Тіршілік

Киеван ошақ жанында қара құмандай боп қушиып отырған кемпірін сонда ғана көрді.

— О, мұнда болмай кет сен, мұнда болмағыр! Құрып неге кетпейсің бүйткенше…

Киеван жоғарыдағы оқтауды алып, кемпірінің жауырынынан салып-салып жіберді, бейшараның қырым еті жоқ екен, оқтау ағашқа тигендей тақ-тақ ете қалды. “О, жасаған! О, құдірет! Ойбай!” — Оқтау тиген сайын кемпірі бір селк етіп, осы үш сөзді қайталай берді. Былтыр да дәл осылай кәйіпін бұзып еді. Онда қолына оңтайлылау, ауырлау нәрсе түсе қоймай шалы керзі етікпен ұрған. Төрт рет жауырынынан соққан. Иманды болғыр, қанша ашу қысса да бастан ұрмайды, әйтеуір. Бұл жолы Киеван үш дүркін оқтау сілтеді. “Төрт рет ұрушы еді ғой, — деді іштей кемпірі. — Нағып үш рет боп қалды?” Ойын аяқтаймын дегенше оқтау тағы тарс ете түсті.

— Ойбай! Айттым ғой…

— Нені айттың, нәлеті-ау, нені айтып ең…

— Төрт рет ұрады деп…

Шалы шүңірек көзін сықситып, оған аңтарыла қарады.

— О, мәлжубас. Санап жүр екенсің ғой сен, мәлжубас-а?! Мә, ендеше! Беске шейін сан білсең сана да жат!

Бесінші соққы кемпірге ауыр тиді. Үйреншікті “ойбайын” да, “жасағанын” да айта алмай жай ғана қинала ыңырсып қойды. Төртінші соққыдан кейін біттіге санап, қолымен жер тіреп тұра беріп еді, тілінен тапқан үстеме “сыбаға” қайта шөктіріп, ол мұржаға қолын тіреген бойы қимылсыз қалды.

— Қап, мына алжыған неменің қылығын-ай, ә! Дуана боп, бетімнің суын бес төгіп өлдім-талдым әрең тапқан көкнәрді зая кетірдің-ау, нәлеті!

— Қайтадан езіп көрсеңші, бір ішім қалған шығар…

— О, үнің өшкір, әлі сөйлеуге шамаң бар екен ғой. Бір ішім қалса ертең күн жоқ деп пе ең!..

Киеван жыларман халде тұр. Бір тәулік бойы үй мен үйдің итін абалатып, табанын ақжем қып жүріп әзер тауып келген бір-екі ішім ғана көкнәр күйігінің шалына қалай батарын кемпірі біліп тұр. Біліп тұрған соң да қазіргі өз халінен гөрі Киеванның халін ойлап, оған жаны ашып тұр.

— Отыр… Ойбай… Отыра берсеңші үйге барып. Қазір шайды еселеп апарайын. Тағы жаннәсіп… Ертең мен-ақ іздеп тауып әкелейін.

Кемпірі сүйретіліп орнынан тұрды. Шалы оған сүзіліп, еңкіш кеудесі онан сайын бүгіліп ұзақ қарады. Оның сыпыра астынан балтаны алып май сіңген жарты шпалды сол аяғымен басқанын, сонан соң балтаны жоғары көтеріп, ағарып жатқан ұшқыны тырс еткізіп бір салып өткенде, бір жаңқа да ұшыра алмағанын, енді, екі-үш сілтесе, балтаның сабындай қоп-қоңыр әлсіз білегі қоспасынан үзіліп түсердей майысып бара жатқанын көрді. “Жаны сірі-ай өзінің, — деді Киеван ішінен. — Қанша таяқ жесе де отын бұтайтын қауқары бар!”

Ашу-ызасы мен күйігі әлі бұрқырап, кеудесін көрікке қызған темірдей қарып бара жатса да, сол күйінішімен араласып мына дәрменсіз, момын кемпіріне жүрек түбінен бір жанашыр сезім шақпақ тастың ұшқынындай жылт ете қалды.

— Мәлжубас! — деді шалы күңк етіп. — Қайнат шайыңды тездетіп!

Киеван төрдегі салулы көрпеге кеп отырып, жүкаяқ қасында жатқан кенеп дорбаны алды. Бу боп ұшып кететіндей аузын шиелеп байлап тастаған шыжым жібін асықпай шеше бастады. Шешіп болып ішіне қолын сұқты да, дір-дір етіп бір уысын алып шықты. Онысын әлгінде көкнәр езген боз қалтаға салып, кенеп дорбаның аузын енді қайтып шешпейтіндей тас қып байлап тастады.

Сәлден соң кемпірі самаурынды гүжілдетіп алдына әкеп қойды.

Қырдағы ауылдың әтештері үшінші рет шақырғанда, Киеван көкнәрға жаңадан кірісе бастады. Бағанағы кептің бәрі басынан қайталанып, кемпірі таң сыз бергенше шалына шай құйып беріп отырды. Кәйіпі бойға тарап, шөлі қанған соң Киеван жастыққа қисайған бойы қалғып бара жатты. Әлден соң кемпірі буын-буыны сытырлап орнынан тұрды да, кесе-шәйнектерін тықырсыз жинай бастады. Бәрін дәлізге тасып болып, шалының үстіне көрпе жапты, өзі білте шамды өшіріп, жаңа отырған жеріне кеп қисая салды. Әбден қалжырап қалған екен, жамбасы көрпешеге тиген бетте-ақ маужырап ұйықтап кетті.

Далада таң атып қапты. Үй ішіне бозғылт сәуле түсіп тұр. Бірі төрде, бірі тіреудің түбінде ұйықтап жатқан кемпір мен шалдың қалжалары қарайып қана көрінеді.

* * *

Осы бір көкнәр деген бәлеге қалай құмартып соңына қалай түсіп алғанын өзі де білмейді. Ілгеріде, осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын қатты ауырып, топ етіп төсек тартып жатып қалғаны бар. Жұрттың дәрігер дегенді естімеген, есіте қалса тұра қашатын кез. Бұл үйінде үш-төрт күн жатып қалды. Сонда ауылдың бір тәуібі кеп зерен тостаққа толтырып, қап-қара ғып көкнәр езіп беріп еді. Құданың құдіреті, сол шынымен шипа болды ма, әлде көңілге медеу берді ме, ертесіне басын көтеріп тамақ ішетін болды, тағы екі күн өткен соң құлан-таза сауығып шаруаға араласып кетгі. Сол-сол басы ауырып, балтыры сыздай қалса ем-домға жүгініп жатпай ауылдағы көкнәрші шалдарға жүгіретін. Ол кезде не көп, көкнәрші мен апиыншы көп, рахат бір заман еді ғой. “Пәленшеке, қалтаңызды шығарыңызшы” десе, бүгінгідей бәлсінбей, қалтасынан баданадай-баданадай аппақ көкнәрдан мол қолымен алып, саудыратып тұрып салар еді. Сонан соң “бәйбіше, самауыр қойып жібер” деп мақпал дауыспен айқайлап қойып, “иә, шаруа қалай?” деп есен-саулық сұрап, қоңыр дауыспен өткен-кеткенді майын тамызып жіпке тізер еді. Ауыл бойынша мұның жақсы көретіні, іздеп, айызы қана әңгіме тыңдайтыны Жүзбай көкнәрші еді. Екі беті нарттай, жасы алпыстан асса да сақал-мұрты қап-қара, сүйегі мықты болатын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33