Пері мен періште

Жарты бетке толар-толмас хатты мен оған үш қайтара оқып бердім. Ол үшінші рет оқығанда да тұңғыш тыңдап отырғандай әр сөзін ежіктей сұрап, хаттың ең соңындағы “сәлеммен, бауырың Әбсамат” деген сөзді қайталай берді.

— Шіркін-ай, сөзді сатып алған ба, көбірек жазса қайтер еді, — деді ол тамсанып. — Тегі, ол бар ғой, әуелден осылай, тоқ етерін айтады да “қош болмен” аяқтай салады. Тіпті, мен соғыста жүргенде де аңсап күткен хатыма айызым қанбай қалатын. Хатқа келгенде шорқақ-ау, шорқақ! Ал, іске келгенде… алдына жан салмайды. “Жақсы қызметкер мұнда да керек” деп өзін соғысқа да жібермей алып қалған. Ал, хат жазу дегенде, — ол қолын сермей күлді, тіпті қырсыздың қырсызы. Апырмай, келетін күнін айтпағанын қарашы. “Осы айдың аяғына дейін барып қаламын” — депті, ә. Бүгін… Он төрті ғой. Құдай-ау, келетін кезі де боп қапты ғой. Екеуміз осылай хат оқып отырғанда ол жолда келе жатқан шығар-ау. Айтқан уақытынан ертерек шығып қалуы да мүмкін ғой. Ұшады ғой ол мен дегенде, тура ұшады. Сырқат екенімді неге айттым екен, уайымдап жүрмесе жарар еді. Айтпақшы, Сапар-ау, олардың келуін күтіп осылай алаңсыз жата бермекпіз бе? Бір күні сау етіп жетіп келгенде оларды немен сыйламақпыз? Қара су, қара нанмен бе? Сонау жақтан інім бар деп келгендегі көрсетер сыйымыз сол болмақ па? Ертең демалыс қой, дүкен аралап, қызармай дастарқан жаятындай бірдеңелер алсаңшы. Міне, мұнда азын-аулақ тиын-тебен бар еді, — деп ол жастығының астынан бет орамалына мұқият түйілген ақшаны ұсына берді. Мен алмаймын деп қарсылық көрсетпедім: өйтсем ол ренжиді, “немесе, мені бейшара деп аяйсың ба?” деп қатты налиды.

— Аямай жұмсай бер, — деді ол ақшаны қарсылық көрсетпей алғаныма, алыстан келе жатқан бауырларының шығынын көтере алатынына іштей масаттанған үнмен.

— Ал сен бар ғой, өзіңді сылап-сипап күтіп ұста. Балжан талғампаз қыз болуы керек. Ол бір үйдің тұңғышы ғой, сондықтан кінәмшіл.

— Сырттан тон пішіп қайтеміз, Құлахмет ағай, өмірдің өзі құлаққа қалай деп сыбырлайды, соны орындармыз. Бәлкім, біз бір-бірімізді жек көріп те кетерміз.

— Қалай, қалай-ай? Жек көріп дейді?! Сендер тек біреуді мақтаса-ақ болды, соны жек көруге дайын тұрасыңдар. Одан да ынтыға түссеңдер етті. Сен ғой оның бойынан қазір шектен тыс тәкаппарлықты, асқақтықты, мейірімсіздікті іздеп тұрсың. Жо-оқ, ол дұрыс емес, адамның бойынан қолыңнан келгенінше жақсылық іздеу керек, соны табу да керек. Өйткені, тірі адамның жүрегі тас емес қой, ал тас болмады дегенше, оның бір түкпірінде аяушылығы да, ізгілігі де бар деген сөз…

Бұдан әрі қарсылассам Құлахмет ағай қалжырағанына қарамастан сөйлей беруге дайын. Сондықтан жай ғана езу тартып, қоштасып шығып кеттім.

                                *                  *                 *       Сарыла күткен қонақтарымыз Әбсаматтың өзі жазғандай айдың аяғында емес, келесі айдың орта шенінде келді. Бұл кезге дейін Құлахмет ағай да ауруханадан шығып, қалбиып үйде жүрген. Ит үріп, есік қағылғанда, екеуміз де сыртқа жарыса шықтық. Құлахмет ағай сол екпінімен ұзын бойлы, денелі, басында жылт-жылт еткен құндыз құлақшынды, көк елтіріден құлама жаға салынған пальтосы бар кісінің құшағына қурайдай боп қойып кетті. Екеуі көрісіп болған соң, Құлахмет ағай маналы бері өздеріне күлімсіреп, амандасудың ендігі кезегі өзінікі екенін біліп, дайындалып тұрған жеңгесіне құшақ жайды.

— Аманбысың, жеңеше-ау! Тым болмаса мына Әбсаматты сен асықтырсаң етті, — деді ол оның маңдайынан сүйіп. — Менің төзімімді сынап көрмек болдындар ма түге?!

Құлахмет ағайдың бұл сөздері алыстан келген қонақты қарсы алғанда айтылатын үйреншікті наз ретінде қабылданып, оған ешкім де себеп айтқан жоқ, тіпті, көңіл бөлінбеді десе де болғандай еді. Құшақтасу, көрісу аяқталып, мен олармен танысып біткеннен кейін, әлгі бір сағыныш әсерінен туған көңілдік бірте-бірте бәсеңсіп, еріндегі күлкі атаулы жасырын ғайып болды. “Сөйтіп, ауруханадан шыққаныма бес-алты-ақ күн болды де, енді қалай, еш жерің ауырмай ма?” деп отырған Әбсаматтың даусында да, үй ішін көзбен шолып, әппақ орамалымен әлгінде Құлахмет ағайдың ерні тиген маңдайын байқатпай сүртіп отырған жеңгейдің кенет пайда болған тым сабырлы да салқын көзқарасында да өздерінің бұл жаққа жай қыдырып, я болмаса тойға келмегендіктерін, керісінше, Құлахметтін сергелдеңі мен ауыр халін көру үшін жеткенін танытатын еңсе басқан көңілсіздік жатыр еді. Туыстарының осы бір сәт қандай ойға ауысып кеткенін аңғарды ма, әлде шынымен-ақ абдырап жүріп жадына жаңа оралды ма, Құлахмет ағай кенеттен:

— Апыр-ау, сендер екеуден-екеу келіпсіңдер ғой. Балжан… Балжанды ерте келіндер дегенім қайда еді? — деді.

Қонақтар бір сергіп күліп алды да:

— Ол сені мен біздің еркімізден шығып кетті ғой, — деді қосарлана.

— Неғыл дейді, еріктен шыққаны несі?

— Күйеуге тиіп кетті, — деп жауап қатты ағасы.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29