Сүйекші

Ақпанның үскірік атқан боранды шағы. Ірі қарадан жылқы болмаса қалғандары қолға қарап тұр. Доскейдің үлкен ұлы Үкітай жылқышыларды шетінен боқтап, қырып кетердей боп жүр. Кеше он бір бие аязда қалып, арам өліпті, жиырма шақтысы үшті-күйді жоқ, не қар астында қалғаны, не ұрының айдауында кеткені белгісіз. Қаңқу сөзге қарағанда, бір топ жылқыны Шерәлінің жылқышылары айдап кетті деген сыбыс бар.

—       Иттің ғана балалары, жылқы бақпай ай бағып жүрсіңдер ме? Табыңдар ертеңге дейін, таппасаңдар жерге тірідей көмемін! — деп ызалы айғайға басты.

Былай шыққан соң қасындағы Өмекейге:

—Бұл Шерәліге қашанғы жем боламыз, құдай-ау! Кеудемізде намыс бар еркекпіз бе, езбіз бе? Бүйтіп тірі жүргеннен қара жерге кіріп кеткеннің өзі жақсы ғой, — деп күйінді. — Қашанғы басынады, қашанғы басындыра береміз. Ойбай-ау, бірдеңе десеңдерші, жалғыз мен бе осы бас қамдарыңды ойлап отқа түсе беретін?

—Мен не дейін. Досекеңмен ақылдасу керек қой.

—Біз ақылдасқанша ол бәрімізді қу кедей ғып бітер. Малымызды барымталайды, үндемейміз, бауырымызды өлтіреді, үндемейміз, ертең қаңғыртып жібереді, тағы үнсіз кете бермекпіз бе? Ер құнын өтемей әне бір аманат баласын тастап тағы қорлап отыр. Ішіме намыс сыймай барады. Өңшең бөрік киген қатындар! Ана аманатын ат құйрығына байлап, есігінің алдына сүйреп апарып тастаймын. Өш алудың, кек қайтарудың бастамасы осы болсын, ермесеңдер жалғыз барамын, жалғыз!

—Бейшара баланы бүйтіп қорлағаннан не түседі?

—Ішімдегі ащы ызаның көбігі төгіледі. Ол иттің күшігі қайда жүр? Ей, Аманат!

Үстіне иленбеген ақ теріден қаудырлақ келте тон киген жұдырықтай бала тай қорадан жүгіріп шықты.

—Аға, апам келді ме?

—Келер сенің апаң! Әуелі өзің бері кел.

Бала жасқана басып, Үкітайдың қасына жақындады. Қолында өзінен биік сабы бар ағаш күрек. Бір жылдан асар-аспас уақыттың ішінде көңілі жасып, зеку мен боқтауға мойынсұнған. Қаудыр тонының етегіне жабысқан садыраны нәзік саусағымен тазалап, мырзасынан әмір күтіп, үнсіз төмен қарап тұр.

— Қалай, ауылыңа барасың ба?

Баланың қуаныштан екі көзі от шашып, жүзі жайнап шыға келді.

— Барамын! Барамын, аға, барамын!..

—Ей, сақау! — деді Үкітай қора тазалап жүрген бір атшыға. — Тез кел мұнда, арқан ала шық!

—Үкітай, бұл шының ба сенің?

—Қазір ойнайтын уақыт жоқ.

—Обалын қайтесің?

—Обалын жанашырлары ойламағанда мен қайтейін. —”Сақау” деп шақырған кісі арқан алып жетіп келді.

—Байла мынаның қолын!

—Түсінбедім, миза?..

—Байла деймін, тас керең!

—Кімді… кімді дейшіз?

—Ой миғұла сақау, баланың деймін!

Жас бала қорыққаннан екі көзі алақандай боп, кейін шегіне берді.

—Көке… көкетай… Не істемексіз мені. Байламаңызшы, жалынамын, айтқаныңыздың бәрін істеймін…

—Мыйза-ау, жаш баланың жазығы жоқ қой…

—       Өй, нәлеті, сен де басынған екенсің, қарның тойған екен бай жылқысының қартасына. Мә саған ендеше! — Үкітай қолындағы дырау қамшысымен атшының басынан тартып жібергенде оның шекесінен қара қан бүрқ етіп, қар үстіне отыра кетті. Жерде жатқан арқанды алып, Үкітай үйінді қардың үстінде жан далбасамен өрмелеп бара жатқан баланы етегінен тартып алды да, шырқыратып қолын байлай бастады.

—       Үкітай? — деді маналы бері әзер шыдап тұрған Өмекей олардың қасына жетіп келіп.

— Қоя бер баланы!

—Не дейсің? — Ол Өмекейге тесіле қарады.

—Қоя бер деймін.

—Неге?

—Баланың жазығы жоқ.

—А-а, солай ма? Бәлкім, інімді құдыққа сен итеріп өлтірген шығарсың да, бұл күшіктің әкесін ұстап бере салған боларсың, әйтпесе, неге мұның жазығы жоқ дейсің?

—Қылмысты жасаса әкесі жасады, ол балада не кінә бар. Босат! Шырылдатпа жетімді! Кек қайтарудың жолы мұндай болмайды.

Осындайда пана болар кісі табылғанына қуанған бала қырғидан қашқан торғайдай жүгіріп кеп Өмекейдің етегіне жармасты.

— Көкетай, тимесінші маған, қой деңізші. Айтқаныңыздың бәрін істеймін…

“Менің айтқанымның бәрін істеп не көгертерсің, жазған бала-а! Мен саған не айтармын, қаршадай боп сен не тындырмақсың. Бесіктен белі шықпаған балаға азап сыйлардай бұл неңді алып еді, о, сұм өмір!”

Өмекейдің ет жүрегі езіліп кетті. “Обалыңның бір ұшы менде жатқанын сезбейсің-ау, байғұс, — деді ол ішінен. — Сол кезде шындықты айтсам мұндай күйге түспес те едің. Жалтарып айтып, құдай алдында бір күнәға батсам, сенің қазіргі күйіңді ойлап қабырғам тағы қайысады. Әкеңнің қу тақыр екенін біз қайдан білейік. Шерәлі ауылынан деген соң жерден жеті қоян тапқандай бәріміз өре тұрып, одан есемізді бір қайтарайық деп ойлап қалмадық па? Қолдан келер не амал бар? Шындықты енді айтқанда маған кім илана қояды, мына тұрған елірме есерлер өзіме жабылмай ма? О, бейшара бала!”

Өмекей Тұңғыштың маңдайынан сипап, арқасынан қақты.

—Қорықпа, саған ешкім де тимейді. Көктем шықсын, сонда апаң да келеді. Жылама, көп жыласаң олар келмей қояды, білдің бе?

—Білдім.

—Енді жыламайсың ғой?

—Жыламаймын, — деді ол өксігін баса алмай тұрып.

—Бар, жұмысыңды істей бер.

Жат адамдардың арасынан бір жанашыр тапқанына қуанып, бала көңілі көтеріліп, қораға қарай жүгіріп кетті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19