалпылдатып, бұлғақтап кетіп барады. Машина жақындап кеп қатты сигнал бергенде қолындағы арағын асфальтқа түсіріп алып, бізді балағаттап қалып бара жатты.

Үйге жетуімізге бір көше қалғанда осылай қарай жүгіріп келе жатқан бір әйел көрінді. Қолында көтерген нәрсесі бар сияқты. “Тоқта” дегендей орамалын бұлғайды. Машинаның алдыңғы айнасы жаңбыр тамшыларынаң буалдырланып, оны бізге анық көрсетпеді. Әйелдің тұсына жете берген шақта ешнәрсеге көңіл бөлмей, рульмен арпалысып келе жатқан шоферге “тоқтаңыз” дедім.

Машина кілт тұра қалды. Бүйірдегі терезе арқылы бір сәтке жалт ете қалған әйел тұлғасы менің көзіме жылы ұшырап кетті. Бірақ қас пен көздің арасында оны қайдан, қашан көргенім есіме түсе қоймады. Әйтеуір әлгі тұлға маған сондай таныс, сондай жақын сияқты елестеді.

Біз тоқтаған соң бірнеше адым артта қалған әйел балшықты жерді шылп-шылп басып шофер жаққа таянды.

— Ағай, сіз жақын арада босамайсыз ба? Мен ауруханаға асығып бара жатыр едім, — деді әйел ентіккен дауыспен әйнектен үңіліп. — Қызым қатты науқастанып қалып еді?

Әйелдің қорқыныштан сұрланған жүзі, тіпті, дірілдеген ерніне шейін маған анық көрінді. Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді. Ол бір сәтте көзін маған тастады да, селт ете түсті. Күтпеген жерден маған кездесе кеткенінен қысылғандай екі беті албырап шыға келіп, астыңғы ернін тістей қойды.

“Құдай-ау, бұл… көрші әйел ғой! Мәрия ғой. Оның, кешегі қызы ауырып қалғаны ма сонда?!”

Осы кезде шофердің: “Сіз қалай қарайсыз?” — деген даусы менің аз уақытқа ауытқып кеткен ойымды бөліп жіберді. Қапелімде не деп жауап қатарымды білмесем де “мейліңіз, мейліңіз, отырғыза беріңіз” деген сөздер аузымнан еріксіз шығып кетті. Тіпті, ойланып айтқанның өзінде бұдан басқаша сөйлеу қолымнан келмес еді. Шофер “отырыңыз” деп үн қатқан соң әйел есікті ашып, жасқана кеп арт жаққа отырды. Оның ентіккен тынысы, әрбір қимылдаған сайын плащының судыры, анда-санда пыс-пыс еткен қолындағы қызының дем алысы, бәрі-бәрі де менің дәл желкемнен естіліп түр. Әлдеқалай бір сиқырлы күш матап тастағандай қимылдауға, сөйлеуге де мұршам келмей қалды.

— Сіз қай ауруханаға баратын едіңіз? — деді шофер әйелге бұрылып.

— Қалалық ауруханаға. Ой, ағай, мүмкіндігінше тезірек жүрсеңіз жақсы болар еді. Баламның тынысы тіпті тарылып барады.

Шофер жігіт машинасын кері бұрып алды да, жердің кедір-бұдырына да қарамастан ауруханаға қарай ағыза жөнелді.

— Қызыңыз қашаннан бері ауру еді? — деді шофер асфальтқа түскен соң көңілін бір демеп.

— Кешеден бері.

–Жедел жәрдем шақырған жоқсыз ба?

— Жоқ. Айығып кетер деп едім. Түнге қарай тынышталған сияқты еді, таңертең денесі ысып, тамақ ішуден де қалды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25