Пері мен періште

— Сафура, келдің бе, келдің бе, әйтеуір! — Ол әйелін құшақтай кетті. Ай сәулесінің астында қалбиып тұрған ұзын бойлы кісі жансыз дененің көлеңкесі секілді қатып қалыпты.

— Болды, болды, жетеді! — деді Сафура күйеуін өзінен сәл ғана итеріп. — Смағұл, сен неге селтиіп қалдың, үйге жүр.

— А-а, кешір, кешіре гөр мені Сафура-ау! Қайдан… қайдан ғана білейін сенің қасыңда қонақ бар екенін. Сасқалақтап жүргенде… Сіздің есіміңіз Смағұл бола ма? Жүріңіз, жүріңіз үйге. Қане, чемоданыңызды маған беріңіз. Сапар-ау, сен неге қалшиып қалғансың. Сафура апайың келді ғой, қонағы да бар.

Мен шайла алдында тас мүсіндей қатып қалғанымды сонда ғана аңғарыппын. Желкемнен әлдекім итеріп келе жатқандай аяқтарым алға қарай әрең қозғалды.

— Сәламатсыз ба, Сафура апай? — дедім оның қасына жақындап.

— Ә-ә, сәламат па? Қалай, жұмысың жақсы ма?

— Жаман емес.

Мен оның қолынан үлкен-үлкен екі чемоданын алдым да, үйге бастап кірдім.

Ішке енген соң ғана бейтаныс еркектің жүзіне көз тоқтаттым. Жасы қырық-қырық екілер шамасында көрінеді. Соған қарамастан өзін жас жігіттей сылап-сипайтындығы байқалып тұр. Жирен шашын жылтырата майлап, тілмен жалағандай жоғары қайырып қойыпты. Ат жақты, ашаң жүзіне шам сәулесімен шағылысқан көзілдірігі суықтық пен қаталдық сеуіп тұр. Неге екені белгісіз, айналасына паңдана қарап, тамсанып қояды. Менің бұларға қандай туыстық қатынасым бар екендігін білгісі келді ме, ол Сафураға сұраулы пішінде мойын бұрды.

— Бұ кісі… бұ жігіт осында жатып жұмыс істейді. Пәтерші. Инженер, — деді Сафура мені оған таныстырып. Ол маған қайтып назар аударған да жоқ.

— Імм-м — деді әлден соң ол маған көзінің қиығын тастап, — аты-жөніңіз кім?

— Сапар.

—Толығымен айтқанда? Мәселенки… менің аты-жөнім

— Смағұл Толыбаевич Утешов…

—Кешіріңіз, мен әлі аты-жөнімді құрметтеп атайтын дәрежеге жете қойған жоқпын, — дедім оның сөзін бөліп.

Смағұл қырсығып жауап бергенімді сезіп қалды да, көзілдірігін түзеген боп, Сафураға бұрылды.

— Біз бұл жерде көп кідірмеспіз деп ойлаймын?

— Әрине, әрине…

— О не дегендеріңіз, бұл қай айтқандарыңыз, қымбаттыларым-ау! Көп кідірмеспіз дегендерің қалай? Сөке…

— Смағұл Толыбаевич деңіз…

— Кешірерсіз… Смағұл Толыбаевич… сіз немене, сонша асығыс па едіңіз? Отырсаңызшы, тым болмаса мына дастарқаннан дәм татыңыз. Сафура, жаным-ау, бөтен үйге келгендей состиып тұрғаның не? Үйге келген қонақты жатырқатпасаңшы. Міне, сен жақсы көретін қызыл алмаларды мен жаз бойы жинаған жоқпын ба? –Құлахмет ағай бәйек боп, Смағұл мен Сафураға орындық ұсынды.

— Беу, Сафуражан-ай, тым болмаса хабарлап келсең қайтеді. Сенен хат алғалы бері біздің екі көзіміз төрт болды ғой. Үй сыртынан дүрсіл естілсе де, қақпаны жел сықырлатса да, сен келіп қалды екен деп Сапар екеуміз үдере түрегелеміз. Рас па, Сапар?

— Рас қой…

— Сапар да сені қатты сағынды. Екеуміз анау шайла ішінде әтеш шақырғанша өзің жайлы әңгіме шертіп отырамыз. Мейлі, мейлі, не болса да келдің ғой, әйтеуір. Уһ, сенсіз қандай көңілсіз болды десеңші маған! Айтпақшы, Нәзікетті неге ертіп келмегенсің, ол неге қалды? Ол папасын сағынбады ма?

Оның бұл сұрағына Сафура жауап бермеді. Қызыл алманы жіп-жіңішке етіп тілгілеп отыра берді.

–Сафура-ау, айтсаңшы, папасын сағынбағаны ма оның?

–Сафура, жауап берсеңші, — деді Смағұл өктемдеу үнмен.

–Мен сияқты сен де жауап бере аласың. Мұндай сұрақты естігім де келмейді.

Құлахмет ағай әуелі маған, сонан соң Смағұлға, Сафураға қарап шықты. Сонан соң маған тоқталып:

— Сапар-ау, Сафуражан не айтып тұр? Сен есіттің бе? Әлде менің саңырау болғыр құлағым тас боп бітіп қалған ба? Смағұл То… Толыбаевич, мүмкін, сізге анығырақ естілген шығар, сіз оған жақын отырсыз ғой? «Естігім келмейді» дегені рас па?

Смағұл өзіне төніп қалған Құлахмет ағайдан сасқалақтап, абдырап қалды. Ол оның бір қолы жоқ екенін енді ғана аңғарды ма, көздерінің шарасы ұлғайып, кеудесін кейін тарта берді.

— Ж-о-о… Иә-иә, рас, солай дегені рас. Сіз… немене, ауыр алып қалдыңыз ба? Нәзікет… Нәзікет оқып жатыр. Анда, — деп ол өздері келген жаққа қолын сілтеді. — Кейде ол сізді ауық-ауық еске түсіріп…

— Смағұл, жетер енді! Жас баланың балдырын сөз еткелі отырмысың? Ал сен, — деп ол Құлахмет ағайға қарады, — жоқтан өзгені қазбалай берме!

— Сафу… Сафура-ау, сонда маған Нәзікетті де сағынба дейсің бе? Ол үшін мына менің кеудемдегі жүрек емес, қара тас болуы керек қой, қара тас! Нәзікетім, Нәзікетім менің! Ол менің өмірімнің алданышы ғой!

— Мәссаға-ан! Сен бұлай жылтыр сөйлеуді қайдан үйреніп алғансың? Мұның бәрін құлағыңа құйған анау пәтерші досың шығар?!

— Сен оны араға кірістірме, Сафура. Саған айтатын сөзді үйрету былай тұрсын, жұмысынан қолы босамайды. Тек дем алуға шыққанда ғана сен туралы сөйлесіп жүрмедік пе? Ол сені шын жақсы көреді. Сенен хат келгенде жүрегі жарыла жаздап, әрбір сөзіңді қайталап оқып берді.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29