Тіршілік

— Құй, — деді жеттім бе дегендей нықтай сөйлеп. Кемпірі бала жұдырық кішкене кесеге қан қызыл шайды орталап құйып, шалына ұсынды. Ол аузы мен өңешін күйдіріп, қою шайды екі-үш ұрттап бітірді де, қол созым

жерде отырса да кесесін кемпіріне қарай асықтай шиырып жіберді. Домалатсаң бір орнында шыр айналатын кесе вазелиннен босаған кеуежектей түп-түзу дөңгелеп, Қыжымкүл тізесін соғып барып тоқтады.

Киеван үш-төрт кесе шай ішіп, тамырындағы қанды тірілткен соң кемпіріне қарап “тоқтат” дегендей көзін жұмып, иегін шошаң еткізді, сөйтті де жеңін түріп, күні бұрын дайындап қойылған оң жағындағы жез құманға қолын жуып, көкнәр езуге кірісті. Асықпай езді. Осы асықпауының ар жағынан ындыны құрыған құмарлық, бұйыртса енді қашпайтынына көзі жеткендіктен туындап жатқан қасақана жайбарақаттық байқалады. Көкнәр суына деген ынтықтық бойын билеп, ешнәрсеге мойын бұрғызбай ауыл-ауылға алып-қашып, көше мен көшені кездіртіп жібергенде бұның көз алдында осы сәт көлбеңдеп кетпей қойып еді. «Сол күн туар ма, шіркін»– деп қиялдап еді. Еті қашқан тобылғы саусақтары бөз қалтаны ірітіп жіберердей ұзақ-ұзақ мыжғылап, саусақ арасынан ағаш табаққа шұрылдап ағып жатқан күрең езіндіге сілекейін жұтып, рахаттана, ынтыға қарады.

Ширек сағаттан соң бесіктің түбек жастығындай томпиған қалтаның бүйірі солып, ағаш табақта қоп-қоңыр, удай ащы көкнәр суы қалды.

— Әкел, — деді Киеван, демін терең бір алып.

Кемпірі желінді ешкінің бір сауым сүті мол сыятын зерен тостақты лып еткізіп шалының созылған қолына ұстата қойды. Киеван табақтағы көкнәрді тостаққа шүпілдете құйып, түбіндегі тұнбасын қалтаға сарқыды да, кеудесін көтеріп, суға сүңгитін адамдай терең дем алды. Сөйтті де, зерен тостақты қос қолдап ұстап, жайлап ерніне тақады. Әуелгіде “сырп” деп ұрттағаны естіліп, сонан соң май ішкендей үн шықпады, тек зерен тостақ бірте-бірте жоғары көтеріліп, әуелі мұрынды жапты, одан кейін қабақ пен қасты тасалап, дулығалыққа барып бір-ақ тоқтады.

Киеван тостақты төмен түсіріп, “уфф” деп демін алды. Үй іші тіріліп сала берді. Оң жақ қабырғадағы жинаулы жүк, босаға жанындағы ілулі киім, тызылдап жанып тұрған ондық шам, жаюлы дастарқан, сары самаурын, самаурын жанында төбесі кемпіректен асар-аспас боп отырған шүйкедей қара кемпір — бәрі-бәрі де жанарына енді ілікті.

Қырдағы ауылдың қораздары шақыра бастады. Киеван көзін жұмып отырып босаған кесесін кемпіріне қарай домалатып жіберді, кемпірі шай құйып ұсынды, бұл көзін ашпаған күйі қолын дәл созып ала қояды.

Он шақты кесе ішкен соң ол басы төмен құлап, буын-буынынан әл кетті. Өне бойы шымырлап, рахат бір күйге енді. Шалының кәйіпке түскенін, енді бір жарты сағатсыз “шай құй” деп айтпайтынын білген кемпірі дыбысын сездірмей орнынан ақырын көтеріліп, самауырды дәлізге ап шықты да суын еселеп, ішіне қайтадан от жақты. Далада суық жел әлі уілдеп тұр. Демін ішіне тартып, бір сәтке тым-тырыс бола қалып, кенет қайта соққанда кернейін мұржаға сұғып самауырдың түтіні бұрқ етіп астындағы тор тесіктен қып-қызыл ұшқын шашырайды да, бірқалыпты дүрілдеп жанып тұрған от төбесінен ұрғандай таппа өшеді. “Құдайдың желі-ай!”… — деп кейіп жүріп шүйкедей кемпір отты қайта тамызады. Жаңқаланған ағаш та бітіп қалды.

Самауырын бір өшсе, даладан шалқып соққан жел жуық арада от жаққыза қоймайды. Жаңа ғана толтырып салғаны жанып біткенше тағы да ағаш жарып қою керек. Ол қара көлеңке бұрыштан балтаны іздеп таба алмады. Дуалға сүйеп қойған қаптың артын, ошақ жанындағы бүктетіліп жатқан алашаның астын, тіпті есік алдына шығып үюлі отынның маңын да сипалап қарап көрді. Самаурындағы оттың жанып бітетін кезі боп қалды. “О, құдайдың қырсығы-ай!” — деді ол күбірлеп. Шалының кәйпі тарап, “шай құй” деп қалса қайтпек! Кемпір үйге қайта кірді. Саусағымен самайын қасылап біраз тұрды. Сол кезде ошақтың жоғарғы жағында, оқтау-тақтай мен сыпыра қоятын жерде балтаның жатқанын көрді. Кемпір таңданып ернін сылп еткізді. “Астапыралла, осы үйде шайтан бар шығар”. Ол балтаны асығыс ала бергенде нан жаятын тақтай әлгінде ғана ішіндегі суын самауырға аударған бос шелекке құлап, салдырай жөнелді. “Бітті” дегендей кемпірдің зәре иманы ұшып, құлағын басып отыра кетті. Өңі жуған шүберектей қуарып, “сорлы басым-ай, сорлап қалған сорлы басым-ай” деп есі ауысқан адамша күбірлей берді. Түпкі үйден шалының сүйегіңді сырқыратар ызалы үні келіп жетті. “Нәлеті! О, нәлеті келгір!”

Оқыс дыбыстан кәйіпі бұзылған шалы дәлізге қарай келе жатыр, сырп-сырп басқан аяқ дыбысы естілді. Шүйкедей кемпір бір уыс боп бұрышқа тығыла түсті. Қолдары дір-дір етіп, көз қиығымен ішкі есігіне қарап-қарап қояды. “Қолына не түсер екен, құдай-ай!..” Ол жанындағы балтаны жерге түсіп жатқан сыпырамен лып еткізіп жаба қойды.

— О, атаңа нәлет! Атаңа мың нәлеті-ау, не істеп жүрсің сен, а? — деді Киеван мәсісімен дәлізге шығып. – Бойындағы ашуынан текке кеткен көкнәрдің күйігі басым. Жер жұтып кетті ме, жер жұтқырды!

— Мұндамын ғой, байғұс-ау…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33