Тіршілік

— Ақсақал, — деді почташы дауысын бұрынғысынан көтере сөйлеп. Киеван бұған жалт қарады да, “Ассалаумәликүм” деп асығыс амандаса салып сөзін жалғай берді. — Заң менің жағымда, білдің бе, мына менің жағымда.

— Ақсақал, кемпіріңіз хал үстінде жатыр. Үйіңізге кісілер жиналып қалды, — деді почташы оның назарын аудару үшін төтесіне бір-ақ кетіп.

— А? Менің кемпірім бе? — деді Киеван бері бұрылып.

— Иә.

— Е, онысы несі?

— Бір сағаттай болды, қысылып жатыр. Дәрігер де сіздің үйде.

— Көкнәр бердіңдер ме?

— Жоқ мұршамыз болған жоқ.

— Қап, айтқан тілді бір алмайды ғой, «таңертең тұра сап бір қасық көкнәр ішіп ал» деп құдайдың зарын қыламын. Дәл көкнәр егетін кезде… Әй, бала, — деді ол бригадирге бұрылып, — кешке кеңсеге барамын. Бастығың көнбесе тура райкомға хат жазамын. Бәріне осыны айта бар.

Киеван ала шүберекке түйілген көкнәрдің ұрығын жерден көтеріп алды да, кетпенін күндегі әдетінше сол жерде қалдырып, почташының соңынан ерді.

Есік алдына жиналған кісілер кемпірді атқа отырғызып, дәрігер оны қапсыра құшақтап алып ауруханаға кеткелі жатыр екен. Киеван келді де бәрінің ұйқы-тұйқысын шығарды. Көкнәр ұрығы түйілген шүберегін күншуақтағы көрпеше үстіне тастай сап аттың шылауына жармасты.

— Ақсақал, мұныңыз қалай? Ауру адамға дер кезінде көмек көрсетпесе кеселі асқынып кетеді, — деді дәрігер ашуланып.

— Шырағым, оның кеселі асқынатын кесел емес, кәріліктің кеселі. Тастап кет, әуре болма, — деді Киеван мәмлеге келе қоймайтын өжет те қасаң дауыспен. — Ойпырмай, үйінде отырып біреу түшкірсе де жетіп келеді бұлар. Басқа аурулар құрып қалды ма түге, әлде, дәрілеріңді өткізе алмай отырсыңдар ма? Жоқ, айналайын, Алла разы болсын, тастап кет. Өзім емдеймін.

— Ақсақал, — деді дәрігер бұл жолы дауысын қомдап, — совет медицинасы тәуіпшілікке жол бере алмайды. Тізгінді босатыңыз!

Киеван дәрігерге шүңірек көзімен тесірейе қарады.

— Әй, сен қай баласың? Ана, бір көзі шиша, ақсақ падашының ғана жалаңбұт жүрген ортаншысымысың?

Дәрігер сәл ыңғайсызданып, қас қағым сәт үнсіз қалды да:

— Болсақ болармыз, онда тұрған не бар? — деді.

— Е-е, бұлардың бәрі әліне қарамай тумай жатып шетінен зәкүншіл. Шешелеріңнің қойнына әкелерің емес, зәкүн түнеген бе осы, а?

Дәрігерді ашу мен намыс кернеп, қып-қызыл боп кетті.

— Ақсақал, — деді ол шарт етіп, — арға тимей сөйлеңіз. Мұндай сөзіңіз үшін сот алдында жауап бересіз, білдіңіз бе?

Киеванның еңкіш кеудесі шыбықтай иіліп, кеңкілдей күлді.

— Бә… бәрекелді-е… Сөзіңе болайын. Мені соттат енді… соттат… Ых-хх-хи-хи-и… Сөйтіңдер. Он жылға соттатып жібере алсаң кәніки, сексеннен асып қалар ем.

— Егер мына кісі, — деді дәрігер қапсыра құшақтап отырған кемпірді қозғап қойып, — айтқан жерден аулақ, анау-мынау боп кетсе сіз жауап бересіз. Қысылып жатқан адамға дер кезінде көмек көрсете алмауым сіздің кесіріңізден. Актіде солай деп ашық көрсетем.

— Ойбай-ау, — деді Киеван жұртқа қарап, — мынау не дейді– ей,а! Кемпір сенікі ме, менікі ме? Мені тап бір әмірикадан келгендей… Әктілеймін дейді ғой маған барып. Осы кемпірді күндіз-түні бағып отырған адам сияқты. — Ол дәрігерге қайтадан бұрылды. — Әктілемек түгілі, әктесең де кемпірімді бермеймін, түсір аттан. Тозып тұрған терісін жуалдызбен қырық тесік қылмақсың ғой. Түсір деген соң түсір!

Киеван дәрігердің қолын сілкіп тастап, былқ-сылқ еткен кемпірін аттан түсіріп алды. Отасқалы бері кемпірін көтеретін сәттің келгені осы ғана. Жеп-жеңіл екен. “Күнәсі жоқ қой деймін байғұстың” — деді Киеван іштей, оны көрпешеге жатқызып жатып.

— Ойпырмай, су, тым болмаса бір жұтым су берсеңдерші, — деді баяғы кемпір самауырдан кесеге су құйып әкеліп.

Киеван кемпірінің басын көтеріп, ерніне кесені тигізді. Кемпірі аузын ашпады. “Сорың құрғыр, — деді Киеван оның басын көтере түсіп. — Қайдан сап ете қалған. Бағана ғана жаңа түскен келіндей қақаңдап жүр еді”.

Ол кемпірінің тамырын ұстады. Көзін жұмып ұзақ отырды. Кейінгі жылдары тамыр ұстап, тәуіпшілік жасайтын әдет тапқан. Айтқандары кейде дұрыс, кейде бұрыс шығады  Бұрыс шыққандары бұдан жерініп, дұрыс шыққандары табынып жатады. Көкнәрін де көбінесе соның арқасында ажыратып жүрген жайы бар.

— Шошыған екен, — деді Киеван көзін ашып. — Ой, Алла-ай, бұл неден қорқып жүр?

Ол кеседегі суды самауырдан жаңалап құйып, оған екі атым насыбайдай тұз, сонан соң үйдің ішкі маңдайшасында ілулі тұрған адыраспанның төрт-бес дәнін үгіп салды да, күбір-күбір дұға оқып, кемпірінің бетіне шашып жіберді.

Қыжымкүл көзін ашты.

— Сорың құрғыр, «бісміллә» де, — деді Киеван оны сілкіп. Кемпірі тілге келмей балпиып жата берді. Әлдене айтпақ болды-ау, ернін бір-екі қимылдатты да, сөйлеуге шамасы келмей қимылсыз қалды.

Маналы бері бұл оқиғаның себебін білсе де айтуға мұршасы болмай, қолайлы сәтті күтіп отырған почташы Киеванға жақындап:

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33