Тіршілік

— Астапыралла!

— Иә, құбылаға қаратыпты да, қынынан пышағын алып алқымына сала бергенде: “Ойбай, кінә менде. Қызды құртқан мен едім”, — деп зарлап қоя беріпті. Қыжымкүлдің қайда кеткенін, кіммен кеткенін сол жерде түгел айтыпты. Жан шіркін тәтті емес пе, күйеуден алғанын да жасырмапты. Үй артындағы шұқырға көміп қойған ат басындай алтын мен қой басындай күмісін де шығарыпты”.

Дәл осы сәтте ауылдың басқа бір шетінде басқа бір әйел әңгімені желдей есіп отырды. “Қызды қашырған жеңгесі де емес, басқа да емес, әкесі екен”. “Қойшы” деп ыршитын дәнемесі жоқ. Түркістанның бір төресі қатын үстіне алыпты. “Айттырып келген би мен төрелердің талайына ниет танытпап едім, солар ала көз болмасын, бір күн түнде қалыңдығыңды ал да кет. «Көрдім» деп мен айтпайын, “қашып кетті, амал қанша” деп шарасыз күй танытайын” депті дейді…

“…Ол әңгіменің бәрі өтірік. Қыжымкүл қызымыздың өзі оң босағада отырып жүкті боп қалыпты. Сонан соң әке-шешесі…”

Хабар — жел, ел — қамыс, әркім қалауынша гулеп жатты.

Қызының бір күн түнде жоқ боп шыққаны Дәулетбайға шоқтай басылып, көбік шашқан ашудың әуелгі қарқынымен тұс-тұсқа жоқшы шаптыруын шаптырса да, түс ауа бір қайнап төгілген соң ашуының астына тұнған ақылы қозғалып ертеңгі жасаған асығыстығына енді өкінді. Терең байыптап қараса, қызының қашып кеткенін былайғы жұртқа өзі ат шаптырып есіттіргендей, сөйтіп өзін-өзі досқа таба, дұшпанға күлкі етіп байлап бергендей көрінеді екен. Бүйтіп дабыра қылғаннан гөрі ашу-ызасын тонға тұмшалап, үйден шықпай жатып алса тосын көзге сабырсыздықтан гөрі салмақтылық аңғартып, парасат танытарын кеш ұғып қалды.

Қай қазақтың қызы қашып, қай қазақтың баласы қыз алып қашпай жатыр, бұл да соның бірі болар деп іштен шыққан шұбар жыланның күйігі жүрегін қанша шаншыласа да, сырын сыртқа шашау шығармай, томаға-тұйық қалып сақтап отыра беруіне де болар еді, бірақ “қыздың жоғалып кетуіне себеп — өзі де емес, келін де емес, сабылып айттыра келгендердің ішінде тілегі қабыл болмай кектенгендердің бірінің қас қып жасап отырғаны ғой бұл” деген сезімтал ой сүтке тамған бозаның уытындай, қанша ұстамдылық көрсетуге тырысқанмен, Дәулетбайдың ішкі дүниесін аласапыранға түсірді. Ертеңгісін елді дүрліктіріп жан-жаққа жоқшы шаптырып, сонысына бір өкінсе, жоқшының соңынан қуғыншы жібертіп, алай-түлей көңілі сабыр тоғанын тағы бұзғанын сезді. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, не айтсаң да екі етпей құп бас шұлғи беретін мына дүйім жұрттың ішінде осындай қысыл-таяң шақта “былай етсек қайтер еді” деп ақыл-кеңес беретін бір адамның  болмауы, бетпе-бет ұшырасқанда бәрінің кірпігі құлап, көзімен жер шұқылай берер ынжық қасиеті Дәулетбайдың ашу-ызасын қоздырды. Егер жөн білетін естияр біреу табылып “олай емес, былай” деп кеңес берсе, “қыз жоғалды” деген хабар тиісімен атқа жоқшы қондырып, жоқшылардың соңынан қуғыншы жіберіп ұятқа қалмас па еді?

Міне, бозарып таң да білініп келеді. Дәулетбай қимылсыз жатқаны болмаса әлі көз ілген жоқ. Тұс-тұсқа аттанған жоқшы мен қуғыншылар кеше кештен бірінен соң бірі қайта бастаған. Бірақ қыз дерегін айтқан бірі болмады. Бәрі де қамал бұзардай буырқанып аттанып еді, салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтты.

Япыр-ай, қыз алып қашқан ел осы кезге шейін бір хабарын өздері де жеткізуші еді ғой! Шынымен… шынымен!..

Дәулетбайдың өне бойы дір етіп, кірпігі тікірейді.

“Құдай басқа бәлесінен сақтасын дә!..”

Күдік пен күйік тасқыны оны төсектен жұлып алды. “Не болды, бай-еке-ау?” деген тоқалының сөзіне жауап та бермей, барқыт бешпентін жүре жамылып, қаздаңдай басып тысқа шықты.

Ай-жай боп таң атып қапты. Өріске айдалған мың сан малдың тұяғы көтерген шаң күндізгідей ұшар биік қуаламай салқын ауадан еңсесі басылып, қойнау-қойнауда ұйлығып тұрып қалған. Дәулетбай сыртқа аяқ басқанда есік алдындағы алаша үстінде жатқан күң лып етіп ілесе шығып, таңға шейін өшпесін деп әдейі су тезекті бықсытып қойған ошаққа қарай жүгірді. Жеткен бойда қазанның қақпағын ашып, қолындағы жез құманға жылы су құйып, төмен қараған бойы Дәулетбайдың қарсы алдына кеп тұра қалды. Дәулетбай жуынғалы енді еңкейе бергенде ту сыртынан ат дүбірі естілді. Елегізіп тұрған көңіл селт етіп, ол артына жалт қарады. Өріске сиыр айдап кеткен падашы екен. Өңі жылан қуғандай құп-қу, ентігіп әрең сөйлейді.

— Бай-еке… тақсыр….

— Не болды, пәтшағар, айтсаңшы тезірек!

— Ойбай. Қыжымкүл…

— Қыжымкүл?! Қайда?!

— Анда… Қарауыл төбенің басында… Жападан-жалғыз отыр. Сиырлар үркіп… мен осында шаптым.

— Құдай-ау, не дейді мынау, не боп кеткен дүние. Жападан-жалғызы несі?

— Білмедім, мырза…

— Атты әкеліңдер, Тез!

Дәулетбай мен падашы Қарауыл төбеге қарай шапқанда мына хабардың бір ұшын естіп қалған төрт-бес жігіт аттарына жайдақ мініп, соңдарынан тасырлатып жөнелді.

*  *  *

Қыжымкүлдің бәрі есінде. Тағдырдың көрсеткен азабы аз болғандай, әкесі бастап келген төрт-бес жігіт оны отырған жерінен жұлып алып, ауылға қарай көкпарша тарта жөнелген. Бұл байғұс кінәлі ме, кінәсіз бе, ол жағын еститін шетінен тас керең, шетінен дойыр. Мырзаларының төгілген абыройын нақ бір осы әрекетімен қайтармақ, оған деген шын көңілдері мен адал қызметші екендіктерін осындай дүлей мінезбен танытып қалмақ.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33