Пері мен періште

Мейлі ол мұң тастап-ақ кетсін, өзге біреуге қосылып, іздеген мақсатына жетсін, бәрібір, Құлахмет ағай бұл дүниеден соны ғана сүйіп өтеді.

Мен есі ауысқан кісіше орнымнан атып тұрып, шам жақтым. Ішкі дүниемде дүлей дауыл ұйытқығандай, өзіме-өзім сыймай бара жатқан сияқтымын. Белгісіз бір күштің құдіретімен столға кеп отырдым да, хат жазуға кірістім.

“Сүйікті Сафура, — деп бастадым хатты. — Сүйікті дегеніме ренжи көрмеңіз. Мен сізді сүйемін, мен сізге ғашықпын. Иә-иә, сіз сияқты адамды сүймеу деген күнә ғой. “Мына пәтерші есінен ауысқан шығар, амандық-саулық жоқ, ә дегеннен ғашықпын дегені несі?” деп танданып та отырған шығарсыз. Танданыңыз, таңдана беріңіз! Есіңізде ме, айлы түн, есік алдындағы шайла іші… Сіз қызарып кеттіңіз бе? Қайдағы бір өткінші жауындай өте шыққан оқиғаны еске салғаным үшін кешіріңіз. Мен сол түнді әлі ұмытқан жоқпын, дәл жаңа ғана басымнан өткергендей көз алдымда тұр. Ол түн менің өле-өлгенше есімнен кетпейтін ең бақытты түнім екенін мен тап қазір сізге хат жазу үстінде ғана сезініп отырмын. Осындай бақытты минуттардың енді қайтып оралмайтынын жақсы білемін, сол үшін өкінемін де. Сіз қандай аяулы, ақылды әйелсіз, Сафура! Ой, тәңірім-ай, мен сізге мүлдем басқа жайлы жазбақ едім, не деп барамын бұл! Адам не деген сабырсыз еді, мен өзімді-өзім ұстай алатын емеспін ғой.

Ақыры мен жалғыз қалдым. Құлахмет ағай да бұл үйден біржолата кетті. Орынбордағы туысы алып кетті. “Ә, бәлем, ойың түсінікті болды, ғашықпын деп отырғаның сондықтан екен ғой” деп ойлай көрмеңіз! Ол сізді қандай сүйетін еді, Сафура! Ал мен ше? Мен де оған ғашықпын. Шіркін, құдай сондай жүректерді молырақ жаратса ғой!

Мен сізге ақыл айтудан аулақпын, өйткені, өзіңіз де ақылдан құр алақан емессіз. Бірақ, алыста жүрсеңіз де, оған қайтып қосылмасаңыз да Құлахмет ағайды тым болмаса іштей аяңыз, оның өзіңізге деген таң шығындай мөп-мөддір таза сезімін сыйлаңыз. Бәлкім, өтіп кеткен көмескі тіршілікті еске алып, өмір шырқын бұзғыңыз келмес, алайда, оңаша қалған кейбір сәттеріңізде сізді ғана сүйіп өтетін адам жайлы бір рет те болса ойлаңызшы. Бұл соншалықты қиын емес қой, және, ой деген сіздің бақытыңызды тартып ала алмайдьі.

Менің сізге айтарым тым көп сияқты еді, хатқа жазып сыйдыра алмаспын деп ойлап ем. Енді не айтарымды білмей, бірді айтып, бірге көшіп отырмын. Айтпақшы, өзіңіздің хал-жағдайыңыз қалай? Смағұл сол бойы хабарласпай кетті ме? Нәзікеттің дені сау ма? Ол мектепке барып жүр ме?

Тез хат жазыңыз, Сафура, мүмкіндігінше тезірек. Сізден не күтетінімді өзім де білмеймін, әйтеуір, бір лебізіңізді есітуге ынтықпын. Жағдайыңызды айтып хат жазыңыз. Сау болыңыз, Сафура!

                                                                                Сіздің бұрынғы пәтершіңіз”.

                                          *                              *                         * Күндер өтіп жатты. Кеше мен бүгіннің бір-бірінен айырмасы жоқ, енжар да сылбыр, ұшқыр да шапшаң күндер. Кеш батса үлкен қала ұйқыға шомып, таң бозынан қайта тұрады. Адамдар да, машиналар мен автобустар да, трамвайлар мен троллейбустар да әлдеқайда асығулы. Олар кеше де осылай асыққан, бүгін соның бәрін қайта бастады, ертең де сөйтеді. Ерсілі-қарсылы ағылған көліктер адамдардың бірін қызметке, бірін сабаққа, бірін әлдеқалай бір кездесулерге, тағы-тағыларға қарай алып ұшып барады. Бүгін мінген жолаушы оған енді қайтып өмір бақи отырмас, ол үшін бәрібір. Оның міндеті — оларды керекті жеріне тез жеткізу, және кім мінсе соны жеткізу. Кешегі кісі мінбеді-ау деп ол жоқтамайды, күтпейді де. Өмірдің қаталдығы ең арысы автобуста да жатыр.

Мен трамвайда келе жатып тағы да Сафура жайлы ойлап кеттім. Адамдардың бір-біріне жасайтын қылмыс, қиянаты жайлы толғансам, неге екені белгісіз әрқашан көз алдыма екі адам — Құлахмет мен Сафура кеп көлденеңдеп тұра  қалады. Және, екеуін де қаралағым келмейтін сияқты. Сафураның бар кінәсі бақытты өмір сүрсем деп, жарыққа ұмтылған көбелектей шарқ ұрды, бірақ, өзі іздеген мақсатқа жеткенмен басқа бір жанның бейшара халі жанын жегідей жеп, азап пен дозаққа тұншықтыра берді. Өз қателігін осылай мойындау, осылайша іштей толғанып, өзге біреуді аяу — жаны таза әйелдің ғана, мейлі, дәл қазір ол адал болмай-ақ қойсын, әйтеуір, табиғаты пәктікке, адамдық арға талпынған әйелдің қолынан ғана келер еді.

Бірнеше күн өткен соң менің осы ойымды растағандай Сафурадан сарыла күткен хат та келді.

“Өмір не деген қызық, — деп бастапты ол хатын ә дегеннен. — Иә-иә, не деген қызық еді! Сен танданып тұрған шығарсың. “Егер бұл сөзді басқа біреу айтса жарасар еді, саған сиырға ер салғандай ерсі емес пе?” деп те ойларсың. Жо-оқ! Мен өмірге ешқашан да өкпелемеймін. Не деп өкпелемекпін? Ол маған сөйле деп тіл берді, көр деп көз берді, ойла деп ақыл берді, қызығын көр деп ғұмыр берді, сезін деп жүрек берді. Мұның үстіне қосып “бақыт бер” деп айтуға қалай ұятым барады? Бір адам үшін мұның бәрі тым көп емес пе? Ал, көпсінбеймін дейді екенсің, өмірдің өзі сыйлаған әлгі қасиеттерін пайдалана біл, ал, қолың жетпейді екен, өзіңнің өмір сүре алмайтындығыңнан көр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29