Сүйекші

Жерге алғаш қар түскенде Шерәлі ауылынан хабар да жетті. Жан түршіктірер суық хабар. Арқа сүйер дәулетті ағайын-туысы жоқ Қомша байғұс жар құлағы жастыққа тимей, қайтсем баламды қолыма аламын деп зыр қағып жүріп зорығып, басқа бір бай ауылының құдығын қазып жатып, сол құдықтың түбінде мәңгілік көз жұмыпты. Мұны естігенде Доскей селт ете түсті. Өзгелерге сыр білдірмей түйіліп біраз отырды да, жұмған аузын ашпаған бойы орнынан тұрып кетті. Тек шығып бара жатып, үнсіз отырған басқаларға жайлап бұрылды да: “Мұны балаға айтпай-ақ қойыңдар” деді. Босағадан сыртқа аттай бергенде аманат бала қарсы ұшырасып: “Ата, көкем келе ме?” деп жәудірей қарады. Доскейдің ішкі дүниесін әлдеқалай бір сезім аралап өтіп, тұла бойын ду еткізді. “Жоқ, бұлай тұра беруге болмайды, кәрі көзге сенім бар ма, жас шығып кетіп жүрсе… Сорлы бала, — деді ішінен, енді сені қайтсем екен?” “Иә, жақында кеп қалар” деп айтқалы аузын аша бергенде өзімен ілесе шыққан үлкен ұлы: “Атаңның басы. Әкең мүрдем кетті”, — деп қойып қалды. Доскей жалт бұрылып, баласына оқты көзімен ата қарады. “Мұншалықты тас жүрек боп туылармысың” деді ішінен. Сөйтті де, шырқырап жылаған баланың дауысын естігісі келмей, ауыл сыртына қарап тез-тез басып жүріп кетті. Қолындағы қамшысын қыса ұстап келеді. “Қайдан білейін. Тірі жанға мал табылар деп ем, жанашыры жоқ жалғыз екен дә. Бүйткенше абақтыға айдатқаным жөн екен-ау. Сорың құрғыр сор бақта…” Дәл желке тұсынан дүсір естілді. Қуып жеткен баласы екен.

—Әке, мұныңыз не? — деді ентігіп.

—Не боп қалды?

—Жау алдына өзіңізді жығып бергелі жүрсіз бе?

—Жау кім?

—Шерәлі. Кеше малымызды барымталады, бас көтеріп кек қайтара алмадық. Туысымызды өлтірді, тағы отырмыз аманат құнын ала алмай. Ертең кеп шаңырағымызды ортаға түсіріп, от басын ойран етеді. Сол ма енді жетпегені?

—Сонда не істе дейсің маған?

—Жұмсақтықты қойыңыз. Әкесі бауырымызды өлтірген баланы еліне қайтарып, тағы масқара болғалы жүрсіз. Сіз кешірсеңіз де, інімнің әруағы үшін мен кешпеймін. Ертең құлағына ен салып, мал соңына жібертемін. Өйтпесек, жұрт алдында абыройдан жұрдай боламыз, ел бізді тыңдаудан қалады.

—Солай де.

—Солай, әке. Әлгі отырған кісілердің бәрі сіздің бұл мінезіңізге наразы боп қалды.

—Мейлі, білгендеріңді істеңдер. Бірақ, баланы ұрып-соғушы болмасын. Ол бейбақтың күнәсі жоқ. Ен саламын деген есерлігіңді қой, аманат бала екенін онсыз да танырмыз.

Сөйтіп, Тұңғыштың Тұңғыш аты жойылып, Аманат бала атанды да, он жасқа жетер-жетпес шағында малай боп мал соңына түсті. Бір жыл ішінде ол өз атын өзі ұмытып, “атың кім?” десе “Аманат” деп жауап беретін болды. Мейірімсіз тағдыр түк таппағандай бейкүнә, дәрменсіз баланы осылайша тумай жатып тәлкекке айналдырды.

Бой-бой боп терлеп кетіпті. Жамбасының шаншуы қойған-ау, шамасы, сол жақ қырына аунап түскенде де ауырсынған жоқ. Сәл салқындайын деп бетін ашты. Жылыға үйреніп, терлеп жатқандықтан ба, суық ауа мірдің оғындай арғы-бергісінен өтіп, қарып түсердей болған соң киізді қайта жаба қойды. “Жастығы құрғыр тағы түсіп кеткен екен-ау, — деді ішінен. — Әйтпесе, мұншалықты ызғар соға қоймас еді. Мейлі, түсе берсін. Орнымнан тұрсам тер қатып, тағы бір арылмас бәлеге душар болармын. Ұзамай таң да сыз беріп қалар. Ұйқым қайда кеткен сірә? Әке-шешем нағып бүгін көзіме көп елестеп жатыр? Тым болмаса жұмасына бір рет отқа май тұтатпай кетіппін-ау, өлі әруақтар дәметіп жүр ғой жарықтық. Бүгін тым болмаса біреуін де бітіре алмағанымды қарасаңшы. Бұ күндегі жұрт айтқан уәдесіне жетуді де ұмытып барады. Берем деген нәрсесін әні-мінімен созбұйдаға салып, ақыры жоқ қылады да, әруақ ақысын ұмытады, о, Алла, өзің сақтай гөр! Өзім барып сұрамаушы ем, ертең екі-үш тиесілі кісіге жолығайыншы, бір малдың басы құралса қан шығарып, құран оқытып жіберейін. Әке-шеше құдайдан перзентті неге тілейді дейсің?!”

Ол анасының кескін-келбетін де анық білмейді. Ана дегенде көзіне бар елестететіні — тәңірдің жазғанына әбден мойынсұнып, қандай ауыртпалық болса да бәрін қабақ шытпай үнсіз көтеруге көндіккен, еріне, баласына деген ақ тілегін өз ғұмырынан да артық санайтын жұдырықтай ғана әйел. Үлкен үйге не керек болса — отау үйге де сол керек, жыртық шаңырақ астындағы осы екеуінің көңілі жыртық болмасын деп әкесі айлап, апталап мал табудың жолына кеткенде анасының мұны қыса құшақтап еркелететіні, даладан дүбір естілсе “әне, әкең келді!” деп елең ететін сәттері есінде мәңгі қалыпты. Құдай-ау, содан бері қанша жыл, бірақ соның бәрі дәл кешегідей, қүні кеше ғана болып өткендей. Бай да емес, хан да емес, қайыршы болсаң да тіршілік шіркіннің қаңтардың тоқты тоймас қысқа күніндей зу етіп өте шыққанын байқатпас өзіне лайық қызықшылығы және бар екен-ау! Құдіретіңе болайын қайран бес күн жалған-ай, десеңші!

Анасы жайлы ойлағанда артта қалған өмірінің сонау бір түкпірінен осы бір шуақты сәттер алыстағы жұлдыздай сәуле шашса, одан кейінгі бір сәт сәуленің бәрін өшіріп, кеудесіне өксік пен қасірет құйып өтеді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19