Тіршілік

— Қап, алып қайтпағанымыз дұрыс болмады-ау, сайлау да жақындап қалып еді, — деп міңгірледі.

— Өшір үніңді, — деді Дәулетбай пышақкесті өктем дауыспен. Жігіт жым болды. Содан қайтып сөйлеген жоқ.

*  *  *

Келесі жылдың күзінде Тоқсан аяғын басып, Қымқаның үйіне кіріп шығып жүретін балалар саны алтау болды. Әуелгі кезде “бұл кім?” деп сұраған жұртқа: “Қыдырып кеп жатқан сіңлім” деп жауап берген Қымқа, “сіңлісі” үйінде босанып, бір жыл емес екі жыл жатып қалған соң: “Күйеуі мен енесі ғана бар еді, қайтыс болды деген хабар алдық, енді еліне несіне барады” деп кісі сенер-сенбес ілекер жауапқа көшті. Әрі Қымқа үйіндегі бөтен әйелге ауыл адамдарының да көзі үйреніп, соңғы кезде оның мән-жайын қазбаламайтын да болып алды. Бірақ жылтырақ зат көзге түспей қоймайды ғой, бұл ауылдың да өзге жердегі секілді есері бар, өз жігіттері де жеткілікті. Алғашқы кезде көзге ілмей, көзге ілген соң да қонақ деп қадала қоймаған бозбалалар соңғы кезде келгіштеп мазаны алып бітті. Боза ішкен жігіттің бәрі бірдей жетесіз емес, олардың ішінде келбет десең келбет, дәулет, ақыл десең ақылдан да кенде емес жігіттер бар-ды. Қымқа әуелгі кезде ер-тоқымын бауырына алып тулаған, көзімше “сіңліме сөз айтқан сендерде ұят жоқ” деп екі-үш дүркін қылжақтап келгендерді көсеумен айдап шыққан. Тама берген тамшы тасты да қазады дегендей, жігіттер келе берген соң, Қымқа да ұрысудан жалықты, қабаған иттей қашанғы арпылдай береді. Келе-келе кейбір көңілі түскендеріне: “жоғары шық, шай іш” дейтін де болды. Жігіт дегендерде ес болсашы, Қыжымкүлмен қатар отырып үн-түнсіз сораптап шай ішкеніне, жоқтан өзгені айтып күлгеніне, серілік, жомарттық танытқандарына мәз. Керек адамы күні бойы бірге отырса да оған арнап тіл қата алмай сыртқа шыққан соң: “Ай, жеңеше, осы сіңліңді маған көндіріп берсеңші. Бір баласы болмақ түгілі бір арба баласы болса да мейлі, алам да кетем. Әке-шешем не десе о десін. Адам аяғы жетпейтін қиянға әкетем” деп лепіріп кеп береді. Келгендердің бәрі осылай дейді. Бай болсын, кедей болсын, бәрінің аузына біреу түкіріп қойғандай осы сарыннан жаңылмайды. Қыз жеңгесін сыйлау ретінде, кетерде Қымқаның еркіне қоймай көйлектік ақша тастап кетеді.

Қымқа шындап ойлана бастады. “Япыр-ау, бір бақытсыздыққа ұшырадым деп Қыжымкүл өстіп, отыра бере ме? Ерте ме, кеш пе өз алдына түтін түтетіп, тұрмыс дәмін татуы керек қой. Басы жас, жиырмаға да жеткен жоқ. Қарап отырып санамен сарғайып, қайғымен қартайғанда не түседі. Күйеуге бала құшақтап баруды қорлық көрсе маған-ақ тастап кете берсін, қай кезде алып кетем десе еркі өзінде. Жаздан бері ел бүліне бастады. Күн қалай боп кетеді? Соңғы кезде құлақ естіп көрмеген “салдат” деген бәле шықты. Сол “салдатқа” бармаймыз деп талайлар тау-тасты кезіп, қашып жүр дейді. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деген бар, тұзы жеңіл байғұс солардың қолына түсіп қалса қайтпек?”

Қымқа осы ойын Қыжымкүлге айтпақ боп талай оқталды, айта алмады. Айтса өз үйінен қуғандай, ертерек құтылғысы келгендей көрінетін болды.

Көсенің сақалындай әр жерде шошайып-шошайып отырған шағын ауылдың жігіттері сиреп қалды. Аптасына болмаса да айына бір рет ауылдың күллі адамы төбе басына жиналып, у-шу, азан-қазан боп жігіттерді солдатқа шығарып салды. Әсіресе азаматын аттандырған үйдің коштасқан дауыстары сай-сүйекті сырқыратады. Балаларын алып бара жатқан арбаның соңынан ұбап-шұбап сонау қыл белге шейін шығарып сап, көздері қанды жасқа толып қайтатындар да солар.

Қораға мал қамалып, күннің саңы сөнген шақта Қымқаның үйіне жадау киімді бейтаныс бір жігіт “кеш жарық” деп кіріп келді. Үй ішіндегілер жапырлап тамақ ішіп жатқан. Күнде кеп жүретін көп жігіттің бірі шығар деп “ешкіңіз арық” дегелі басын көтере берген Қымқа “еш…” деді де “көтек” деп селт ете түсті.

— Шошымаңыз, жеңгей. Осы ауылға келе жатқан жолаушы едім. Қайыпберген деген кісінің үйін білесіздер ме? Осы маңда деп еді, таба алмай жүргенім!

Тау кезген қашқынның бірі екен деп шошып кеткен Қымқа бейтаныс жігіттің аузынан өзінің қоңсысының атын естігенде қорқынышы лезде қуанышпен алмасып, “Ойбай-ау, кәдімгі өзіміздің Сайыпберген қайнаға, ма?”

— деді.

— Иә.

— Биыл баласын солдатқа алып кеткен?

— Ол жағын білмедім.

— Е-е, көптен хабарласпаған ағайыны болдыңыз ғой. Ағайынысыз ба, жекжатысыз ба?

— Жиенімін.

— Жиенімін. Ойбай-ау, бізге де алыс болмадың ғой. Ошақтыға тиген әкемнің інісінің қызы бар деуші еді, сол сіз боп шықтыңыз-ау. Е, е, құда екенсіз ғой. Менің де бір сіңлім ошақтыға тұрмысқа шыққан. — Қымқа орнынан көтеріле берді де, әлдене есіне түсіп, ерніндегі күлкісін тыя қойды. — Кешір, айналайын, — деді даусын бәсеңдетіп.

— Қу тіршілік адамда ес қалдыра ма, ойымнан шығып кетіпті. — Ол отыра қалып әлдене деп күбірлеп бетін сипады да қайтып тұрды. — Нағашыңыз армандап жүруші еді, қарындасым мен күйеу баламның иманы үйірусіз кетті деп. Құдай иманын саламат қылсын, өзіңе өмір берсін.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33