Тіршілік

Төрге көрпе салынып, қонақтар сонда жайғасты. Қабырғаны аямай жаралап жүріп қағылған жалпақ тақтай үстінде білтелі шам болар-болмас жылтырайды. Жарығының әлсіздігі сондай, пеш жанында отырған балалардың түр-түсін анықтап та көре алмайсың. Қыжымкүл пешке от жағып, Қымқа қазанға су құйды. Сонан соң дәлізден екі жапырақ ет әкеп, қазанға салғанда түйе бойламас суға асық лақтырғандай, онысы шіпілдеген қазанның жұмырына жүк болмай шым батып кетті.

— Жеңгей, түн жарымында асқа әуре болмаңыз, — деді әлгі кісі баяғы қоңыр дауыспен. Сыртта тұрған кезіндегі “бәйбіше” дегенді ішке кіріп, жайғасқан соң “жеңгеймен” ауыстырды. Майсіңді қара қақпақты жаба берген Қымқа “асқа әуре болмаңыз” деген сөзді естіп төр жаққа аңтарыла қарап тұрды да: “Ойбай-ау, бұларыңыз қалай?” — деді.

— Беймезгіл уақытта балаларды пеш түбіне қуып әбіржітпейік. Бізге бой жылытатын шай-пайыңыз болса да жарайды. Асығыс шаруамыз бар, соны сөйлескен соң қайтсақ деген ойда едік.

Күйеуінің бар кезінде де бұл үйге қонақ көп келе бермейтін. Беймезгіл шақта босағасын аттаған мына кісілердің киген киімі мен сөз саптастарына қарап жай адам емес екенін ұққан Қымқа балалардың төсек қамын қонақтардың ас қамымен ренішсіз, қуана алмастырып еді. “Асығыс шаруамыз бар” деген сөз оның жүрегіне күдік тастап, секемшіл көңілін суық ой аралап өтті. Ол сонда да болса қарсылық танытып “бұйырған дәм шығар, отырыңыздар” деп көріп еді, қонақтар тым салқын, шаруабасты кейіп танытқан соң Қыжымкүлге қарап: “Қайтеміз, шәй қояйық ендеше», — деді. Ол аузын жиып болғанша төр жақтан: “Соларыңыз дұрыс”, — деген мақұлдау да келіп жетті. Қымқа нан шолпымен қазандағы мол суды сүзіп жүріп әлгінде салған екі кептердің қалжасындай екі жапырақ етті әрең тауып табаққа түсіріп алды да, дәлізге қайта алып шығып кетті. Қазанға ет түскенде жымыңдап қуанып қалған пеш түбіндегі балалар қазандағының қапқа қайта кеткенін көріп көңілдері пәс боп қалды.

Қымқа шығып кеткен соң әлгі кісі Қыжымкүлге:

— Айналайын-ау, менің дауысымды танымадың ба? — деді.

Қыжымкүл пешке жыңғыл сала беріп дауыс шыққан жаққа қарап еді, төрде отырғандардың өз әкесі мен өз ауылының адамы екенін танып, отынды пешке ұмсынған бойы көзі шарасынан шығып, жай соққандай сілейіп отыра кетті. Келесі бір сәтте ұшы жанып үлгірген жыңғыл ошақ алдына шашылып, ол қасындағы бір құшақ отын үстіне қисайып құлай берді. Сабырлылығымен кісі өлтіретін төрдегі екеу шыдай алмай ұшып тұрып, оған қарай жүгірді.

— Сабыр сақта деп едім ғой мен саған. Кім екенімізді айта алмас мылқау боп қаламыз деп пе ең? Көтер басын! Құдай өзің сақта! Көрпеге алып жүр. Балалар, анталамай былай тұрыңдар.

Қайтып кірген Қымқа бір дем ары, бір дем бері уақыттың ішінде мынадай абыр-сабырдың үстіне түскеніне сенерін де, сенбесін де білмей, табалдырық маңында қалшиып қатты да қалды. Қонақтардың онымен ісі де жоқ, Қыжымкүлдің басына жастық қойып, төрдегі көрпеге жайғастырып жатқызып жатыр. Қымқа өзіне-өзі әрең келіп:

— Құдай-ау, бұл не сұмдық! — деп айқайлап жіберді.

— Апа, әпшем есінен танып құлап қалды. — деді Оспан жылап. Ол жылаған соң өзге балалар да шулап қоя берді.

— Есінен танғаны несі, құдай-ау, жаңа ғана киіктей қақаңдап жүрген адам неге есінен танады! — Қымқа екі кісіні екі жаққа ысырып, Қыжымкүлдің қасына жетіп барды. — Жаратқан-ай, өзің жар бола гөр, әйтеуір. Бұ бейбақ тәлкегіңді аз көрді деп пе ең, бұл қай қырсығың тағы да. Оспан, мұздай су әкеле қойшы, тез.

Екі кісі шеттеп қалды. Мына әйел бұларды өз қыздарына маңайлататын емес, кимелеп кіріп, кеуделеп бара жатыр. Қыжымкүлдің маңдайын ұстап, жастығын түзеп, соның жолында үгітіліп кетуге дайын сияқты.

— Ойпырмай, дәл қонақ келгенде… Әй, Оспан, бір ұрттам суға бола құдық қазып жатырсың ба, болсаңшы! — деп ол есік жаққа қарай беріп еді, маңдайымен ұсынылған тостақты қағып, судың жартысын көрпеге жалп еткізді. — Көтек!.. Жөндеп әкелмейсің бе, шырағым-ау… Ойпырмай, табан астында… Бісміллә рахымман рахым… — Қымқа судан екі ұртын толтыра ұрттап алып, Қыжымкүлдің бетіне екі-үш дүркін бүркіп-бүркіп жіберді.

Ол көзін ашты да, өзіне төніп тұрған үш адамға сүлесоқ, солғын қарады. Сонан соң көзін қайта жұмды.

Өзін көрген кезде қызының тап осылай есінен танарын, есінен танбаса да кездейсоқ қуаныш пен қайғыға тұтқиылдан тап болған сәтте адам баласының әдеттен тыс айрықша күйге түсетіні сияқты, оның да әйтеуір бір ешкім күтпеген оғаш жай танытарын Дәулетбай осында келе жатып-ақ сезіп еді. “Айналайын-ау, менің дауысымды танымадың ба?” деген кезде қызының төр жаққа жалт қарап қуарып сала бергенін, онан соң есінен ауытқып құлап қалғанын ол әлде болса жаманшылыққа жори алмай, қызы есін жиып көзін ашқанша үміт құшағында тұр еді. Әрине, ол өз перзентінің жүрегіне ақпанның аязындай қалың мұз қатырғанын біледі, түсінеді, тіпті болашақ ұрпақтарының ары мен намысын қорғамақ боп оны ай далаға қаңғытып жіберуге бұйырған сонау бір түндері-ақ сезінген-ді. Содан бері біршама уақыт өтіп, кеудедегі ащы ызаның запыраны қайтар кез болған жоқ па? Бурыл басын иіп, кешірім өтінгендей бес күншілік жерден күн-түн қатып өзі келгенде, бала әкені кешпес пе екен, әкесін кешпесе де туған елі мен жеріне, бауырға деген ыстық сағынышы оянып, сол оянған сағынышы жүректегі қатқан мұзды тым құрыса соқыр шамның жылуындай жібітпес пе екен? Әке баланы, бала әкені қаңғытқан сұмдық оқиға бұдан бұрын да талай өткен, сол оқиғаны бұл да талай естіп, өкінішпен таңдай қаққан. Құлақпен көп естісе де көзбен кем көрген сол масқара оқиға шынымен Дәулетбай шаңырағына тірелгені ме, осы бойы әке мен бала бір-біріне жау емес жат болып ана дүниеге дейін бет көріспей кете бармақ па? “Қызы оң босағада отырып екі қабат бопты” деген сөз бен “қызын қаңғытып жіберіпті” деген екі сөздің қайсысы ауыр, қайсысы жеңіл?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33