Пері мен періште

…Сол бір айлы түннен бастап Сафура менімен сөйлескен емес. Көп ұзамай үйді босатуымды сұрайтын шығар деп іштей күтіп жүрдім. Бірақ олай етпеді. Есесіне бұрынғыдан да ашушаң, тұйық боп алды. Дәл осы түнде Құлахмет ағай екеуміз оны келіп қалмады ма екен деп қақпа алдында болғанда, сол үшін байғұс Құлахмет ағайдың алдында өзімді кешірілмес күнәкардай сезіндім.

                                                  *                          *                        *       Ертеңінде мен әлдеқандай бір себеппен жұмыстан кеш оралдым. Күн әлдеқашан батып, қараңғылық үйіріліп қалған шақ. Қақпадан енген бетте есік алдында сабырсызданып, тағат таппай жүрген Құлахмет ағайға көзім түсті. Ауланың да, бөлмелердің де шамы жағылмапты. Мені көрген бетте маған қарсы жүгірді. — Міне, міне, ақыры келдің-ау, сен де! Мен сені түстен бері күтудемін. Тапшы, менің қолымда не бар?

— Қызыл алма шығар.

— Жо-жоқ!

— Ім-м, онда… Нәзікетке әдемі лента алған боларсыз?

— Әрине, әрине, оған мен бүгін алқызыл лента алдым. Бірақ қолымдағы ол емес.

— Онда… Онда ол хат! Сафура апайдан келген хат!

— Дәл, дәл үстінен түстің. О, мен бүгін қандай қуаныштымын! Мен бүгін көгершіндерімнен хат алдым. Күн батқанша ашпадым. Сен келген соң екеулеп оқып, рахатқа батпақ едім.

Ол бақ ішіндегі шайланың шамын жақты.

— Жүр, анда отырып оқиық. –Құлахмет ағай қуаныштан алып-ұшып, ауыз жаппай сөйлеп жүр.

— Ұмытпайды ғой, ұмытпайды мені көгершіндерім. Менің Нәзікетім қандай болды екен? Ол өсіп те кеткен шығар. Менің Нәзікетім бар ғой, нағыз әдепті, ұяң қыз болады. Апырмау, ол осында жүріп те ұялатын еді ғой. Ал, мінезі ше? Айнымай Сафураның өзіне тартқан. Түу, осы Сафурада да ес жоқ білем, екеуі суретке түсіп салып жіберсе қайтеді. Кел, Сапар, отыршы. Саған да маза бермейтін болдым ғой. Сен Сафурашымның жазуын жақсы түсінетін емес пе ең, қане оқышы. Мен әлгінде ешнәрсе аңғара алмадым. А-а, мен де ес қалмаған шығар, сірә, хатты әлі саған бермеген екенмін ғой. Әй, мына жеріне алманың шырыны қайдан жұғып жүр екен, әкел, өзім тазалап жіберейін. — Ол қағаздың жазу түспеген ашық жеріндегі кішкене сарғыш дақты алақанымен, сонан соң бет орамалымен тез-тез сүртіп жіберді де, өзі бір сәтке тынышталып, сәкіге шалқалай отырып көзін жұмды.

Хат әрі асығыс, әрі қысқа жазылыпты. Мен дауыстап оқи бастадым.

“Құрметті Құлахмет!”..

— А? Құрметті Құлахмет дейді? Ах-ах-ах! Құрметті Құлахмет!”.. Айта… айтады ол. Ол бар ғой, әдейі, әдейі жазып отыр. Иә, әрмен қарай…

” Аман-есенсің бе? Хал-жағдайың жақсы ма? Ана пәтерші жігіт сенімен бірге тұрып жатқан болар.

Біздін жаңалығымыз жоқ. Нәзікет осында, бірінші класта оқып жүр.

Мен бұдан әрі хатты оқи алмадым: Сафура Құлахметпен ажырасатынын айтыпты.

— Сапар, сен… неге  үндемей қалдың? Қолдарың неге дірілдеп барады?

—А… Жо-жо… Жай, Сафура аздап сырқаттанып қалыпты.

— Сырқаттанып дейді! Япырмай, аман-есен сауығып кетсе болғаны. Шырақтарым-ай, сонау бір алыста… Келеміз демеп пе өздері?

— Иә, келеміз депті. Жақын арада кеп қалар.

Құлахметтің қуанышында шек болмады.

                                                *                      *                    *     Біз Сафураның келуін күттік. Ол өзінің келетіндігі жайлы телеграмма бермейтіндігін, келген соң да бұл үйде екі-үш күннен артық кідірмей, ол дегенде кеудесіндегі ақ жүрегін суырып бере салуға дайын Құлахмет ағайды мәңгі жалғыз қалдырып, өзге біреудің жары боп кете баратынына көзім жетіп жүрді. Сафураның келер уақыты жақындады-ау деген сайын жүрегі аттай тулап, әлдеқалай себеппен сол күннің аз уақытқа болса да кідіре тұруын іштей тілейтін секілдімін. Құлахмет ағай болса Сафураны жақсылап күтіп алудың қамында жүр. Аула ішін ине түссе көрінердей етіп сыпырып тастады. Үй ортасына екі столды жалғастыра қойып, шағаланың қанатындай ақ матамен жапты. Үстіне қызыл алмалардан толтыра үйіп, күні бойғы базар аралап жүріп тауып келген әртүрлі тәтті тағамдар мен жеміс-жидектерін тау ғып үйіп тастады. Шаршау дегенді мүлде ұмытқан сияқты. Сафураның “жақын арада барып қалармын” деген хатын алғалы бері Құлахмет ағай екеуміз түннің көп мезгілі өткенше бақ ішінде темекі тартып, қоңыр үнмен баяу сейлесіп, ұзақ отыратын болдық. Шатыр іші сүттей жарық. Кей кезде ойыма өткен оқиға елестеп, Сафураның үні Құлағыма әлдеқайдан талып естілгендей болады.

Қала ұйқыға еніп, көшедегі жүріс басылған шақ болатын.

Әдеттегідей Құлахмет екеуміз бақ ішіндегі шатырда отырдық. Осы кезде қақпа сарт жабылып, Сафура кіріп келді. Оның соңынан ұзын бойлы ер адам көрінді.

— Қорықпа, жүре бер, ит байлаулы, — деген Сафураның құлаққа таныс үні де естілді. Оның даусын есіте салысымен-ақ, Құлахмет ағай орнынан ұшып тұрып, қақпаға қарай домалай жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша-ақ Сафураның қасына жетіп барды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29