Тіршілік

Кемпір ернін күбірлетіп қана амандасты.

— Киеван үйде ме?

— Жоқ.

— Тағы көкнәр іздеп кетті-ау?

— Көкнәрдің ұрығын іздеп кетті.

— Е-е, бәрібір емес пе?

Кемпір ағаш табақтағы көкнәр қалтаны судан шығарып орта кесеге салып, бетін дәкемен жауып қойды.

— Кемпір, шүйіншіңді дайында, — деді почташы ала дорбасына қолын салып. — Сендерге хат кедді. Пәмилесін де жазбапты “Қыжымкүл апайға, Молдарәсіл жездемізге” деп қана қойыпты.

— Не… не дейді, құдай-ау!? — Кемпір аузын ашып отырып қалды.

— Не дейдісі несі? Кәдімгі хат. Жамиға деген сіңлің бар ма еді?

— Жамиға дейді? — Қыжымкүл ернін сылп еткізді. — Е, е, ана өгіз бағатын керең шалдың қызы ма?

— Ойбай, жоқ, ол саған хат жазып қайтеді. Алыста-а, қалада тұратын сіңлің бар екен ғой.

Кемпір ернін күбірлетіп ұзақ отырды, бәрібір ойына ештеңе түсіре алмаған соң почташыдан көзін алмай басын шайқады.

— Жоқ, ондай сіңлім жоқ.

–Е-е, алжиын деген екенсің. Әйтпесе екеуіңнің атыңды атап басқа біреу хат жазып неғылады. Бәлкім есіңе түсер, оқып берейін, бәрібір екеуің оқи алмайсыңдар ғой.

–Мейлің, оқысаң оқи салшы. Ойпырмай, мына шалы түспегір қайда жүр, былтырғыдай тағы да көкнәр еге алмай қалады-ау. И-ә, оқи бер.

Ол кимешегін сәл кейін ысырып немқұрайды кейіппен почташыға құлағын туралап қиғаш отырды.

“Аса құрметті апайымыз Қыжымкүл, жездеміз Молдарәсіл, — деп басталыпты хат. — Сіздерді табамын ба деген үмітпен талай жылдан бері өткен-кеткен жолаушыдан, алыстан келген кісілерден сұрап, көмескі болса да бір дерегі шыққан жаққа хат жазумен болдым. Бір де бірінен «алдым» деген жауап келмеді. Сіздерден әбден күдерімді үзіп отырған шақта Молдарәсіл жездемнің баяғы нағашысының ауылы есіме түсіп, жақында ғана сол жаққа барып адрестеріңізді алдым. Атам жарықтық қайтыс болған соң кейінгі жастар бауырға салқын боп кеткен ғой деймін, қай жерде тұратындарыңызды да жөнді білмейтін боп шықты. “Тірі деп естуші едік, ұмытпасақ осылай да осылай” деп нобайлап жөн сілтеді. Соған да қуандым. Аман екендеріңізге қуандым.

Сіздер мені ұмытып та қалған шығарсыздар. Арада көп жыл өтті емес пе. Менің атым Жамиға, өзіңізге шеше болған баяғы Қымқаның кенже қызымын…”

Осы тұсқа жеткенде қызыл иек кемпірдің аузы ашылып, көзі аларып кетті.

— Нағыл… нағыл дейді! Қымқаның кенже қызымын дейді…

— Солай депті. Көзің аларып кетті ғой, енді таныдың ғой деймін, ә!

Кемпір бір ұмтылып тұра берді де, дірілдеген тізесі ырқына көнбей сылқ етіп қайта отырды, қайта отырды да әжімді жүзі бүлк-бүлк етіп барып кемсеңдеп жылап қоя берді. Оның бұл жыласын қартайған адамдардың болмашыға бос көңілдік танытатын әдеті шығар, қазір-ақ тоқтар деген оймен кемпірдің даусы семсе-ақ қайта оқып кетуге дайын почташы хатты көзіне тақап ұстаған бойы басын көтерместен біраз отырды. Оның тоқталар түрі жоқ, үдетіп, екпіндетіп барады.

— Оу, не боп кетті бұл! Қойсаңшы, аяғына шейін оқиық та, — деді ол қамшысының сабымен хатты сыртылдата соғып.

Қыжымкүл оның сөзіне құлақ асқан да жоқ, “бар екенсің ғой жарық дүниеде, бар екенсің ғой, шырағе-ем” деп жуық арада тоқтала қоймайтын сары уайым зарға басты.

Почташы атынан түсіп:

— Әй, жеңеше, — деді ендігі жерде үйреншікті әзілдің де, өктемдіктің де өтпейтінін білген соң жанашыр үнге ауысып, — маған жұмбақ болғанмен жыласа жылайтындай себебің бар шығар, бірақ тапа-тал түсте “ойбайға” басып жамандық шақырма. Жан-жағыңда ел бар, жұрт бар, «қой» деп басу айтқан соң қою керек.

Почташы шал қолтығынан демеген соң кемпір құр дауысты қойып, сөз араластырып, түйіп-түйіп жылауға көшті:

— Қайте-еп… қайте-еп қана-а қояйын… Ішіме тас боп қатқан… елу жылдық шерім… қозғалды-ау-у… Көсегең… көсегең көгергір Сендібай қайным (Теңдібай деп тура атауға жеңгелік жолы көтермейді), құдай тілеуіңді беріп, бала-шағаңның қызығын көр. Басқа… басқа сүйіншіңді Киеван келген соң а-атарме-езз…

Почташы, “қой, маған сүйіншіңнің керегі жоқ” деп жеңіл жауап қайтара салғанмен өзі қайран қалды. Бір ауылда, бір қауымда тіршілік еткен соң жаман тамына күйбеңдеп кіріп шығып жүретін кепкен терідей осы бір жапырақ кемпірді ол аптасына болса да көріп тұратын. Кейде иығына кедір-бұдыр ағаштан жасай салған әкпішіне бірі үлкен, бірі кішкене шелегін іліп алып, ойпаңдағы құдықтан ілбіп су әкетіп бара жатқанын көзі шалатын. Япыр-ау, десеңші, сонда осы кемпірді талай көрсе де оған көңіл қадамаған екен-ау! Жанынан өтіп бара жатқанда кейде амандасып, кейде амандаспай жүре беруші еді. Көзіне көрінсе “бар екен ғой” деп, көрінбесе “бұл қайда?” деп ешқашан жоқтамапты. Бір уыс боп бүрісіп, елеусіз боп қалғаны болмаса бұл байғұстың да дәл өздері секілді тіршілік иесі екенін, оның да жаман тамдай ескі кеудесінде адамға тән қуаныш, қайғы жатарын, тәңірім-ау, бір ойламапты. Қураған екі бұтақтай бір-біріне сүйеу боп тіршілік кешіп жатқан кемпір мен шалдың ағайын-туысы бар ма-ау, жоқ па-ау, бар болса қай жақта, өздері не қорек қып, қалай ғұмыр кешіп жатыр, өзгені білмейді, өз басы бұл сауалды еске алмаған, еске алайын деп те ниет қылмаған.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33