Тіршілік

Почташының оған жаны ашыды.

— Жеңеше-ау, ол кім еді, туыстарың ба?

–Туысым, туысым. Өшкен шырағым қайта жанды ғой, Сендібай-ау!

— Қой, қой, енді жылама. Ар жағын оқып берейін. Менің де жұмыстарым көп.

Қыжымкүл сүт пісірімдей армансыз жылап, көзінің жасын біршама сарқылтқан соң кимешегін түзеп, өзіне-өзі келді. “Оқы, оқи бер әрмен қарай” — деді, орамалының ұшымен мұрнын сүртіп.

Хат ұзақ жазылыпты. Почташы аяғына шейін ежелеп оқып шыққанша бір сағаттай уақыт өтті. “Қойдым, қойдым” деп отырғанмен бір сағат бойы кемпір жылаумен болды.

“…Апам марқұм, балаларының қызығын көре алмай кетті, – деп жалғасыпты хат. — Өлерінің алдында бәрімізді  шақырып алып: “Аман болындар, бір-біріңе сүйеу болыңдар. Біреудің баласы қолымда жетім боп қалып бара жатыр. Шешесіне табыс етіңдер”, — деп еді. Ол кісі өлген соң бізді алыс ағайындарымыз көшіріп әкетті ғой. Тоқсанды іздеп келіп таппай қалған шығарсыздар. Жаңа өкімет орнап, байлар конфескеленіп, ағайын-туысты іздейтін жағдай болмай кетті емес пе. Тірі болса бір дерегі шығар деген үмітте жүре бердік. Баяғы бесеуден қазір үшеуіміз бармыз. Оспан мен Қоспан соғыста қаза болды. Тастан мен Досжан қазір тірі, олар да соғысқа барып келген. Тастанның бір қолы мүкіс, осы маңдағы колхозда бүғалтір, ал Досжан Петропавл облысының бір ауданында райком секретары. Қатынасып тұрамыз.

Сіздің Тоқсаныңыз да соғыстан келмеді. Әскерге кетерден екі жыл бұрын трактор айдап жүріп үйленген болатын. Үйленіп алған соң сіздерді іздеймін деп жүруші еді, әні-міні қаражат жинаймын деп жүргенде соғыс басталды да кетті. Сол кезде Молдарәсіл жездемнің нағашысы нағып есімізге түспегенін қарашы, әлі өкінемін. Тоқсан ең кішіміз болса да соғысқа бірінші боп шақырылды. Ол кезде баласы бар еді. Еңбектеп қалған кезі болатын. Жылап аттанды. Бәріміз де жыладық қой. Баласының бетінен сүйіп тұрғанда көзінен аққан жасын көріп біз де егіліп, қоя бердік. Есіме түссе әлі жылаймын. Өзі жетім өсті, баласы тағы жетім қалып бара жатыр. Әйелінің толғағы ауыр болды ғой. Үйде босана алмай қаланың ауруханасына алып кеткен. Ақыры, сол толғақтан қайтыс болды. Доқтырлар баланы ішті жарып алды. Атын Қуаныш қойғанбыз. Ол да ер жетті. Қазір әскерде. Бір жылдан соң келеді. Сол баланы көздеріңіз тіріде тапсырсам анамның өсиетін орындап, арманыма жетер ем. Егер бұл хат ғайыптан-тайып қолдарыңызға тие қалатындай күн болса алдық деп жазыңыздар, мен оны Қуанышқа хабарлайын. Дәл қай жерде екендеріңізді білсем жұмыстан сұранып өзім де барып қайтамын ғой…”

Үйіліп-төгіліп төбеден бір-ақ түскен бұл хабар әлжуаз кемпірді жерге жаншып кетті. Ол ес-түссіз талып түсті.

Елдің тұрмысы жақсарып, жапа-тармағай қырға жаңа үй салып көшіп жатқанда Киеван ойпаңда жалғыз қалған. “Бақсының моласындай шошайып қайтесің, елмен бірге бол, көптеп-көмектесіп баспана тұрғызып берерміз” деген ауыл адамдарының да, “үй салып берейік” деген сельсоветтің сөзіне де көнбей қойды.

Почташы атына міне салып қырдағы ауылға шапты. Қасына екі-үш адам мен фельшерді ертіп келгенде ол әлі кесе-шәйнектің арасында сол қалпынша қимылсыз жатыр екен.

Аузы ашылып, көзі жұмылып, екі қолы екі жаққа жайылып жатқанын көрген бір кемпір ай-шайға қарамай, “бауырым-айды” бастап кеп жіберді. Дәрігер жақтырмай бір қарап “тоқтат” дегендей қолын көтергенде, қаусап келе жатқан ол көмейі бітеліп қалғандай таппа тыйылды. Дәрігер Қыжымкүлдің жүрегін ұстап, тамырын басып көрді де: “тірі екен” деген хабарды естігенде қысылғаннан: “а… не дейді, байғұс-ау” деп әбіржіп қалды.

Жұрт абыр-сабыр боп, Қыжымкүлді ауруханаға қалай жеткізудің қамымен әлек боп жатқанда, арық жақтан шаңқылдасқан екі адамның даусы естілді. Бригадир мен Киеван екен.

— Әуре болмаңыз деп айттым ғой, босқа арам тер болғанша үйіңізде неге тыныш жатпайсыз! Басқа жұмысты қойып кемпірің екеуіңмен діңкем құрыды ғой. Қайтыңыз, қайт деген соң қайтыңыз.

— Қайтпаймын. Үйімнің қасынан жер алам дедім бе, алам, өлсем де алам!

— Алмайсыз. Мен тұрғанда алмайсыз. Өкімет енапат жер берді ғой, күштеріңіз тасып бара жатса сол жаққа барыңыздар. Көкнәр егесіздер ме, қарағай егесіздер ме, шаруам жоқ. Колхоз бұларға жер береді, трактормен айдап, тырмалап береді, ал бұлар алыссынып, бармаймыз дейді. О, Алла-а, бұл жұрт не боп барады бұл, а! Қарындарың тойса неге мастанып шыға келесіңдер осы!

— Әй, байқап-байқап сөйле, білдің бе? Мен колхоз құрысып жүргенімде сен көжеңді жылап ішетін боқмұрын болатынсың. Енді кеп қарнымды өзі тойғызып жүргендей бола қалуын. Тиесілі жерімді дәл үйдің қасынан, өш жерден алам, — деп Киеван сұқ саусағын табанының астына шаншылап көрсетті.

— Маған бәрібір, — деді бригадир қалтасына насыбай шақшасын алып. Шақшасын ердің қасына бір-екі соғып, бір шымшымын тілінің астына лып еткізді де немкетті үнмен: — Мәган бәрібір, — деді қолын сілтеп. — Тек ешіңізде болшын, трләктрмен айдатәм да таштайм.

— Айдатып көр! Баратын жеріме барып, аяғыңды аспаннан келтірейін…

Олар почташының қастарына келіп қалғанын байқамады. Бұл жолы “Киеван” деп атағысы келмей, ол Молдарәсілдің қарынан түртіп, “ақсақал” деді ақырын ғана. Киеван қарынан ұстаған қолды серпіп тастап, сөзін жалғастыра берді. – Үндемегенге басынып алған екенсің әбден. Ойбай-ау, мені тап бір Әмірикадан келгендей…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33