Пері мен періште

Сол күні кешке көрші, қолаңдарды шақырып, Құлахмет ағайдың келу құрметіне кішігірім той жасап жібердік.

*               *                *      Біреуге шабан, біреуге шапшаң көрінетін күнде асықпай жетелеп біздің қалаға мамыражай көктемді жеткізіп тастады да, ертеңін бүгінге, бүгінін тарихқа айналдырып, тоқтамастан ілгері жылжи берді. Құлахмет ағай келген күннің ертесіне-ақ мен Сафураға телеграмма беріп, ендігі хатты қалалық почтаға жіберіп тұруын сұрадым. Құлахмет ағайдың тыныштығын бұзғым келмеді.

Өстіп жүргенде біздің үйге де аспаннан түскендей күтпеген қуаныш сарт ете қалды. Бұл қуаныштың өзі Құлахмет ағай үшін біртүрлі өрескелдеу басталды: Әскери комиссариаттан шақыру қағазы келгенде ол: “Сапар-ау, мыналар мені әскерге тағы алғалы жүр ғой деймін” деп кеңкілдеп күліп алды да, иығын бір бүлк еткізіп қақпадан шығып кетті.

Қайтып келгенінде мен оны танымай қалдым. Екі беті балбұл жанып, суалған жанарына әр кіріп, шексіз бақыттан басы айналған кісідей табалдырықтан аттай бере теңселіп тұрып қалды. Қалың тұман арасында жүргендей екі қолын қарманып, қарсы алдында тұрған мені байқамаған бойы өз бөлмесіндегі төсекке барып, шалқалап құлай кетті. Сол қалпы төбеден көз алмай күлімсіреп ұзақ жатты. Әуелгі кезде мен оны мас екен деп ойлап қалдым. Ол мені дауыстап шақырып алды. Мен қасына жақындадым. Ол күлкісін тыйып, жүзіме тесіле қарап жатты да:

— Мен… мен әлі керек екенмін ғой, — деді сыбырлап. Мен дәнеңе де ұқпай қалдым.

— Мені ұмытпапты, Сапар… Көмескі болса да менің өмірімнен бір із қапты. Мен енді өкінбеймін!

— Түсіндіріп айтыңызшы, Құлахмет ағай, не деп жатырсыз?

Ол плащының омырауын жаймен ысырып, костюмінің кеудесін ашты. Мен оның омырауынан жалт-жұлт еткен медальді көрдім. Жеңістің жиырма жылдығына берілген кәдімгі медаль!

Осы бір оқиға Құлахмет ағайдың бүкіл болмысына өзгеріс енгізіп, бойына жаңа күш, жаңа қайрат қосып кетті. Осыдан бастап ол ыңылдап ән айтып, көңілді жүретін болды. Күні бойы тыным таппай, алма ағаштарын суарады, шөбін жұлады. Тозығы жеткен ескі қақпаны қайта жаңартып, көк сырмен бояп қояды, шіри бастаған қаңылтыр шатырды ауыстырып салды, иттің ұясын да жаңалады. Осыдан бірнеше ай бұрын мен оны өліп қалатын шығар деуші едім, жоқ, ол қайта жасарған сияқты. Мен Құлахмет ағайға қарап  тұрып, қуаныш дегеннің әсіресе, елеусіз, кішкентай жандар үшін қаншалықты қымбат, қаншалықты қадірлі екенін ұғындым.

Үйде қол қусырып отыра беріп не бітіремін деп ол трамвай-троллейбусқа билет тексеруші боп орналасты. Екеуміз де кешкілік жұмыстан оралып тамақ ішеміз, есік алдындағы шайла ішінде темекі тартып отырып өткен-кеткенді әңгіме етеміз.

— Балжан жайлы айтпай кеттіңіз-ау, Құлеке, — деймін әзілдеп.

— Апырмай десеңші! — деп ол рахаттанып күледі! — Мен оны әлі жас шығар деп жүрсем… Балжан, Балжан! Оны саған асыра мақтап та жібердім ғой дейім-ә?!

— Күйеуге шыққанын енді үш-төрт ай естімегенде мен оған ғашық боп та үлгерер едім.

— Айтарың бар ма!..

Оның уақытша қуанышпен көмескіленген қайғысы мен күйінішінің пердесі бірте-бірте ысырыла берді. Ол жабырқаңқы, жадау күйге қайта түсіп, қысқа өмірінің ту алыс аспанында әрі жат, әрі жақын, әрі қайғы, әрі үміт боп жылтыраған қос жұлдызы — Сафура мен Нәзікеті жайлы оңашада тұңғиық ойға шоматын болды.

Осындай бір түні оның қасына барып, ояу болса әйелі мен қызы жайлы айтып көрейін, егер өзі қаласа, амандықтарын біліп қайтуға дайын екенімді айтқалы ол жатқан бөлмеге беттедім. Есік тұтқасын ұстай бергенімде іштен Құлахмет ағайдың күбірлеп сөйлеген даусын естіп, тұрып қалдым. Есікті жай ғана ашып сығалағанымда өз көзіме өзім сенбедім. Ол ауық-ауық қолын ербеңдетіп қойып, столда жазу жазып отыр. Мен көпке дейін қимылсыз бақыладым. Орныма қайта келіп жатқанымда да оның ашық есігінен күбірлеген дауыс естіліп жатты.

Бұл оқиға күн сайын қайталана берді. Оның сырын сұрауға менің де батылым жетпеді. Бір күні ол жоқта бөлмесіне кірдім де, көптен бері құпия боп көрінген жұмбақтың шешімін таппақ боп, қағаздарды іздей бастадым. Бұл маған онша қиынға түскен жоқ. Құлахмет ағайдың барлық қағаздары жастығынын астында жатыр екен. Жастықты көтеріп қалғанымда ірі-ірі әріптермен бір параққа екі-үш-ақ сөйлем жазылған оқушы дәптерінің жиырма шақты беті сау етіп түсе қалды. Оның біреуін қолыма алып қарай бергенімде “Сафура” деген сөзді оқып, таңданғанымнан қимылсыз қалдым…

Иә, мұның бәрі де Сафураға жазылған хаттар еді. Сонда бұлар Сафураға жіберілмек пе, әлде, Құлахмет ағайдың өзі үшін ғана жазылып, осылайша жастық астында сарғайып жата берер ме екен?

                                 *            *              * Арада бір-екі күн өткен соң Сафурадан кенет хат алдым. “Мен бұл жерден кетемін деп қанша талпынсам да кете алмадым, деп бастапты ол. — Біржақты боп, адресім тұрақтанған соң бір-ақ хабарласармын дей-дей, ол ойымнан ештеңе өнбеген соң бүгін ғана жазып отырмын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29