Пері мен періште

Мен Сафураның жүзіне көз тастадым. Ойлағанымдай-ақ, Құлахмет ағайдың соңғы сөздерінен қымсынғандай жанарын төмен түсіріп, астыңғы ернін жай ғана тістелеп отыр екен. Үйден кеткен бес айдың ішінде өзі бұрынғысынан толықсып, ажарлана түсіпті. Ол мен жаққа ұрлана бір қарап қойды да, жанары маған соқтығыса кетіп, қайта төмен қараған сәтте аппақ беттері жаңа пісіп келе жатқан алмадай қызарып сала берді. Мен де қысылып төмен қарадым. Төмен қарап тұрып кексе тартудың орнына Сафураның жасарып, құлпыра түскендігіне таңдандым. Сонымен бірге, Смағұлдың Сафурамен бірге келген қонақ емес, онымен о дүниеге дейін бірге баруға ниет етіп жүрген “қонақ” екенін сездім. Сол ойдан денем түршігіп, өз бөлмеме қарай жүре бергенімде Сафураның: “Сапар” деген өтінішке толы үні естілді.

— Сен… кешір мені. Әйел адам ашуланғанда артық сөздерді де айта салады. Менің сөзіме ренжіген жоқсың ба?

— Кешірім өтінетіндей сіз менің алдымда кінәлі бола қойған жоқсыз ғой. Мен тек…

— Иә, сен тек?..

— Мен тек… сізді дәл осындай қалыпта көремін деп ойламап едім. Мен сол үшін ренжимін. Ал бұл ренішімді жадырату сіздің қолыңыздан келмейді, өйткені, сіз бәріне бел байлап кеп отырсыз. Кісі күлерлік нәрсе екен-ау! “Менің ренішімді жадырату!..” Менің ренішімнің сізге қаншалықты қатысы бар еді десеңізші!

— Түу-у, Сафура, Сапар, сендерге не болған түге? Дәл қонақ келіп отырғанда… Басқа уақытта да екеуің айтыса жатасыңдар ғой. Сәке… а-а, Смағұл Толыбаевич, сіз басқаша ойлап қалмаңыз, бұл өзіміздің арамызда бола беретін әңгіме ғой, тәйірі. Қане, доғарайық мұны, сіздер жолдан шаршап келдіңіздер ғой. Сапар, жүр, екеуміз шай жағын қамдастырайық.

Құлахмет осыны айтты да сыртқа шығып кетті. Сәлден соң мен де шықтым.

— Сафураның мінезін білесің ғой, өкпешіл, оны ренжітіп қайтесің, әрі қонақ отыр, — деді Құлахмет примустың ішіне бір қолымен ауа айдап жатып.

Есік алдына Сафура шықты. Оны көрісімен Құлахмет ағай: “Сафура, сен көйлекпен ғана шығыпсың ғой, суық тиіп қалады. Қазір күз екенін ұмыттың ба?  Үйге кір” — деп бебеу қақты.

— Жоқ, суық тие қоймас, мен жас бала емеспін ғой. Үй қапырық екен, таза ауа жұтқым келді. Сапар қайда жүр?

— Ол әлгінде ғана осында еді. Сапар!

Мен бақ арасынан бері шығып, олардың қасына келдім.

— Сафура апайың сені іздеп жүр ғой. Ал не айтпақ едің оған?

Сафура біраз үнсіз тұрды да:

–Сапар, аз ғана уақытқа қыдырып келсек қайтеді? —деді.

–Несі бар, қыдырып келсек қыдырып келейік.

— Оған дейін шай да дайын болар. Ал сен екеуің әңгімелесе тұрыңдар.

Ол жағынан қам жеме. Сендер келгенше біз жақсылап танысып аламыз. Абай бол, көгершінім-ау, суық тигізіп алып жүрме! — Ол бізді қақпадан шығарып салып қала берді. Мен артыма қарамасам да оның ұзақ уақыт бойы сол орнынан тапжылмастан бізді көзбен шығарып салып тұрғанын сездім.

                                              *                         *                       *        Түнгі қаланың табиғаты тамаша еді. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Зәулім теректер мен қайыңдар тәтті бір ұйқыға шомып, сыбдырсыз, мүлгіп тұр. Қаланың шеткері жағы болғандықтан бұл маңай у-шудан аулақ, кеш батса-ақ болды кеуде біткенді сезім мен қуанышқа толтырып, құлпырып сала береді. Төбеде ай қалқып барады. Бірақ оның күміс сәулесі сансыз көше жарықтарының тосқауылын бұзып өте алмай, алыста, сонау терек пен қайың бастарының ар жағында тұр. Қаланың әлдеқайда бір шетінен кезекші автобустар мен трамвайлардың гүрілдеген үні ауық-ауық естіліп қалады. Көше аралап сайраңдап жүрген сылқым самалдар оқтын-оқтын қарсы кездесіп, беттен аймалап өтеді. — Біз қайда барамыз? — дедім үйден біраз ұзаған соң.

— Алысқа емес, осы маңайда-ақ сөйлесерміз. Немене, сен асығып келемісің?

— Жо-жоқ, ертең демалыс. Сізбен таң атқанша сөйлесуге дайынмын.

— Міне, бұл тіптен тамаша! — деп Сафура дәл бұрынғысындай сыңғырлап бір күліп алды. — Мына көпірдің ар жағындағы скверге барып отырайық.

Скверге жеткенше бір-бірімізге тіл қатпадық. Оңаша сәкіге кеп отырған соң да бірнеше минутқа дейін сөз тиегі ағытыла қоймады.

— Ой, бүгін табиғат қандай тамаша! — деді ол әлден соң аспанға қарап.

— Иә, өте тамаша, — дей салдым айтылар әңгіменің бұл емес екендігін аңғартып. — Біз көп кешігіп қалармыз.

“Солай ма” дегендей Сафура жүзіме бір қарады да қайтадан үнсіз қалды. Аспанға тағы бір қарап, білдірмей ғана ақырын бір күрсінді. Сонан кейін екі қолын тараштап, желкесіне қойды да, сәкіге шалқалады. Сол қалпы ұзақ отырды. Әлден соң:

— Сапар, сен маған сұрақ қойшы, — деді жай ғана. — Есітіп отырсың ба, сұрақ қойшы деймін.

— Сұрақ? Менің сізге қояр сұрағым жоқ.

— Ешқандай да сұрағың жоқ па?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29