Тіршілік

Дәулетбайдың ендігі қорқатыны — қызының ғана жайы. Ертең сайлауға түсе қалғанда ол алдынан қырсық боп қырын тұрмаса нағылсын. Болыстыққа таласып, сырттай арбасып, сырттай жауласып жүрген өзге де үміткерлер дөкейдің құлағына мұны жеткізбей әбілет басты деймісің. Сөз жоқ, сөз жоқ олар алдымен осыны бетке ұстап, осыны көлденең тартады.

Бұдан жиырма шақты күн бұрын ақылы алтыға, ойы онға бөлініп жүріп бір тоқтамға келген сияқты болды. Ол ойы — қайткенде де қызды іздетіп тауып алу. Сөйтіп былайғы жұртқа: “Қызымды қаңғытатындай мені пері соғып па, ел ішіндегі қаңқу сөз саябырсысын деп алыс ағайынға жібергенмін” деп жалтарып кету еді. Бұл әрекеттің сайлау кезіндегі жұрт пікірін өзгеруіне қаншалықты әсері барын анық біле бермейді, әйтсе де тап қазіргі кезден гөрі жағдай біршама жеңілдер деген үміті мол-ды. Осы оймен қызды апарып тастаған баяғы екі жігітті тағы шақырып ап, сол төңіректегі ауылға жансыз ғып аттандырды. Ауыл-ауылды аңдып жүріп, екі жігіт ақыры, қыздың дерегін айтып келді.

Енді не істеу керек? Осылайша кеудені күдікке, миды сауалға мүжітіп қамсыз жата бере ме, әлде тезірек бір жағына шыққан жөн бе? Сонда қай жағына?

Дәулетбай үшін арпалысқан екі ойдың екеуі де азапты боп көрінді. Қызды іздеп бармайын десе осы кезге шейін жасаған әрекетінің бәрі бір бұрамға келмей босқа кетіп, жер боп отырып қалатын сияқты, барайын десе қызының бетін көріп, кешірім сұрауға ары мен ұяты жетпейтіндей.

Қызының елден кеткеніне де бір жарым жыл уақыт боп қапты, садақ оғындай зымыраған заман-ай, десеңші. Бәлкім осы уақытқа дейін азап пен қорлықты, жалғыздықты көп тартқан қыз артынан барған әкесінің тілегін жерге тастамас, мұз боп қатқан жүрегі жібіп, бармаймын деп кежегесі кейін тартса да елін еске салған соң қиналса да көніп, тұсаулы аттай жетекке ерер. Тәуекел!

Бір кезде ойланбай шешіп, соқыр қатыгездікпен қиналмай қаңғытып жіберген қызының соңынан енді “тәуекел” деп аттануға тура келді.

Жұрт көзіне түспес үшін олар жолсызбен жүріп, Қыжымкүл тұрақтаған жерге жарық барда жетсе де елдің ас-су ішіп болуын ауыл сыртында күтті.

Қымқаның үй іші кешкі ыстық қауметті жаңа ғана ішіп болып, төсек қамымен у-ду болып, жатқан-ды. Балалардың бірі жастыққа, бірі көрпеге таласып, бірі жылап, бірі күліп, оған Қымқа ара түсіп, аядай үй әдеттегісіндей қанбазарға айналған. Толассыз айғай-шу әлдекімнің терезе орнына тұтқан қанар-қапты қамшының сабымен түк-түк қаққанын да есіттірмеді. Сонау ақырамаштың алғашқы суығында-ақ терезеге тұтылған қанар қап су тиіп, енді қатты аяздан түйенің мойнағындай сіресіп қатып қапты. Келген адам қап әйнекті тағы ұрды. Терезеге жақын тұрған ересектеу Оспан селт етіп, сыртқа үрейлене құлақ тікті.

«Түк-түк-түк».

— Апа, апа деймін, қап әйнекті біреу қағып тұр.

— Жібер деймін-әй, Қоспан, сенің есің бар ғой, жібер. Жыртатын болдыңдар ғой өзі іріп тұрған жастықты. Әкесінің дәулеті тасып тұрғандай…

— Апа, апа деймін…

— Е, не болды, адастың ба?

— Қап терезені біреу қағып тұр.

Үй ішіндегі шу пышақ кесті тыйылып, әркім тұрған-тұрған жерінде қатып қалды. Бәрінің құлағы сыртта, көздері қанар қапта.

«Түк-түк-түк-түк».

Сырттағы кісі бұл жолы қаттырақ соқты, дыбыс айқын естіліп қап-әйнекке қатқан қыраудың оймақтай тұсы сетінеп түсе бастады.

— Ойбай, дуана келді! — Оспаннан басқа балалардың бәрі қолдарына іліккен көрпе мен шапанды алып, бұрқ-бұрқ жата кетті. Пеш жанында бесікке асылып баласын емізіп отырған Қыжымкүл кеудесін көтеріп, баланың бетін жапты да, осы үйдегі балалардың бәрі жатып шыққан ескі жиде бесікті сықыр-сықыр тербете бастады. Қымқа таңданғандай ернін бір сылп еткізіп, ауызғы үйге беттеді. Есікті іштен тіреп қойған сырықты алып жатып, “бұл кім?” деп дауыстады.

— Бәйбіше, қорықпаңыз. Балталыдан келе жатқан мырзалар едік, ашыңыз, — деді сырттағы адам жайдары, қоңыр дауыспен. Қымқа есікті ашты да кейін шегінді. Бастарына желкесін көмген жаутұмақ, үстеріне қалың ішік киген екі бейтаныс бірінен соң бірі ішке кіріп сәлемдесті. Түрлері жат, бұл маңнан көрген адамдарына ұқсамайды.

— Жолымыз түсіп, түнделетіп келіп қалдық, — деді жастау біреуі мұртының қырауын алақанымен сүртіп жатып. — Айыпқа бұйырмасаңыз келген жұмысымызды үйге кіріп айтсақ деген ойымыз бар. Қазір ұры-қары мен жүргінші қаптап кетті ғой, қорықпай-ақ қойыңыздар, біз олардың бірі де емеспіз.

–Ойбай, ежіктеп түсіндіріп жататын не бар, мұсылман баласымыз ғой, кіріңіздер, кіріңіздер. — Қымқа маналы бері аңырайып тұрып қалғанына енді ғана ыңғайсызданғандай бәйек болған ниет танытып ішкі үйге лып етіп кірді де, әр жерде шапан мен көрпе астынан сығалап жатқан көп көздерге: “Әй тұрыңдар, үйге кісі келді” деді. Әрі көнбіс, әрі пысық кедей балаларына тән мінезбен, әлгінде ғана үрейленіп жатқан олар ләм деп қарсы келместен орындарынан ұшып-ұшып тұрып, пеш жанынан тізіліп орын алды. “Кісі келді” деген сөз бесіктің бірқалыпты сықырын да кілт тоқтатып, оны тербетіп отырған Кыжымкүлді де әбірге салып кетті — ол мыжылған көйлегінің ашық омырауын түймелеп, желкесіне ысырылған орамалын тез-тез қайта тарта бастады. Қонақтар ішкі үйге аяқ аттаған бетте бесік жанында нымшасын түймелеп тұрған әйелге көз тоқтатып ұзақ қарап қалды. Келген кісіге кірпік көтеріп тура қарамай үйренген қазақы мінезбен Қыжымкүл оларға назар да аудармай қастарынан өте бергенде, Дәулетбайдың жүрегі шым ете қалды. Өз қызы, өз перзенті! Құдай-ау, не боп кеткен, қандай күйге түскен! Келіп тұрған адамның бірі өз әкесі екенін білгенде селт етіп мейірімі оянар ма, оянбас па? Іштен шыққан өз балаң қанша күнәкар болса да өзіңе ыстық екен ғой, оны екінші еске алмаймын, бетін де көрмеймін деп қанша теріс айналғаныңмен кеудеңнің бір қуысында оған деген әкелік сезім ұшқыны өзіңе де білінбей жасырын жата береді екен-ау! Қызын көрмеген бір жарым жылдай уақыттың ішінде Дәулетбай оны сағынды ма, сағынбады ма, ол жағын еске түсіре алмады, ал қазір, тап қазір — қызы жанынан өте шыққан тұста ішкі дүниесі бүлк етіп, суық жүрегі от тиген мұздай еріп сала берген секілденді. “Осы үй екен, — деді жол бастап келген жігіт оған қарап, күбір етіп. — Таныдыңыз ба?” Дәулетбай көзін жұмып “таныдым” дегенді аңғартты да асығыстық жасап алып жүрмесін деп “сабыр сақтайық” деді сыбырлап.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33