Пері мен періште

— Сапар, сен немене… шошып қалдың ба? Сафура менің бетіме төніп тұр екен. Оның қысқа етіп қырыққан шашы төгіліп, маңдайымды қытықтайды.

— Иә, менмін. Танымай жатырмысың?

— Сіз… сізге не керек?

— Маған ба? Маған ештеңенің де қажеті жоқ. Мен сенің ұйықтап жатқан кезіңді ұнатамын. Сен ұйықтағанда ерекше сұлуланып кетесің.

— Оны… оны ертең айтарсыз. Ұят қой, ұят қой, Сафура апай. Үйге барыңыз.

— Үйге ме? Оған асығыс не? Мен сенің қасыңда біраз отырғалы ғана келдім. Аузынан ана сүті кетпеген жас балаша сонша неге шошынасың?

— Сонда да, Құлахмет ағайдан ұят қой, өлім ғой бұл!

— Һм-һм-һм!.. — Сафура аузын ашпай тұншыға, сыңғырлай күлді. — Сен әлі тым жас бала секілді екенсің. Құлахмет ұйықтап жатыр, зеңбірек атсаң да оянбайды. Даланы қарашы, қандай тамаша! Осындай түнде сен сияқты бозбалаға ұйықтау да күнә емес пе? Қарашы, басыңды көтерші!

–Ол оттай ыстық алақанымен менің қолымнан тартты.

— Сендей жас болсам, мен мынадай түнде көз ілмес едім. Тіпті, жалғыз болсам да оңаша отырып тәтті қиялға шомар едім. Қиял деген өмірдің өзінен де тәтті. Менің ойымда талай-талай тәтті қиял бар делік, ол қиял болғандықтан тәтті. Егер балдай боп көрінген қол жетпес сол арманың орындала кетсе, оның күнделікті көріп-біліп жүрген нәрсеңнен түк те артықшылығы болмай қалады. Кей кезде одан жиреніп теріс те айналасың. Сондықтан арман атаулының бәрі бірдей, орындала бермегені жақсы.

Ал сен… — ұйықтап жатсың!..

— Сафура апай, сонда маған не айтпақсыз?

— Аңқаусың, ессізсің сен! Айтшы, мен әлі жаспын ба?

— Әрине, әрине… әлі жас қыз секілдісіз…

— Демек, біреуге ғашық болуға қақым бар екен ғой.

— Неге болмасқа… Сіз не айтып тұрсыз!? Ұят қой, масқара ғой бұл! Сіздің еріңіз бар, қызыңыз бар. Сіздің олай деп айтуға қақыңыз жоқ!

Сафураның сықылықтаған күлкісі сөзімнің соңын көміп кетті.

— Ә-ә, білемін, сен заң тұрғысынан айтып тұрсың ғой. Сен қарсы бол, қарсы болма, егер өзім қаласам, дегеніме жетпей тынбаймын. Сондықтан, айта ғой, мен өзге біреуге ғашық бола аламын ба?

— Ім-м, кім біледі. Мен мұндай нәрсе жайлы ешқашан ойланып көрген емеспін.

— Ойлан, ойлан, Сапар, — деп ол сыбыр ете түсті де, төсіме басын сүйеді.

— Ой, мұныңыз не, Сафура апай, мұныңыз не?

— Сен… сен мені апай демеші, өтінемін, онда менің жүрегіме ине қадалғандай болады.

Ол кенет басын көтеріп алып, екі қолын тараштап, желкемнен қыса құшақтады.

— Мен… мен сені жақсы көремін, Сапар!..

Ол осыны айтты да, мені ыстық сүйісімен көміп жіберді.

— Босатыңыз, босатыңыз мені! Сұмдық қой бұл, Сафура апай!

— Жо-жоқ, сен мені апай демеші, тек «Сафура» деші, тым болмаса бір-ақ рет аташы.

— Жо-жоқ, сіз менен сегіз жас үлкенсіз. Мен олай атай алмаймын.

— Мен өтінемін, солай аташы, «Сафура» деші. Қане, қайталап айтшы менің сөзімді.

— Са-фу-ра…

Сафура ештеңе айта алмай жылап жіберді. Жылап болған соң:

— Мен сені сүйемін, Сапар, бірақ, мен бұл махаббаттан ешқандай қайыр күтпеймін, оның опат боларына көзім жетеді. Сен мені кінәламашы, өзін сүйген еркекті әйел заты жазғырмайды, сен де мені жазғыра көрме. Мен дәл бүгінге шейін күйеуіме ақ-адал болып келдім. Маған талай жігіттер сөз салып, талай жігіттер жүзік те сыйламақ болды. Бірақ бірде-біріне ықылас білдірмедім. Қайда барсам да көңілімде сен тұрасың. Алғашқы кезде мен сені үйден шығарып жібергім де келді. Сол себепті, есіңде ме, сенімен жиі-жиі жүз шайысып қала беретінмін. Бірақ олай ету қолымнан келмеді. Содан бері мен сені әрі сүйемін, әрі қызғанамын, әрі жек көремін.

—Онда, сіз… маған бүгін-ақ “кете бер” деуіңізге болады

ғой.

— Олай деме. Мен сені сүйгендіктен жек көремін, бәрібір мендік болмайтыныңды ойлап жек көремін.

— Олай болса сіз менен неге, “Мені сүйесің бе?” деп сұрап көрмейсіз.

— О, қорқамын, қорқамын олай деп сұрауға!

— Сонда қалай, еріңіз бола тұрып ғашық болуға батылыңыз жетеді де, “сүйесің бе?” деп сұрауға жүрексінесіз бе?

— Иә-иә… Жо-жоқ. Мен ештеңеден қорықпаймын. Айтшы, сен… сен сүйемісің мені!

— Жоқ.

— Оһ!.. — Сафураның көкірегі қарс айрылып, жылап жіберді. — Бұдан гөрі жүрегіме қанжар сұғып өлтіргенің жүз есе жеңіл болатын еді ғой. Мен сенің осылай жауап береріңді біліп едім, мен осы сөзіңнен ғана қорқып ем…

— Қойыңыз, Сафура апай, біреу-міреу естіп жүрер, жыламаңыз. Үйге барыңыз…

Ол менің аяқ жағымда едәуір уақыт отырды да, ақырын көтеріліп үйіне кетті.

Мен таң аппақ атқанша кірпік айқастыра алмадым. Көз алдымнан сұлу, тәкаппар Сафура бейнесі кетпей қойды. Оны жек көрдім және іштей жақсы да көрдім. Ал, Құлахметті мейлінше аядым. Ол байғұс қойнындағы әйелінің өзі ұйықтап жатқанда пәтерші бір инженерге не айтқанын, оны аймалап, көз жасын көл қылғанынан мүлде бейхабар-ау! Сол әйелін ол таң атқан соң, “періштем, еркем, ақылдым” дейді-ау! Егер ол осының бәрін білсе ше? Бәлкім, ол қызғаныштан біреумізді жайратып та салар! Жо-жоқ, әңгіме өлімде емес, өлімнен де күшті ар-ұятта ғой. Мен оның алдында қалай ғана адамдық арымды ақтап алмақпын? Әйелін ессіз сүйетін Құлахмет ағайдың ақ сезімін, сәби көңілін қалайша аяққа таптап жүре бермекпін! Жо-жо-оқ, әңгіме өлімде емес, әңгіме о дүниеге де қызармай, тұнжырамай баруда.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29