Тіршілік

— Әй, бала, — деді ол қасындағы серігіне аспанға қарап тұрып, — бүгін күн жауады ғой деймін, ә?

Жігіт оның қасына тақалды.

— Хайуансың! — деді тістеніп. — Қызды сыйласаң етті.

— Ә-ә, — деді ол қолын сілтеп, — көрмеген құқайы дейсің бе.

— Жауын жауса жауар, — деді қыз да аспанға қарап. — Үстеріңіз су боп қалар, қайта беріңіздер. Ары қарай өзім кетермін. Бірақ әкем тереңнен ойламады. Егер сүйегіне таңба түсіргісі келмесе екеуіңе: “Ен далада қаңғып жүріп елге кезіксе, кімнің қызы екенін айтпасын” деп тапсырар еді. Мен кім екенімді тірі жанға айтпаспын. Оған осы сөзімді жеткізгейсіңдер.

Екі жігіт ат тізгінін қыса ұстап тұрып қалды, қыз жүріп кетті. Бұлар қызды емес, қыз бұларды ай далаға әкеп тастаған тәрізді.

— Қайран қыз, қор болды-ау, — деді жас жігіт күбірлеп. — Бүйтіп азаптағанша өлтіре салу керек еді ғой.

— Обал жоқ, — деді серігі. — Тартсын сазайын. Бірақ… әй, осы біз кім көреді деп қорқамыз? Ертең тірі болары, өлі болары белгісіз қаңғып бара жатқан қыз емес пе. Ай далада емін-еркін құмарымызды бір тарқатсақ қайтеді. Әлде де болса қуып жетейік.

Жігіт серігіне тесіле қарап ұзақ тұрды. Сонан соң тістене сөйлеп:

— Әттең, қолымда билік болса, елсізге алдымен сендейлерді айдар ем, — деді де атына мініп, кейін қарай шаба жөнелді.

*  *  *

Күйеуі бұдан екі жыл бұрын қайтыс болып, үйелмелі-сүйелмелі бір қыз, төрт баламен жесір қалған ауыл шетіндегі Қымқаның үй-іші бүгін күндегісінен ерте тұрды. Күн жұма болатын. Тіршіліктің бітпейтін күйбеңімен жүріп қайтыс болған ерінің әруағына бағыштап жеті-сегіз айдан бері тым болмаса отқа май да тамызбапты. Атқа мініп қусаң оқ боп қашатын қу дүние адамға қашан жеткізген, соңғы үш-төрт айдан бері сары майы мен өрік-мейізін балаларының аузынан жырып, тыққыштап жүріп жинап, көктемде туған жалғыз саулықтың қозысын ас-қатықсыз отырса да қалт-құлт етіп осы күнге әрең жеткізді. Балаларының алды он төртте, кенжесі енді ғана тәй-тәй басады. Әкесі қылтамақтан өлгенде ол іштегі алты айлық бала еді. Кедейдің үйі құдайшыл, бәрібір біріне тартсаң біріне жетпей жатқан тірлік қой деп Қымқа да бүгін күйеуіне құран оқытып жібермек боп алдың күні-ақ үйіне кісі шақырып қойған. Ертемен тұрып, әжетке жарап қалған, тіпті жарамаса да жарайды-ау деген балаларының бәрін — бірін отынға, бірін суға, бірін қоңсыларға ыдыс-аяқ әкелуге жұмсап, жан-жаққа тарата бастады. Өзендей тасытып жатқан табысы болмаса да әкенің аты әке ғой, ол барда басы Қымқа боп жоқ-жітімге қайғыра бермей бейғам ұйықтаушы еді. Басқа түскен ауыртпалық естияр балаларды ғана емес алтыдан енді-енді ғана асқан қара сирақ жалбыр шаш кішкене қызды да көндіріп алыпты. Орнынан тұрған бетте қолтығы жыртық көйлегін үстіне іле салып, күндегі әдеті бойынша жалаңаяқ ауызғы үйге шығып ошақтағы құманға тола шелектен сарылдатып су құйып жатыр. Қамшының сабындай жіп-жіңішке білегі ауыр шелектен үзіліп түсердей дір-дір етеді. Сәлден соң даладағы ошаққа от жағып, шай қайнататын да, отын тасып қазанның қайнауын бақылайтын да осы қыз.

— Апа, ошақтағы от сөніп қапты, — деді ол дәлізден айқайлап.

— Қап, тәңір-ай ә! Түнде жөндеп көмбегенсің ғой сен!

— Жоқ, жақсылап көмгенмін.

— Жақсылап көмгенің құрсын сенің. Саған сенген менде де ми жоқ шығар. Қалақты алып қоңсылардан от әкел.

Дәлізден қалақтың шелекке соғылып дыңғыр еткені естілді.

Қымқа көрпе-төсекті жинап боламын дегенше алты жасар қыз от жағып, шай қойып та үлгерді.

— Әй, осындай күні үйге жаққаның не, далада да ошақ тұр еді ғой. Қазір күн ысыған соң мына үй тозақ болмай ма?

— Өзіңіз ғой шайды үйге қайнатайық, күн салқын деген.

— И-и, бұ миды… Отты сөндіріп алмай тұрып отын әкел былай даладан.

Төргі үйдің ашық есігінен жұдырықтай қыздың лақтырған кесектей далаға лып етіп шыға жөнелгені көрініп қалды. Екі-үш минут өтпей-ақ оның “апа-а-а!” деп жан даусы шыға айқайлаған даусы естілді. “Ойбай құдай-ау, не болды!” деп Қымқа да жинап қойған жүгінің құлағанына да қарамастан далаға жүгірді. Жұдырықтай қызы шашы желбіреп, жанұшырып бері қарай құлдырап келеді екен. Үйдегілердің бәрі өріп сыртқа шықты.

Қымқа құстай ұшып келе жатқан қызын көтеріп алып, бір уыс мақтадай бауырына қысты.

— Жарығым-ау, күнім-ау, не болды, не болды сонша?

— Анау… анау сарайда…. адам… адам жатыр…

— Астапыралла! Нағыл дейді! Адамы несі!

— Қорқамын, апа, бармашы, қорқамын!

— Ой, Алла-ай, ол қайдан жүрген адам. — Қымқа кішкене қызын үйге кіргізіп, қасына ересектеу біреуін отырғызды да, үлкен баласын ертіп сарайға беттеді. Жол-жөнекей қолына іліге кеткен сабы сынық айырды алып, дақ-дақ басып жақындай берді. Сарайдың ашық қалған есігінен басын сұғып қарағанда шашырата төселген бір құшақ қурайдың үстіне етпетінен түсіп жайылып жатқан белгісіз әйелді көрді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33