Пері мен періште

— С-солай деңдер! “Осылай еді” деп бір ауыз хабар да бермегендерің бе сонда? Кімге, қашан, қайда кетті?

— Оны қайтесің, сөз етуге тұрмайды. Сол өзіміздің қаладағы бір жалаң аяқ студентке шықты. Онысы әлі екінші курсті де бітірген жоқ.

— Амал бар ма, теңін тапса болғаны. Оқуы бітпейтін оқу емес шығар. Сонан соң теңеледі де кетеді. Әттесі-ай-ә!

— Өзің неге өкініп отырсың?

— Ә-ә… жоқ-ә, мен неге өкінемін. Тек асығыстық болған екен.

Құлахмет ағай талайдан бергі тәтті арманының аяқ астынан, бас аяғы бір-екі-ақ минуттің ішінде тас-талқан болғанына сенерін де, сенбесін де білмей төмен қарап біраз уақыт үнсіз отырды да, мұның бәрі шындық екенін енді ғана түсінген адамша кінәлі көзбен маған бір қарап қойды. Мен іштей күліп жібердім.

Тәкаппар, маңғаз, ақылды, сұлу Балжанның маған қатысты тарихы осымен тәмам болды, енді ол екеуміз бір-бірімізді жақсы да көрмейміз, жек көрмейміз де.

Ертесіне жұмыстан кештетіп оралсам, үй ішіндегілер көңілсіз отыр екен. Құлахмет ағайдың басы төмен құлап кетіпті, әлдеқалай бір мәселенің шешуін таба алмағандай жүзінде қиналыс, мұң бар. Мен кіріп келгенде олар маған жай бір көз тастап, өз ойларымен отыра берді. Әбсаматтың стол үстін әлсін-әлсін саусағымен тықылдатқанынан оның Құлахмет ағайдан жауап тосып отырғанын аңғардым. Орынбордан келген қонақтар үшін, әрине, мен мүлде бөтен адаммын, олар бұл әңгімеге араласуымды керек етіп отырған да жоқ, керісінше туыстардың оңаша сөздерінің үстіне кіріп келгенімді ұнатпай қалған секілді. Әлде амандасу, әлде қайырлы кеш айтқандай қас қағымға ғана аялдап, басымды изедім де, өз бөлмеме беттедім.

…Құлахмет ағай мені ерте оятып алды. Таң енді бозарып, үй іші алакеуімденіп келе жатқан шақ еді. Ол менің кереуетіме кеп отырды да, өзінің мұнда не үшін келгенін ұмытып кеткендей, көпке дейін тіл қатпады. Әлден соң маңдайына тіреген қолын түсіріп, ауыр күрсінді. Соған қарап мен оның әлі көз ілмегенін сездім.

— Сапар… мен… мен көшетін болдым, — деді ол үзе сөйлеп.

— Көшетін болдым?! Қайда?!

— Анда, — деді ол қолын бағдарсыз сілтей салып. — Орынборға. Әбсамат солай дейді. Жалғыз тастай алмаймын, алып кетемін дейді. Бұл жерде жүре берсең көмусіз қаласың дегенді айтады.

— Солай ма!

— Иә. Солай, көмусіз қаласың дейді.

— Бұл сұмдық екен! Мен орнымнан тұрдым.

— Ал, өзіңіз қалай шештіңіз, көшесіз бе?

— Көшемін деп айтқан жоқпын ба? Ертерек көмілетін жаққа кетейін. Орынбордың да көрін көрейік. — Ол мырс етіп күліп жіберді. Оның бұл күлкісі маған қорқынышты боп естілді. — Көмусіз қаласың… О, тәңірі, өлген соң көмілдің не, көмусіз қалдың не, басыңа көк тас қойды не, қоймады не, бәрібір оны өзің көре алмайсың. Хан да бір, қара да бір. Адам байғұстың обалы не керек, өлсең көмерін көмер-ау! Не қатын жоқ, не бала жоқ, не жұмыс жоқ, жалғыз басың қуарып не бітірмексің дейді. Онда барып не бітірмекпін? Немене, онда мені Сафурам мен Нәзікетім, соғыста жоғалған бір қолым күтіп тұр ма екен? Ол мені енді өз шаңырағымнан да ажыратпақ-ау…

— Құлахмет ағай, демек сіздің көшкіңіз келмейді екен ғой!

— Енді маған бәрібір. Жүр десе жүремін, қал десе қаламын. Бірақ, мынау үйді қимайтын сияқтымын. Бұл үйде менің бүкіл өмірім өтті ғой, бұл үйде Сафурам мен Нәзікетім тұрды ғой. Көгершіндерім менің! Ол күндер де бақытты күндер екен-ау! Қайран, енді оралмайтын күндер-ай!.. Қайта айналып соқпайтынына көзің жеткенде, адам өз өміріндегі азапты сәттерін де аңсайды екен. Өйткені, менің алдымда жаңа қуаныш, жаңа бақыттың нышаны да жоқ.

— Сенен бір өтінерім, — деді ол аз-кем кідірістен соң, — мынау үйді өзің сатып ал, маған салса, ақшаның қажеті жоқ дер ем, тек Әбсамат көнбей отыр. Тым болмаса, жарты ақшасын алайық, қалғанына қол хат алып кетеміз дейді. Өзге біреуге сатып, бұл үйден рухымды біржола жоғалтпайын деп, сенімен сөйлесуді жөн көрдім. Әрі… кім біледі, көгершіндерім де келіп қала ма? Сонда оларды бөтен ит абалап қарсы алып, дарбазадан көрінген басқа біреу: “Ол бұл үйде тұрмайды, біз сатып алғанбыз” десе екеуінің жаны жасып, бұл дүниеде жетім қалғандай сезінбей ме? Сен болсаң, әйтеуір өз адамымызсың ғой, екеуін туғанындай қарсы алып, жадау көңілдерін онан әрі жабықтырмас ең. Сонан соң… оған дейін топырақтан тысқары жүрсем, маған бір хабар айтар ма едің… Бірақ, сенде үй сатып алатын ақша қайдан болсын.

Екеуміз де үнсіз қалдық. Осы қара көлеңке бөлмеде, сықырлауық кереует үстінде бір-бірімізге айтар сөзіміз көп болса да, ләм дей алмай толғанып отырып, адам дегеннің үміті шексіз екенін ұғындым. Адам баласы қандай құдіретті, қандай әлсіз еді! Бұлтартпас өлімнің жақындап келе жатқанын еске алғанда Құлахмет ағай өмірден түңіліп кей сәттерде сол өлімнің ертерек келуін тілейтін, “менің өмірден алар еншім — азап қана, рахат деген бұйырмаған” дейтінді, ал, осы ойының бәрі бір сәтке естен шықса алдағы күннен жалтақтап, жаңа сәуле, жаңа үміт дәметеді. Дүниеге келгенде жылап туылатын адам, тым болмаса кетерінде жылап кетпей, күліп кетуді көксеп, ақтық демі біткенше өмірден жақсылық күтумен болады ғой. Сараң өмірдің сан жетпес ғасырлардан бері ойланып-толғанып, өлшеп-пішіп, енді ғана сыйлаған қамшының сабындай қысқа бес күн жалғанында шын бақыттың дәмін бір рет татқысы келмейтін жан өткен бе? Барлық жұртқа тән бұл қасиет Құлахмет ағайда неге болмасын.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29