Тіршілік

Өлмеген құлға келесі жаз да келіп жетті. Кемпірінің тұралатып кеткен қайғысы аздап көмескіленіп, бұл да бірте-бірте дауыстап сөйлейтінді, күлетінді шығарды. Немересінен хат кеп тұрады. Әжесінің дүние салғанын оған есіттірген жоқ, келген соң бір-ақ білсін деп шешті. Оның келетін күні жақындаған сайын Киеванның көңілі толқып, сабыры мен дегбірі қаша бастады. Осыдан екі-үш ай бұрын көрші ауылдағы молданың екі жылдан бері сырқат әйеліне ем жасап еді, құдай сәтін салған ғой, әлгі құлан-таза сауығып, аяғына мініп кетті. Риза болған молда Киеванға тай сыйлады. Қолға үйренген жуас тай екен, енді Киеван ауыл-ауылды ақ табан боп жаяу араламай, атқа мініп жүретін болды. Тақымы ерге тиген соң көңілі өсіп, кәдімгідей бір жасап қалды. Немересінен келесі аптада барам деп хат келді, Киеван дәл былтырғыдай колхоздың кассасынан алты айлық пенсиясының есебінен тағы да төрт жүз сом алып, немересін той жасап күтіп алуға дайындалды. Ол оны күтіп алады. Бұл баланың суретін ғана көрді, әкесі қандай еді, әкесінің әкесі кім — ол жағы бір құдайға ғана аян. Бірақ, бәрібір ол Молдарәсілов боп жазылады, бұл тарыдай шашылып, қауындай жарылып той жасайды. Көкнәрлік жерін айдатып тастаймын деп қоқаңдайтын бригадирмен басқаша сөйлеседі. Сөйтіп дүние — дүние болғалы бері сан жетпес ғасырлар бойы сарыла күтіп, жаңа қолы жеткен мына өмірден жетпіс-сексен жыл ғана бұйығы тіршілік кешіп, белгісіз тұңғиыққа қайта аттанады.

 

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33