Тіршілік

— Әлбәттә, әлбәттә…

Бұдан соң әңгіме көпке созылған жоқ, самауырдың гүжілі басылар-басылмастан босағада жатқан көп кебістің бірі де қалмады.

Молдарәсіл жападан-жалғыз ұзақ отырды. Бұл шаңырақтың астында ол бір бүгін емес, орнынан тұра алмай кәріп боп та жатқан. Бірақ, солардың бірде-бірінде де ол дәл қазіргідей жалғыздық сезініп, көкірегін белгісіз мұң аш мысықтай тырнамап еді.

Ол ағаш табақты бері тартып, былбырап жібіп тұрған көкнәр қалтаны бар күшімен быж еткізіп қысып қалды. Көкнәрдің табымен сарғыш тартып тұрған су лезде қоп-қоңыр боп шыға келді. Тізерлеп отырып алып тұзы ащы қамыр илегендей бар салмағымен тағы да езді. Су ағаш табақтың түсіндей қап-қара болған кезде ол басқа ыдысқа құйып жатпай-ақ, ернеуінен басына бір-ақ көтерді. Сонан соң самауырға қарама-қарсы отырып алып білекті түрініп тастап, жалғыз өзі шайға кірісті.

Бұл үйге әуелден-ақ көп адам келе бермейтін, ал бүгінгі мәслихаттан кейін басқалар былай тұрсын, қолы бос еріккен шалдардың өзі бас сұғуды қойды. Молдарәсіл екі-үш күн бойы далаға шықпай жатып алды. Өлі ме, тірі ме дейтін бір пенде болсашы. Дәл осы кезге шейін ол өзін осы ауылдың бел баласы санап, егер ауырып-сырқай қалсам бүкіл жұрт боп шулап, көңілімді сұрауға шұбырып келетін шығар деген берік байламда еді, бірақ екі күннен бері есігінен тірі пенденің сығаламауы алдың күні-ақ шалдардың сөзінен секем алған көңілін біржола суытайын деді. “Япыр-ау, сонда пәленше-екем мынадай, пәленше-екем анадай” деп арқадан қағып, қолпаштап жүрген талайлар мені оп-оңай-ақ ұмыта салғаны ма? Мен іздемесем, мені іздейтін бір адамның жоқ болғаны ма сонша? Осы бойы өле кетсем, жаназам да шығарусыз қалатын түрі бар-ау, шамасы!”

Оның осы ойын аңдып тұрғандай, сыртқы есік шиқ етіп оқыс ашылды. “Әп, бәсе, — деді ол жүрегі лүп етіп, — әп, бәсе, неге іздемесін, неге жоқтамасын. Келді ғой біреуі!”

Келген адам ішкі үйге кіргенше ол көрпесін бүркенген бойы қимылсыз жата берді.

— Молдарәсіл! — деді анау ентіге сөйлеп, — ау, Молдарәсіл!

Ол көрпесінен басын қылтитып келген адамға қарап: “Әу”, — деді ауру адамдай ақырын ғана.

— Ойбай-ау, аяқ жағыңда жиылмаған дастарқан, бұ жатысың қай жатыс. Тұр, бол!

— Не боп қалды?

— Не болғанын қайтесің, тұр жылдам! Таңатар ақсақалдың кенже қызын түнде біреулер алып қашып кетіпті. Іздеу керек!

Молдарәсіл орнынан салбырап, еріне көтерілді. Басын таңып алған үлкен шаршы орамалын шешіп белін буынды.

— Кімдер екен?

— Ит білген бе, кім екенін.

— Жүре бер, қазір барам.

Келген адам шығуға беттей берді де, көкнәр езген дәу табаққа бір, Молдарәсілге бір қарап:

— Өзің әбден киеван боп алғансың ба, немене? — деді. Молдарәсіл тырс етіп тіл қатқан жоқ, үндемей киіне берді. Жауап ала амаған сұрақ иесі ет шайнам уақыт әрі-сәрі боп тұрды да, тез-тез басып шығып кетті.

Ауылдан күн қазық бойы көтерілгенде төрт жігіт боп шыққан бұлар ат ізімен жүріп отырып, түс ауа қызды алып қашқан үш жігітті Сайрамға жетер-жетпесте қуып жетті. “Аяқ-қолын байлап, аузы-мұрнын таңып әкетпесе өз еркімен кетпейді” деп ауыл боп ақтаған қыз бір өзі жеке атқа мініп, үш жігіттің ортасында сылқ-сылқ күле-еп бара жатыр. Түстік жерден өткен соң қуғыншы келе қоймас деген жігіттер ат тізгінін бос тастап, қарқ-қарқ күліп, қаннен-қаперсіз жүріп келеді. Бір қырдан аса бергенде алдын орап сабаудай төрт жігіт өкпе тұстан сау ете қалды. Қарқ-қарқ, сылқ-сылқ күлкілер пышақ кесті тыйылып, батырсынған үш сабаз мәді көргендей тілдері күрмеліп қалды. Намыс кернеген қарулы төрт жігіт қарап тұрсын ба, аналар есін жиям дегенше аттан аунатып түсіріп, мес қып сабап, шылбырларымен үшеуін қатар-қатар ат құйрығына байлап, қойдай тізілтіп айдады да жіберді. Үшеуін тізбектеп байлаған атқа қамшы басып қалғанда өкшелері жерге бір тиіп, бір тимей қыз алып қашқан батырлар дедектеп алып жөнелді.

— Ауылдары жақын қалып па еді? — деді Молдарәсіл ебіл-дебіл жылап тұрған қыздан.

Қыз үндемеді:

— Жақын қалып па еді деймін, айт жаныңның барында!

— Иә…

— Е, онда өлмейді, тізбектеліп қазір-ақ жетіп барады.

Төртеуі жер жаңғыртып қарқылдай күлді.

— Күйеу бала қайсысы? — деді төсін жүн қаптаған жалтырбас біреуі,— алдындағысы ма, артқысы ма, әлде ортасындағы ма?

— Соңғысы…

— Аха-ха-ха-ха!..

— Бә… Бәсе, жаутаңдап қарай береді.

—Қайтсін-ай, ғашық деген оңай ма, қимай барады.

— Өзі жақсы жүгіреді екен, ә! Аттың құйрығына бекер байлаппыз, күйеу баланың құйрығына атты байласақ қой, ендігіде үйлеріне де жетіп қалар еді!..

— Ах-ха-ха-ха!

— Уһ-уһ-уһ-уһ.

Ел жатар уақыт болса да сеңдей соғысып, тайлы-тұяғымен далада өріп жүрген шағын ауылдың барша адамы бұлар қашқан қызды атқа өңгеріп әкелгенде желді күнгі қураған қамыстай шулап қоя берді.

Бірер сағаттан соң арыны басылған өзендей шу да бәсеңсіп, жөнді-жөнсіз сабылған адамдар саябырсыды, “ол қызды өз қолыммен өлтірем” деп дүйім жұртты қырып кете жаздаған қыздың бозаға мас бір жақын туыс ағасының мастығы тарқап, түн жарымында шай ішуге отырған көп кісілердің етек жағынан момақан пішінде орын алды. Қыздың әке-шешесі бетімен жер басып, дәл бүгін өлік шығарғандай үнсіз отыр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33