Тіршілік

Үй ішіндегінің бәрі тым-тырыс. “Қашып кетті” дегелі бері Қыжымкүлді ешқайсысы әлі көрмеген. Бірге туғандары болмаса аталас ағайындарының өзі мейірім, пейіл дегенді бір сәтке ұмытып, елең етіп есік жаққа ынтыға қарай қалысты. Екі жігіт қолы артына байлаулы, көйлекшең қызды отырғандардың алдына әкелді. Жылай-жылай көзі мен қабағы былаудай боп ісіп кетіпті. Қызын көргенде шешесі өзін-өзі ұстай алмай, “ботақаным-м” — деп тұрмақ боп ұмтыла беріп еді, күйеуі оған жеп жіберердей оқты көзімен ата қарап, “отыр омалып!” дегенде зәрлі дауыс оны төбесінен басып, бөстегіне қайтадан сылқ еткізді. “Құдд-ай-ай, құддай-ай, сорлы басым-ай!” деп, Дәулетбайдың бәйбішеден кейін ажарына қызығып жуан алған тоқалы шарасыз халде күйіне жылап жіберді.

Оның аналық жүрегінің суға түскен кесектей езіліп, бауыры бордай үгітіліп бара жатқанын ешкім елеген жоқ, елеген сыңай да танытпады, бәрінің баққаны — Дәулетбайдың аузы. Ол да ұзақ тостырған жоқ, қалың қабағын бір-екі түйістіріп алды да, қызына бір қарап қойып:

— Кім екенін әлде де айтпайсың ба? — деді. Қызы ләм деген жоқ.

— Қарабет-ау, дүйім еліңді жерге қаратардай ол кім еді сонша? Айтсаңшы, түрі қандай, сөзі қандай, аты кім? – Мұны айтқан — әйелін шаңыраққа шашынан асып өлтірген, қыздың ортаншы ағасы.

— Естір құлаққа «білмеймін» деп бір айтып ем, несіне қинай бересіздер. Басқаның алтын басын бауырымның тырнағына айырбастар ма едім. Ақ сүтін бермеді демесем, анамдай боп кеткен жеңешем менің жолымда жазықсыз құрбан бопты, жаным содан артық па, қаңғыртпақ түгілі отқа өртеп жіберсеңіздер де мейілдеріңіз. Әке баладан безсе не шара, ол да жазмыштың бұйрығы шығар. Сіздерге менің де көңілім сем боп қатып қалды. Бұл да сол тәңірінің әмірі емей не болсын. — Қыз көзіне жас алды. Отырғандардың басы салбырап, толқып кеткен сыңайлары байқалды. — Алып қашқан адамды танымайтынымды, түрі-түсі де есімде қалмағанын бір емес, шырылдап тұрып, шырқырап тұрып талай айттым ғой…

Дәулетбай көз қиығымен ортаншы ұлына қарады. Анау әке ойын көзбен қағып ала қойды да:

— Тоқтат, қарабет! — деді орнынан атып тұрып. — Өзіңнің қарабет болғаныңмен тұрмай жарық дүние сыйлаған әкеңнің бетінен алайын дедің бе?! Кешірім сұрап, аяққа жығылудың орнына…

— Маған енді бәрібір, — деді қыз ағасының сөзін бөліп. — Кешірім сұрағанмен кешіретін түрлеріңізді көріп тұрғаным жоқ. Мен өлімнен жасқанбаймын, қайта, айдалада қаңғып жүргенімде ит-құсқа жем болмағаныма өкініп, тәңірге тіл тигізіп тұрмын.

Қыздың ағасы көзі ұясынан шығып, аузын ашқан бойы сілейіп қатты да қалды. Жирен жүзі отқа түскен ақ терідей қарайып, жылқы ерні жыбыр-жыбыр етті де, қолындағы қамшысын көтеріп, “о, шұбар жылан!” деп қарындасына тап берді. Осы кезде шешесі құстай ұшып кеп қызы мен қамшының ортасына тұра қалды. Сілтеген қамшы тоқтатпақ болған иесіне бағынбай араша түскен шешесінің басындағы ақ жібек орамалды маңдайдан қарақұсқа қарай ірітіп түсірді. “Тумай туа шөккірлер-ай!” — деді қыз анасы құлап бара жатып. Қыжымкүл де “апа” деп оны сүйемелдеп бірге құлап бара жатыр еді, Дәулетбай орнынан тұрып:

— Әкетіңдер, тез! — деді ақырып. — Көз көрмес, құлақ естімес қу далаға апарып тастаңдар. Көз алдымыздан тірі кетсін, әйтеуір. Бұ қарабет мына түрімен ағайын-туысты қанға бөктіретін түрі бар. Болыңдар, тез!

Манағы екі жігіт қызды дедектетіп сыртқа сүйрей жөнелді. Ойда жоқта анасына қамшы сілтеген ұл не сыртқа шығарын, не анасының басын сүйерін білмей екіұдай халде состиып тұра берді. Дәулетбай бешпетін иығына бір сілкіп, баласының қасынан өте берді де:

— Шешеңді отауына көтеріп кіргіз, — деді немқұрайды үнмен. Сөйтті де, шыға берісте аз-кем аялдап, ашық есіктен сыртқа қарап тұрған бойы:

— Баласының қамшысы шешесіне тигені осы жерде ғана қалатын болсын, — деді.

* * *

Аспан асты неткен кең. Басына қаралы күн тумай тұрған кешегі бейуайым, бейқайғы шағында жер шеті ауыл сыртындағы алты қырмен шектелетіндей көрінуші еді, беталды құла дүз қаңғығанына бүгін міне төрт күн болды, алдынан қарайып не ауыл, не бір иесіз қалған баспана да көрінбеді. Жүріп келеді, жүріп келеді, бір адырдан соң бір адыр, адыр бітсе көз шошып көңілің қобалжыр шетсіз де шексіз маң дала. Бұл даланың малы қайда, жаны қайда? Қанша жүрсең бітпейтін не деген шексіз дүние бұл? Жұрт көрмесін деп әнеукүнгі екі жігіт бес күн бойы неменесіне түнделетіп жүріп келді? Бәрібір ұшқан құс, жүгірген аң болмаса тірі пенде жоқ екен ғой.

Бес күн, бес түн бойы серік болған екі жігіт бес күн, бес түн бойы бұған қарап бірауыз тіл қатқан жоқ. Тек соңғы айырылысар сәтте жастау біреу: “Шөлдегенде талғау қыларсың”, — деп қалтасынан бір уыс малта алып ұсынды. Қыз алған жоқ, жансыз адамдай сілейіп тұра берді.

Ақ қалпағын милықтата киген мұртты жігіт атынан түсе салып шорылдатып тұрып шүмектетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33