Тіршілік

Ол осылай тал түске шейін қимылсыз жатты. Бұл ауылдан біржола күдер үзіп, бет алды құла дүз лағып кеткісі де келді. Бірақ сағалар пана, сүйенер тірек қайсы? Кіммін деп барады, кімге барады! Әлде бәріне қолды бір-ақ сілтеп осыдан жеті-сегіз күндік жердегі нағашысына тартып кеткені жөн бе екен? Баяғыда есі кіріп қалған кезінде әкесімен бірге барып қайтқаны бар еді. Бірақ, олардың да айдағаны, баққаны жаттың малы еді ғой, қайбір жетісіп отыр дейсің. Жолын да ұмытып қалған шығармын.

Молдарәсіл орнынан кенет атып тұрды. Жуыла-жуыла шуып тізеге жеткен ақ дамбалмен шолтаңдап кеп самауырдың құлағына жармасты. Ішіндегі орталау суын еселеп, далаға алып шығып жаңқа тұтатты да, оны оттыққа тастап, үстіне бұталған жыңғыл салды. “Іш деп берген екенсіңдер, ішейін…” “…Игілігі-ме жаратай-ын!..” “…Молдарәсіл атқа мініп қайда барып жатыр!..” Самаурын қайнаған соң түтінін басып үйге кіргізді де, дәу табаққа шіпілдете су құйып, қалтаға екі қос уыс көкнәрді бір-ақ салды да, жібуін күтпестен асығыс, ызалана езе бастады. Баппен емес күшпен езілген көкнәр суы біркелкі қоңырқай түстен айырылып, табаққа бір шым-шым сеңкенің ұнын араластырғандай ақшылтым боп шықты. Маңдайының терін сүртіп, ентігін басып біраз отырған соң он шақты кесеге қатар-қатар шай құйып қойды да, табақты үш демалып бітіріп, тізілген кеселерді шетінен сораптай бастады.

Аш өзекке түскен көкнәр буынын тез байлап Молдарәсіл тоғызыншы кесені алғанда, мүлгіп кетті.

Кесе қолдан құлап, шым-шым шайдың тізесіне құйылғанын ол сезген жоқ.

Ауыл адамдары ымырт үйіргенде Молдарәсілдің ес-түссіз талып жатқан үстінен түсіп, ақ беріп ажалдан құтқарып алды.

Сол күннен бастап ол Киеван атанып кетті.

 

                                                   КЕМПІРІ

Шүйкедей қара кемпір көзін ашқанда терезеге тұтылған күнқақты газеттен үй ішінде кепірез түспес сары жем жарық құйылып қапты. Құдай ұрып, шалым тұрып кетіп өзім қалғанмын ба деп жасқаншақ басын оқыс көтеріп төр жаққа қарап еді, Киеван білегіне басын қойып, дәл таң алдында қылжиғанынан мысқыл да қозғалмай көзі ішіне кіріп, талықсып ұйықтап жатыр екен. Қыжымкүлдің жүрегі су етіп, шалына шошына қарады. “Жаратқан ием-ау… Мынаған не болған!»

Ол түрегеліп шалына таянды да, жүзіне еңкейіп, үңіле қарады. “Кеудесінде жаны бар ма, байғұстың?”

— Шал, ау, шал, — деді Қыжымкүл оның иығынан болар-болмас түртіп.

Құсұйқылы Киеван шошып оянып, көзін оқыс ашты.

— А? Не?

Кемпірі қорыққанынан ыршып түсіп, кейін шегінді.

— Не болды, әй, — деді Киеван мүлдем ұйықтамаған кісідей сергек үн қатып. — Жайшылық па?

Қыжымкүл қапелімде не айтарын білмей әрі сасқалақтап, әрі шалымнан таяқ жеп қалар ма екенмін деп үрейленіп, аз-кем мүдіріп тұрды да, қас қағым сәтте жауап қатпаса, анық бір тықырдың төніп келгенін сезіп, аузына келгенін айта салды.

— Жел әлі қоймапты…

— О-о, жынұрған! Есің дұрыс па өзіңнің? Желдің қоймағанын мені оятып айтпасаң болмайтын ба еді. Жина ана бұрымыңды, бұрқыратпай!

Кемпірі ебей-себей шашын жаулығының астына тыққылап жатып-ақ көз қиығымен шалының жастыққа қайта бас қойғанын көріп, иығынан ауыр жүк түскендей күрсініп алды. Сыртта жел әлі гуілдеп соғып тұр. Ол ауызғы үйге шығып пешке от жақты. Сояу-сояу қозапаяның сұйық жалыны дүрілдете сорған суық желдің жемі боп қара қазанның түбін жалап қана өтіп жатыр. Шалы оянғанша ыстық сорпа жасап қоймақ боп қазанға май шыжғырып, пияз турады. Дүрілдеген ошақ дыбысы мен көңірсіген пияз иісі үй ішіне жан бітіріп, бұйығы, жадау көңілді сергітіп тастады.

Ел тоқшылық заманда күніне үш мезгіл қазан асса да осы үйден бірдеңе табылар-ау, бірақ кәрі кемпір мен шал оны қайтеді, қай жеріне жей береді. Құс ұйқылы, құс бөтегелі адамға шайдан жағымды, шайдан жеңіл не бар, әрі, қамыр илеу үшін де саусақта қуат болу керек екен ғой. Бұрынғыдай емес, қазір Қыжымкүлдің илеген қамыры июі қанбағандықтан ба, әлде тұзын не кем, не басым жасап жіберетіндігінен бе, қазаннан түскенде ботқа боп езіліп немесе жентек-жентек боп бірігіп түседі. Осынысы үшін шалынан таяқты да талай жеп, талай боқтау естіген. Қайда-а, оған да төрт-бес жыл өтіп кетті. Қазір шалы ұрыспайды, еттің қамыры ботқа болмақ түгіл атала боп кетсе де көңіл бөлуді қойған. Алдына не әкеп қойса соны жұта береді. Бәлкім, ұрыса беруден жалыққан шығар, бәлкім, өзі сияқты кемпірінің де жыл емес, күн өткен сайын кейін кетіп, шөгіп бара жатқанын, осы тамақтың өзін сүйек-сүйегінің арасында шашылып, қашып жүрген қайрат-күшін жинап әрең дайындағанын, неғыпты, түсінген де шығар.

Қара кемпір кәзінегі тозған кәрі елгезерге бір қос уыс ұн салып екі алақанын жорға сиырдың тұяғындай сыртылдатып елей жөнелді. Сәлден соң түнікесі ұшып, әр жері тем-тем боп қарайған темір табақтағы тұзды суға әлгі бір шөкім ұнды салып, жұдырықтай ғана қамыр иледі. Сонан соң бар салмағын салып жіңішке оқтаумен тықыр-тықыр еткізіп отырып нан жайды. Тамақ ішіліп болған соң шалының бөз қалтасына көкнәр толтырып, шайға дейін тіршілік жайлы үзік-үзік үн қатысып, Киеванның кәйіпі тараған соң ымырт үйіріле-ақ төсек салып жатып қалады. Ал шалы бір жаққа кетсе, білте шамды сығырайтып қойып дәл кешегісіндей өнімсіз түртінектеп жамау жамауға, не болмаса бір сарынмен, бір әуенмен ыңылдай отырып көне серігі — жиде ұршығын иіреді. Шалы келгенше көз ілмейді. Қалжырап қалғып кетіп, талай жылдан бергі пеш жанындағы меншікті орнында отырған бойы арқасын сүйеген жастыққа қисая салуы мүмкін, бірақ әдейілеп төсек салмайды. Осы үйдің босағасын аттағалы бері өзгелер секілді алысқа жолаушы да шыққан емес, алыстан жолаушы да күткен жоқ. Бар білетіні — қара шал, сары самаурын, көкнәр сіңді боз қалта. Ұзақты күні шалының ғана жайын ойлайды, шалының ғана қас-қабағын аңдиды. Мақта терім кәрі-жасты түгел далаға қуғанда ғана адуын бригадирдің тепсінуімен бір-екі күн жүйекке түседі. Бір еңкейсе үш тұрып, ертеден кешке дейін екі қапшық мақтаны әрең жинап, таңертең алған жүйегін басына дейін шығара алмай белін ұстап кешкілік жұртпен бірге үйіне қайтады. Құдай қарасып төсекке алып ұрмаса екі-үш күн тағы тереді, бірақ құдай жарықтық та мұны естен шығармай төрт күн, ары асса, бес күн дегенде пеш жанындағы баяғы құтты орнына жастығын биік салдырып, жайластырып жатқызып тастайды. Ел арасында жүріп үйренген Киеванның тәуіпшілігі осы арада жанға шипа болып, сол жаман шалдың несібесі қаға ма, әйтеуір, ақырындап жүріп аяғына мініп кетеді. Сонан соң Киеванға қосылғалы бергі әбден үйреншікті боп бойға да, қанға да қанып сіңген біркелкі күйбең тіршілік қайта басталады. Дәл қазір сыпыра шетіне жайғасып отырып алып, асықпай-саспай қамыр илеуге кіріскен осы бір кемпір, мынау өмір, мына тіршілік жайлы ойланар ма, ойланса нені ойлайды, іштей нені көксейді, ол жағын әжім айғыздаған алақандай бетжүзінен, тамыры  солған жанарынан әсте аңғара алмайсың. Тағдырдың айдауына қапысыз жүріп, дегеніне қарсылықсыз көнген, тіршіліктің жоқ-жітігі мен тақсыретінің қандай түрін болса да қабырғасы майысып көтеруге әбден көндіккен, өле кетсе он шақты-ақ адам жиылып қыр басындағы көп қорымға бір төмпешік қосып келіп, марқұмның қазан асқан жерінен сүйек асын жеп, құран қайырған соң-ақ көптің көңілінен ұмыт боп жүре беретін, осы бір ешкімге белгісіз елеусіз жанның да бір кезде дәулеті теңіздей шалқыған іргелі байдың үлде мен бүлдеге оранған қарқаралы қызы болды дегенге ешкім иланбас еді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33