Тіршілік

— Қазір бір ұрттам көкнәр ішсең дым да қылмайды. Шошаң етпей жайлап тұрмайсың ба?

Кемпірі біршама мең-зең боп тұрды да, самауырды көтеріп сырт-сырт басып далаға шығып кетті.

Кәрі сүйекті қайғы да, қуаныш та бірдей тұралатып кетеді екен. Кемпір мен шал балаша қуанып, көрші-қолаңдардан екеуі екі есек сұрап алып, жиырма шақырымдай келетін базарға барып, көңілдері мен қоржындарын толтырып қайтып келгенде, жүрек жарар тағы бір қуаныштың үстінен түсті. Почташының сегізінші класта оқитын немересі бұлар ауыл шетіне келе бергенде алдарынан жүгіріп шықты. “Ата, әже, сүйінші!” деді. Қолында сарғыш конверті бар.

…Әскердегі немерелерінен кепті.

Екеуі есектен түсе қап, май топырақ жолдың үстінде оқытты.

“Жаннан артық көруші атамыз Молдарәсіл, әжеміз Қыжымкүл, — деп бастапты хатын немерелері: Жамиға әпкемнен сіздердің бұ жалғанда бар екендеріңізді білгенде төбем көкке жеткендей қуандым. Енді мен де біреуді әже дейтін болғаныма шексіз қуандым. Құдай-ау, бұл өңім бе, түсім бе деп көпке дейін қолыма қалам ұстай алмадым. Енді сіздерге қарай ұша жөнелуге қанатым ғана болмай тұр. Бір жылдан соң әскерден босаймын. Сонда тура ауылға, өздеріңізге барам. Осыдан жеті ай бұрын ғана отпускіде болып қайтып ем, енді сұрағанмен бәрібір жібермейді. Қазір службам жақсы. Денсаулықтың арқасында армиялық борышымды ойдағыдай атқарып жатырмын. Жақында марш-бросок болды. Ол өте қиын. Қатты шаршадық. Мен бәрінен озып шықтым. Батальон командирі солдаттарды қатар-қатар тұрғызып қойып: “Молдарәсілов, бері шық!” — деді. Мен алға шықтым. Командир жұрт алдында маған алғыс жариялады…”

Киеван хаттың ар жағын ұға алмады. Қолы қалтырап құлағы шуылдап кетті.

— Не дейді, құдай-ау не дейді! — деді ол баланың білегінен шап ете түсіп. — Молдарәсілов?! Қайта оқышы, айналайын, әлгі жерді қайта оқышы.

Шалдың көз алды бұлдырап кетті. Күн қақтаған еріндері дір-дір етіп “Молдарәсілов” деген сөзді қайталай берді. “Молдарәсілов” дейді, ә? Құдай-ау, мені ұмытпағаны ма оның? Мына тозған жаман шалдың атын ұмытпағаны ма оның? Көрсеткеніңе шүкір!

Киеванның иегі кемсеңдеп, көзінен аққан жас ыстық май топыраққа тырс-тырс тамды.

Кемпір тағы мұрттай ұшты. Өткендегідей, емес, төсекте жатса да сөзден қалмады.

Олар базардан алып келген өрік-мейіздерін дастарқанға салып, көрші қолаңдарына шай берді. Ауылдың көкнәр ішетін шалдарын теріп шақырып, Киеван оларды жақсылап тұрып сыйлады. Қыжымкүл жатқан бөлмеге өзі қайта-қайта барып, дабырлап сөйлеп жүр, күліп жүр. “Енді теңелдік, кемпір, екеуміздің ортамыздағы сөнген шырағымыз қайта жанды” деп қояды.

Әскердегі немерелері хаттың ішіне суретін салып жіберген екен. Кемпірі көз тиеді деп көп адамға көрсетпей төсіне басып жатыр. Қайта-қайта қарайды, қараған сайын бода-бода боп жылайды.

Ет пісіп, қамыры түсіріле бергенде қазан-аяқ маңында жүрген бір кемпір Киеванға:

— Әй, көкнәрші, ана Қыз Жібегіңді тұрғызсайшы, —деді. — Немересінің той дәмі ғой, ауыз тисін көпшілікпен бірге.

Киеван кемпірі жатқан бөлмеге сөйлей кірді.

— Қуаныш жарығымның суретін өзің көріп-ақ сарғайтатын болдың ғой. Мейірімің қанбаса да көңілің тояттаған шығар, шамаң келсе тұр, көпшілікпен бірге тамақ іш.

Кемпірі қозғалған жоқ.

— Ей, мынаған не болған, есің дұрыс па өзіңнің! — деп Киеван кемпірінің бетінен қолын жұлқып көтеріп қалғанда оның шаңыраққа қарап аларып қатып қалған жанарын көріп, бойы мұздап сала берді.

— Далбасалама! — деді ол қуарып. — Мұның не?! –Ұстындай ұзын Киеван теңселіп барып кемпірін құшақтай құлады.

— Байғұсым-ау, бір уыс болған байғұсым-ау, — деді ол кеңкілдеп. — Мені тастап кеттің бе? Немерең келе жатыр ғой, немерең… Момыным-ау, тірегім-ау?!.. Еһ-еһ-еһ-е-е…

Киеванның даусын естіп топ адам ішке кірді.

Төр алдында қаннен-қаперсіз Қыжымкүл жатыр. Байдың қызы боп дүние қызығын көрмей, адам болып алысқа ұзап жол қызығын көрмей, әйел болып әуелгі жар қызығын көрмей, ана болып бала қызығын көрмей, жетпіс жыл ғұмыры күйбең тіршілікпен тураған еттей зу етіп өте шығып, бұ дүниеден аттанып кете барды. Әке қайда, ана қайда, толып жатқан ағалар қайда, шешесі өлгенде мола басында шырқырап жылап қалған іні қайда? Әкесінің конфискеге ілініп айдалғанын естіген, шешесінің өлімін естіген жоқ, естімесе де кәрілік жетіп көз жұмған шығар деп ойлаған, ал, қалғандары ше? Бар ма, жоқ па, бар болса мына жалпақ жердің қай бұрышында, қай түкпірінде жүр?

Шүйкедей кемпірдің бұйығы кеудесіне сары сем боп қатқан шер-мұңы жібімеген бойы қабірге бірге кетіп бара жатқанын шуылдап жылап тұрған мына көрші-қолаңдар білер ме? Олар үшін бір адам туылды, бір адам өлді, бары сол ғана, тек сол ғана. Қабіріне жас топырақ үйіп, моласының басына кетпеннің сабын сындырып қадағаннан кейін-ақ күллі жұрт оны ұмытады. Оны ұмытпайтын, оның кеудесінде қаншалықты зіл-батпан өксікті арман кеткенін білетін бір-ақ адам бар, ол — шапанының етегі делектеп, көкнәрға салынған, шүңірек көз, серейген Киеван ғана.

Серейген осы Киеван шалдың денесіндегі барлық сүйек тек кәрі жіліктен жаралған ба, қасындағы жалғыз серігін жер қойнына тапсырып жалқы қалған соң да ілініп-салынып тіршілік соңынан ілесе берді. Күні бойы үй бетін көрмей ауыл-ауылды аралап, жасар тәуіпшілігін жасап, өзіне керекті көкнәрін тауып, түннің бір мезгілінде қайтып оралғанда шам жарығының алдында қыбырлап тірі отырған кемпірі де көп сүйеу екен ғой. Енді мүлде жалғыз қалып мына үй тірі молаға айналды. Шайды өзі қояды, өзі демдейді, көкнәрін де өзі езіп, жападан-жалғыз кәйіпке түседі де, таңертең сол отырған орнынан тұрады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33