Пері мен періште

— Құлахмет ағай, бұл сізсіз бе?

— Иә, иә, менмін. — Оның үні баяу естілді. Мен орнымнан тұрып, есікті аштым.

— Сапар, сенен… темекі табылмай ма?

— Бар. Қажет болса бәрін алыңыз.

— Жоқ, маған бір-ақ талы жарайды. — Құлахмет кішкене стол үстіндегі сигареттен біреуін алып тұтатты да, үн қатпастан ұзақ тұрды. Сонан соң ойына әлдене түсе кетіп тез шықты да, артынша қайта кірді.

— Мынаны қарашы, — деді ол қолындағы қос жұдырықтай алманы көрсетіп. — Қандай қып-қызыл. Батып бара жатқан күн сияқты. — Ол алмаға бір, маған бір қарап қойып, рахаттана күлді.

— Егер бар ғой, менің Сафурам болса осы алманың ішіндегі дәніне шейін жеп қояр еді. Ол қызыл алманы жанындай жақсы көруші еді. Тек, тезірек келсе екен, үй де қызыл алмаларға толып кетті. Тым болмаса хат жазып тұрса нетті! Ол сағынып жүр ғой, сөз жоқ қызыл алмасын сағынып жүр. Терістікте қайдан қызыл алма таба қойсын ол, кім әкеп береді дейсің оған. Сен айтшы, менің Сафурам ақылды ғой,ә?

— Айтарыңыз бар ма?

— Ол қайтып келеді ғой.

— О не дегеніңіз, әрине келеді.

–Еһе-еһ, жай айта салғаным ғой бұл. Әрине келеді, келеді маған. Ол мені жанындай сүйеді ғой, тек… жай зекіп қалады кейде… Бірақ ойында ешқашан арамдық болып көрген емес. Айтпақшы, мен бүгін Сафураға арнап бір туфли сатып алдым. Келгенде қандай қуанады десеңші енді! Өкшесі бар ғой, тура менің сұқ саусағымдай. Көргің келе ме?

–Әкеле қойыңыз.

Ол түпкі болмеге барып келді. Қолында әлгі айтқан біз өкше туфли.

–Тура менің Сафурама арнап тіккен екен дерсің. Қандай тамаша! Ал ертең Нәзікетіме арнап көйлек  аламын. Ол биыл оқиды ғой. «Папа маған киім керек» дегенде не айтпақпын, не демекпін оған. «Жоқ» дегенше жерге кіріп кете қоймаймын ба, сөйтпеймін бе, мен. Иә-иә, жерге кіріп кете қоймаймын ба? Тоқта, тыңдашы, біреу дүрсілдей ме? — Ол аузын сәл ашып, сыртқа құлақ түрді. — Құдай біледі бар ғой, біздің үйге біреу келе жатыр. Әні, аяқ басысы да әйелге ұқсайды. — Ол осыны айтты да, ентелей басып сыртқа шықты. Артынша мен де шықтым. Құлахмет ағай қақпа алдында тұр екен.

— Не болды, ешкім келмеп пе?

— Жоқ, — деді естілер-естілмес қана. — Келмепті.

— Жүріңіз, үйге кірелік. Олар бәрібір түнде келмейді.

— Қалай дедің? Келмейді дедің бе? — Оның бұл үнінен ашу мен қапа байқалды.

— Імм-м, жо-жоқ, Сафура апайды мен көптен білемін ғой, о кісі түнде жүруден қатты қорқады. Біз оны вокзалдан күтуге тиісті емеспіз бе?

— Түу, неткен ессіз едім, соған да миым жетпей тұрғанын қарай гөр енді. Әрине-әрине, менің Сафурам өте нәзік әйел. Қандай… қандай тауып айттың сен. Ол қорқақ болғанда бар ғой, тіпті, қатты жел тұрса да қорқады. — Құлахмет ағай селкілдей күлді. — Осыдан бірнеше жыл бұрын, екеуміз қала сыртында қыдырдық, содан ымырт жабылғанша қыдырдық. Сафураш нәзік әйел ғой, “Құлахмет, қайтайықшы” дей береді. “Жоқ, асықпа” деймін мен. “Мен қорқамын. Бұдан әрі қыдырмаймын” деп ол отырып алады. Оның қасына мен де барып отырамын. Мен өзім табиғатты суреттей алмаймын ғой, әйтеуір сол күні аспан ашық, ауада айрықша бір жұпар иіс бар еді. Жер куә болсын, мен ондай иісті әлі кездестірген емеспін. Күн де біртүрлі алауланып батты. “Түу, Сафура, қандай сұлу!” дейтінмін мен оның құлағына сыбырлағандай. Сол кезде Сафураның көмірдей қара шашына бетім тиіп кетеді. Қалай айтуға болады, әйтеуір, сондай сәттерде мен Сафураны құшып сүйе бергім, сүйе бергім келеді. Мен оның мақтадай аппақ қолынан ұстаймын. Ол ақылды ғой, бетімді қайтармайтын, ұрыспайтын да. Сонан соң, мен оның қылдай белінен қапсыра құшақтап, өзіме тартамын. Ол абыржып, қарсыласқан болады. Шиедей ернін болар-болмас қимылдатып: “Құлахмет, ұялсаң етті” дейді сыбырлап қана. Сафурам ол кезде періште еді ғой, тура періштенің өзі болатын… Иә, айтпақшы, сөйтіп отырғанымызда Сафураның дәл қарсы алдына тал басынан әлдененің сарт ете түскені. Жабайы мысық екен. Сондағы менің көгершінімнің қорыққанын көрсең өле-өлгенше ұмытпас едің. “Құлахмет!” деп маған асыла кетті. Жүрегі дүрс-дүрс етіп, кеудесін тесіп шығатын тәрізді. Міне, содан бері мен оның дүниедегі ең нәзік, ең қорқақ әйел  екенін білгенмін. Жаңа сен дұрыс айттың. Менің Сафурам, сөз жоқ, түнде жүруден қорқады.

Біз екі сағатқа жуық әңгімелестік. Түннің едеуір мезгілінде  оянсам да ұйқым шайдай ашылып кетті. Әрі тас  төбедегі толық ай күміс сәулесін жер әлемге барынша құйып тұр еді. Бақ ішіндегі әрбір бұтаға шейін ап-анық көрінеді. Менің есіме былтырғы бір оқиға түсе кетті. Онда да дәл осындай айлы түн болатын. Бақ ішіндегі шайлада ұзақ уақыт бойы кітап оқып жатып, қалай ұйықтап кеткенімді байқамаппын. Бір кезде бетіме тиген жып-жылы, жұп-жұмсақ нәрседен оянып кеттім. “Бырс!” деп қолымды сілтеп қалғанымда алақаным әлдекімнің қолына соғылды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29