Тіршілік

Бәйбіше мен тоқал болысқа аңтарыла қарады.

— Неге аңқиып тұрсың, шақыр тез!

— Болыс-еке-ау, — деді бәйбіше күмілжіп. — Мұныңыз…

— Тоқтат! Менің ойымда не барын қайдан білесің.

Молдарәсіл қарсы сөзге келген жоқ. Манағы қуанышының бәрі быт-шыт боп, көңілі бұзылған ұядай жетімсіреп қалды. Сырттан төрт-бес жігіт жалақтап жетіп келді.

— Не бұйырасыз, мырза!

— Мына жігітті танисыңдар ма?

Жігіттер бос мойын боп төмен қарап тұрған Молдарәсілге жалт қарады да, тани кетіп:

— О, әкеңнің аузын!.. — деп тұра ұмтылды.

— Жетер, жетер, — деді болыс салмақты үнмен. — Ашулы екендеріңді білемін. Айтарым мынау: қастарыңа тағы бес-алты жігіт қосып алып, Молдарәсілдің үйін тазартыңдар. Өзі болса ештеңе емес, келін әкеп отыр. “Әні” дегендей ол Қыжымкүлді иегімен көрсетті. Жігіттер сенерін де, сенбесін де білмей одырая қалды. — Солай, таң атқан соң өзім барып көремін. Барыңдар. Молдарәсіл, сен де бар, келін ертеңге шейін үйде бола тұрсын.

Адам байғұстың қуанышы мен қайғысы, бүкіл тағдыры бір сөзге, бір сәтке ғана сыйып тұрады екен-ау! Жаңа ғана жас баладай қуанып, жаңа ұсқыны құйылып тұрған Молдарәсіл қас пен көздің арасында қайта түледі. Үміт шырағы қайта жанып, қуаныштан тынысы қайта тарылып шыға келді.

Келіншегін бәйбішенің қасында қалдырып, ол жігіттермен ілесіп сыртқа шығып кетті.

Енді жаңа өмір басталады, мүлдем жаңа. Енді оның өз шаңырағы, өз түтіні, өз қуанышы бар және ең бастысы — шын жанашыры бар.

 

* * *

Жылдар өтті. Қыжымкүл Молдарәсілден екі ұл туып екеуін де соғысқа берді. Екеуі де сол кеткеннен қайта оралмады. Молдарәсіл көзі шүңірейген Киеван шалға, бір кездегі ырғалған байдың бұралған қызы Киеван шалдың бір уыс қара кемпіріне айналды.

*  *  *

Ауыл-аймақтың апшысын бидайдай қуырған Арыстанды-Қарабастың желі басылып, жұрттың көңілі көтеріліп қалған кез. Дүркін-дүркін нөсер төгіп, күн қызуы жер арқасын қытықтаған соң айнала төңірек кілемдей құлпырып, азан-қазан қарбалас тіршілік дүрілдей жөнелді. Жер астындағы тіршілік біткенді бері сүйрейтін көктемнің  сиқырлы шуағы қара кемпірдің де кеудесіне қуат сеуіп, қара көлеңке салқын үйден далаға сүйреген. Жас баланың қос алақанындай ғана кішкене кетпенімен шалының көкнәр егетін жерін шапқан боп түртінектеп жүр. Колхоз бұларды ұмытпай жұрт қатарлы жылда жер бөліп береді. Бірақ оны баптап, егін егіп жататын күш қайда, әрі өзі бір көш жер. Барып келемін дегенше кеш батады. Жер бөлер кезде Киеван жыл сайын колхоздың кеңсесіне барып: “Маған дәл үйімнің қасынан беріңдер, егетін мақталарыңды маған тиесілі жерге ексеңдер де шыға береді ғой” деп айқай көтереді. Оған бастық көнбейді. “Ақсақал, жеке меншікке бөлетін жер бір басқа. Олардың қақ ортасына жеке трактор апарып, алақандай жерге мақта еге алмаймыз. Берген жердің топырағы тас емес қой” дейді. Киеван одан сайын шаптығады. “Ойбай-ау, ошақтың үш бұты алты айшылық жол болатын маған ол жаққа барып келу оңай дейсің бе?! Үйімнің дәл түбінде далиып құдайдың жері жатқанда сүйегімді сықырлатып сонау Әмірикаға айдайтындарың не? Берсең үйдің қасынан бер, бермесең алмаймын”, — дейді де шығып жүре береді. Үйіне келген соң кемпіріне өктемдік көрсетіп: “Мына жерден мына жерге шейін кетпенмен аудара бер. Тиіп көрсін” — деді. Шалының айтқаны кемпіріне заң, кетпенін алып дымқыл жерді ырсылдап шаба бастайды. Қазір де шалының бұйрығымен қыбыр-қыбыр жер шауып жатыр. Атпен тасырлап ақ көз бригадир келді.

— Әй, кемпір, не істеп жатырсың?

— Жер шауып жатырмын.

— Шап деп кім айтты?

— Шалым айтты.

— Оһ, дөкей айтқан екен ғой! Кетпеніңді иығыңа сал да үйіңе қайт. Бұл жерге мақта егіледі. Жылда айтсақ та миларыңа нағып қонбайды осы. Бұл жер өкіметтікі, білдің бе, өкіметтікі! Қайтыңыз!

— Шалым ұрсады ғой.

— Шалың құдай ма еді сонша. Әйда, екінші көрмейтін болайын. «Шалым ұрсады» дейді ғой маған барып. Күшті болса кеңсеге келсін.

Киеван көкнәрдің ұрығын іздеп кеткен. Түске жақын келем деп еді, таба алмай жүр ме, әлі жоқ. Кемпірі үйіне қайтып кеп шай қамына кірісті. Су бір қайнаған соң үйреншікті әдетпен ағаш табаққа көкнәр қалтаны сап қойды да самауырды қайта еселеді. Сонан соң өзі бір-екі кесе ұрттап, күн шуаққа көрпе төсеп қисая кетті. Жылы тисе айрандай ұйып жүре беретін кәрі денесі балбырап, көзі енді ілініп бара жатыр екен. “Армысыз-ау!” деген дауыстан шошып оянды. Кемпір “бісміллә” деп басын көтеріп алды. Келіп тұрған почташы шал екен. “Шалдың жәрдем ақшасының келетін уақтысы болған жоқ еді ғой, шіркін нағып беймезгіл жүр” деді іштей Қажымкүл орнынан тұрып жатып. Бұл үйге туасы хат келген емес. Айына бір рет пенсия ғана келеді. Осы почташы шалды көшеден көрсе де Қыжымкүлдің жүрегі зырқ ете қалады. Екі баласынан екі қаралы хабар әкелген де осы. Содан бері қанша жыл өтті құдай-ау, басқа адам құрып қалғандай хат-хабар тасу ердің басына ілінген нау тоқыма дорба секілді оның мойнына біржола мінген бе?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33