Пері мен періште

Құлахмет екеуміз әлгі ағаштың қасына барамыз. Ол алма ағашын алақанымен сипалап, «Сафуражан да кексе тартты, ол да өзгерді”, — дейтін.

Екеуміз бақ ішіндегі сәкіге кеп отырып темекі тұтатамыз. Ол тағы сөйлейді. Бақтағы барлық ағаштың тарихын айтып шығады. Бәрін де Сафурамен байланыстырып бітіреді. “Ол кезде оның періштедей сүйкімді, көктем құсындай жеп-жеңіл”… деген өзінің ең жақсы көретін, аузынан түспейтін сөзін қайталаумен болады. Ал Нәзікет жайлы сөз болса кенет қабағы салбырап, үн-түнсіз қалады. Әйтсе де, ол әйелін өлердей сүйетін еді. Оның әрбір сөзінен, әрбір емеурінінен Сафураға деген шексіз махаббат лебі есіп тұратын-ды. Әрине, оның бұл махаббаты лапылдаған асау сезім емес, жалыны өшкен, әйтсе де, сол жалыны о баста сөнбей тұрып Сафураға өзін біржолата байлап берген махаббаттың шарпуы еді. Балапандарын жетілдіріп болған соң белгісіз жаққа пыр-пыр ұшқан құстың бос қалған ұясындай, дәл қазір оның да жүрегі “махаббат” деген ұғымнан бос қалған болатын. Ол ұя өзін жел ұшырып, тал басынан домалатып түсіріп, біржола тоз-тоз қылғанша баяғы бір бейкүнә сүйкімді құстардың бір кездегі ыстық мекені боп қала береді. Сол сияқты махаббат деген сезімнен айырылса да, “Сафураның жарымын” деген ойдан Құлахмет ажырамаған-ды. Мейлі, Сафура өзін мәңгі ұмытсын, басқа біреумен қол ұстасып-ақ кете берсін, Құлахмет бәрібір оны “Сафурам, көгершінім” деуден әсте айнымас еді.

Жаз айының тамылжыған таңғажайып бір күнінде Сафура үйге ойламаған жерден көңілдене кірді. Оған күлкі әдемі жарасатын. Күлген кезде оң жақ қасы сәл жоғары көтеріліп, шиедей еріндерінің ар жағынан тізіліп аппақ та майда тістері көрінетін. Әлденеге шын ықылас танып беріле күлген кезіндегі екі алақанын шарт еткізе соққаны мен екі бетінің балбұл жайнап шыға келгеніне қарап, оны отыз жеті жастағы әйел деп ешкім ойламас еді, және әйел атауларының бәрі Сафураның дәл осы күліп тұрған шағындай болса, оларды өмірге әдемілік ұрығын себу үшін келген екен деп ойлап қалғандайсың.

Дәл осындай сымбат пен осындай сүйкімділікпен үйге кіріп келгенде, қаужаң-қаужаң кешкі тамақ ішіп отырған Құлахмет ағай көмейіндегі тамағын әрі қарай жұта алмай түйіліп қалды. Оның қуаныштан айғайлап та жібергісі келді, айғайлай алмады, күлгісі келді, күле де алмады. Орындыққа шегелеп қойғандай әйеліне қарап отырды да қадды.

–Папасы, сен неге қарсы алмайсың, Нәзікет келе жатыр, қане, амандас папаңмен, — деді Сафура қызын ішіке алып кірген соң Құлахметке қарай итеріп. — Бар, бар, амандас енді.

Нәзікет жүгіріп кеп папасының мойнына асыла кетті.

Сол күн — Құлахмет үшін ең бақытты күн еді. Оның жүрегі сол шексіз бақыттылықтан жарылып кетуге аз-ақ қалды. Кешкілік, Сафура хош иісін аңқытып пияз күйдіріп жатқанда екеуміз бақ ішіне барып темекі тартуға отырдық. Ол жөндеп сөйлей алмады. Сөйлеген күнде де тұзсыз илеген қамырдай сөздерінің басы бірікпеді. Оның көзінде төңіректеген жас бар еді. Мен оның не айтарын, ішкі дүниесінде нендей сезім булығып жатқанын анық сезіндім. Сондықтан оны сөзге тартқым келмеді.

Ал Сафура Құлахметті қуаныш пен шаттыққа бөлеп, екі күннен соң Атбасарға, төркініне барып қайтатынын айтты.

— О, о не дегенің, о не дегенің ақылдым-ау! Бара ғой, бара ғой, туған-туысқаныңды көрме деп қалай айтпақпын саған. Жолың болсын. Бірақ көп кешікпе, күнім, сенсіз маған өмір жоқ екенін өзің де білесің ғой.

Сөйтіп, Сафура мен Нәзікет жолға шықты.

Жаз өтіп, күз болды. Бірақ олар сол кеткеннен мол кетті. Сафураның қайта оралмайтынына менің көзім жетті. Осылай ойлаған кезде Құлахмет ағайға қатты жаным ашитын еді. Ол күннен-күнге жүдеп бара жатты. Бәлкім, ішкі дүниесі Сафураның бұл босағаны қайта аттамайтынын сезетін шығар. Әйтсе де, ол менімен сөйлескен сәттерде мұндай суық та сұмдық ойдың ұшын да шығармайтын. Оның аласұрып сандырақтап, ұйқы көрмей шығатын түндері де осы кез еді.

 

                                              *                       *                       *         Бір күні үйге келсем, ол бақ аралап жүр екен. Мені көрген сәтте жас балаша қуанып “бері кел, бері кел” деп шақырды. Оның қасына барған кезімде: “Қалай ойлайсың, мына жеміс менің көгершіндерім келгенше бұзылмайды ғой, ә?” — деді шелектегі ірі-ірі қызыл алмаларды көрсетіп. — Әрине-әрине. Бәлкім, олар бүгін-ақ келіп қалар.

— А? Бүгін?

— Несі бар, бүгін келіп қалуы да ғажап емес қой.

— Оны сен қайдан білесің? Әлде хат келді ме?

— Жо-оқ, жалпы, мүмкін дегенім ғой.

— Жоқ, сен менен бір нәрсені жасырып тұрсың, немесе бүгін келіп қалатынын қайдан білесің. Айтсаңшы, жасырмасаңшы менен, олар анық бүгін келе ме? Сен білесің, білесің, Сапар, бірақ қайтер екен деп әдейі айтпай тұрсың…

Көңілін жықпайын деп жай айта салған сөзім оның бір сағат сөйлеуіне қамшы болды. “Құдай шыным, мен ештеңе де білмеймін” дегенді қанша рет қайталасам да, ол бәз-баяғы “жоқ, жасырып тұрсың, сен білесің” дегенін көлденең тартумен болды. Менің анық ештеңе білмейтініме көзі жеткен соң, ол үнсіз қалды. Әлден соң бір қолымен шелегін көтеріп, төргі үйге апарып төкті де, сол бойы қайтып шықпай қойды. Мен ішке кірсем, ол үюлі алманың жанындағы сықырлауық кереуетте басын салбыратып төмен қарап отыр екен. Мазасын алғым келмей, өз бөлмеме кіріп кеттім. Сол түні екеуміз сөйлескен жоқпыз. Ертесіне, түн жарымында ол есік қақты.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29