Тіршілік

— Заман бұзылды, — деді бір шал, бастары салбырап, шай сораптап қана отырған үй толы кісілерді селт еткізіп.

— Иә-ә, заман бұзылды, — деді екіншісі жүкаяққа шалқалап. — Ақырзаман деген осы-ы…

Елең еткен жұрттың қолындағы кеселер бір сәтке төмен түсіп, екі шалдан тосын да сұмдық бір кесім күткендей біраз мүдіріп қалып еді, сөз бұдан әрі өрбімей тұйыққа тіреліп тоқтап қалған соң кесе біткен ауызға қайта өрлей бастады.

— Жігіттерге боза құйындар, — деді заманға өкпелі шал осы үйдің қожасындай өктем үнмен. — Құдайға шүкір, бас аман, мал түгел, түн жарымда бастарың салбырап жаман ырымға бастамаңдар. Қызымыз қашты, бетімізге салық екені рас, бірақ жат босағаны аттатпай жолдан қайырдық, онымыз әбүйір. — Шал аздап жымиып, бағана жұртты қырып кете жаздаған жігітке иек қақты. — Әй, батыр, жалғыз өзің іше бермей, өзіңнен бірдеңе қалған болса мына жігіттерге де әкелсеңші, — деді.

Жұрт гу ете түсті. Абыр-күбір сөз, күлкі басталып, шайдың сорапталған дыбысы өшті.

Үш түн көрген салқын бозаға толы тостақ, ішем деушілерді екі-үш қайтара аралап шыққанда, жігіттер аяқтарын көсіліп, желпініп қалды. Жұртқа боза құйып, өзі қазан үсті ожаумен ішіп отырған манағы жігіт әп-сәттің ішінде қайта еліріп шыға келді. Сол жақ бүйірдегі қара көлеңкелеу шетте, жұпыны дастарқанды төңіректеп отырған он шақты әйелдер мен қыздарға қарап “бәріңнің!”… деп сыпыра бір боқтап алды.

— Көрдіңдер ме, қашқан қыздың күні қалай болатынын! Жатыр әні аяқ-қолы байланып. Енді ол жұртқа қайтып қарайды, жұрт оған қайтып қарайды. Екінші маған айтпай аяқтарынды қия басып көріңдерші, алдымен өзім өлтірейін!

Жігіттер қарқылдай күлді, шалдар жағының иығы селкілдеді.

— Ойбай-ау… сонда саған айтып кеткен қыз қашқан боп есептелмей ме? — деді шалдардың бірі.

— Есептелмейді! — деді ол үзілді-кесілді қолын сілтеп. Жігіттер қыран-топан, шалдар жағы қарқылдай күлді.

— Неге күлесіңдер, — деді ол еліріп, — неге күлесіңдер! Менің әкем жүз он бірінде өлген, биыл жүз он жетіге келеді. Осы отырған бәріңнен менің жолым үлкен, керек болса бәріңді боқтауға қақым бар. Сондықтан қашам деген қыз маған айтпай кететін болса, барған жерлеріңде тойынды топалаңға айналдырып, шаштарыңнан сүйреп әкелемін. — Ол орамалдарымен ауыздарын басып, сылқ-сылқ күліп отырған қыз-келіншек жаққа қарады. — Неменеге жырқылдайсындар, о бәріңнің!..

— Қой, ей, Сіргебай, бәрін боқтама, — деді жүкаяққа арқасын тіреп отырған шал жымиып.

Реті келсе қайнағаларымен де қақтығыса беретін әзілкеш, алғырлау бір әйел сөзге араласты.

— Сыпыра боқтады деп шамданбаймыз, ата. Міргебай қайнымның бір боқтағаны бәрімізге неден тиеді дейсіз.

Томырайып басталған әзіл-күлкі тасасында қалған төрт жігіт еске түсіп, ендігі назар соларға ауды. Елдің елдігін танытатын, елді ел қып ұстайтын — Сіргебай сияқты қазан бұзар үй тентектер емес, кеудесінде намысы бар осындай жігіттер екені айтылып өтті. Сөз соңында билік жүргізіп отырған төрдегі шал:

— Ал, жігіттер, сендерге жұрт риза. Көсегелерің көгерсін, — деді. — Қызымыздың қайтқаны қуаныш емес, намыстың қайтқаны қуаныш. Не қалайсыңдар, ұялмай айтыңдар қане.

Жігіттер қипақтап үндей алмай қалды.

— Төртеуіңе төрт ат мінгізген дұрыс-ау, — деді заманның бұзылғанын растап, бас шұлғыған шал. — Таңатар сияқты байға со да сөз бе!

Екі шал иығына барқыт бешпет жамылып, күні бойы әзіл-күлкіден оқ бойы алыс отырған Таңатарға сұраулы пішінде көз тастады. Ертеңгілік Молдарәсілді шақыра  келген жігіт осы тұста сөзге араласып әзілдеген болды.

— Молдарәсіл атқа мініп қайда барып жатыр. Мінем десе осы ауылдағы бүтін тұяқтың бәрі соныкі емес пе. Одан да оған жарты қап көкнәр беру керек.

Бұл сөздің ойын-шыны екенін түсінбеген шалдар енді Молдарәсілге қарап еді, ол қызарып төмен қарады. Жиын-топта сөз айтып көрмеген байғұс не деп жауап берерін білмеді. “Өзгелерге бір-бір ат, саған бір атым насыбай берейік, ризамысың?” десе, дәл қазір ол сыйлық салмағын көңілде таразылап жатпай-ақ бас шұлғып разылық білдірер еді.

— Ал қане, айта ғой қалауыңды, ұялма.

— Ұялатын несі бар, көкнәр ғой қалауы, — деді әлгі жігіт. Молдарәсілдің іші мүсатыр жалағандый мұздап кетті. “Неменеге қабаттаса қалды қақаңдап?”

— Болсын ендеше. Үш ат, жарты қап көкнәр. — Көзін жерден көтермеген бойы Таңатар тіл қатты.

— Серіктеріне басы бүтін ат беріп жатқанда, Молдарәсілге жарты қап көкнәр беріп шеттетпейік. Бір қабын алсын.

— Әумин! Игіліктеріңе жаратыңдар!

                                  * * *

Молдарәсіл бір қап көкнәрін арқалап, үйіне таң ата келді. Шам жаққан жоқ. Шақпақ шағып, білте тұтатып жататын уақыт қайда. Кірген бетте көкнәрді бұрышқа тастай салып, төрге барып етпетінен құлай кетті. Көкірегі удай ашып, екі көзінен жас сорғалай жөнелді.

Неге, не үшін жылап жатқанын өзі де білмеді.

Тіршіліктің әр күнге бөлінген ыстық-суығы мен ауыртпалығы қанша салмақты болса да, сол ауыртпалық жүрегін қанша тырналап, көзін жас буса да ол меңіреу үйіне сүйретіліп кіріп, беймаза түнді жастық құшақтап өткізген соң-ақ көкірегіндегі кірбің сібірлеп атқан таңдай бірте-бірте сейіліп, орнынан тұрғанда бәрін ұмытушы еді, бірақ, дәл осы жолғы қалжыңға қайып тігілген кемсіту мен қорлық жілік басына үймелеген сарысудай, ертеңгілік көзін ашқанда да, көңілінен кетпей кілкілдеп тұрып алды. Оянған бетте аяққа мінетін қанға сіңді қасиетін бүгін ұмытып, кірпігін бағана ашса да көрпесіне көміліп әлі жатыр. Қарақшылар сабап кеткен айдаушыдай бойы дел-сал.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33