Пері мен періште

Біз Орынбордан жауап тосумен болдық. Құлахмет ағайдың мен барған сайын алдымен сұрайтыны да осы жайлы. Арада ай өткен соң ол ағасынан күдер үзе бастады. “Ұмытқаны-ау, шынымен-ақ! Енді менің бауырға да керегімнің болмағаны ғой, ажалыңнан бұрын өлу деген осы екен, ә!” деп қатты қапаланумен болды. Тағы бірде: “Бәлкім, ол хатты алмаған да шығар. Әйтпесе, құс боп ұшып келмес пе?” дейтін. Сөйтіп, маған екінші рет хат жаздырды. Оған да жауап болмады. Құлахмет ағай қатты күйзеліп, бұрынғысынан бетер арып кетті.

Бір күні барсам ол биік жастыққа басын қойып, терезеден сыртқа қарап жатыр екен. Қасына барып отырғанымды да, “халіңіз қалай?” деген үйреншікті сұрағымды да елемеді. Сидам-сидам ағаш бұтақтарының арасынан сығалап, аппақ қарлы көкжиектің ар жағына қызарып құлап бара жатқан қыстың жылусыз күнінен көз алмай жата берді. Ақ қардай жамылғы астынан қылтиып көрінген басы болмаса, былайғы жағында дене жоқ екен деп ойлап қалуға болар еді.

— Маған… маған несіне келе бересің? — деді бір кезде еріндерін күбірлетіп. — Көбі кетіп, азы қалды ғой, ұзаққа созылмас, әзірге алдай тұрайын деймісің?

— О не дегеніңіз, Құлахмет ағай! Онда мен ренжимін… Қалай, тәуірмісіз әйтеуір?

— Тәуір болып қайтемін. Кім үшін, не үшін тәуір боламын? Біреуге зияннан басқа тигізер пайдам жоқ, қайта тұрып не табам? Егер мен болмасам сенің де мазаң кетпес еді, өз шаруаңды істер ең, міне, саған да кесірім тиіп жатыр. Өліп кетсем құда да тыныш, құдағи да тыныш.

—Айтшы, о дүние деген бар ма осы?

— Құлеке, бұлай дей көрмеңізші, өтінемін сізден.

— Ә-ә… жоқ қой. О дүние дегенді жоққа шығардық емес пе? Сонымыз бекер болған екен. Адам сонда өлімнен мұншалықты шошынбас еді. Өлім деген қандай қорқынышты, Сапар! Түсімде мен соғыста қайтыс болған досыммен құшақтасып, сүйісіп жатырмын. “Әй, Құлахмет, сол кезде өлуің керек еді ғой сенің. Сонда несіне тірі қалдың?” деп мені қыса түседі. Жан-жағымның бәрі өлген адамдар. Маған біреуі кеп табақ тартады. Ал мен… асығыс, қарбытып жеп жатырмын, жеп жатырмын. “О дүниенің тамағы қандай дәмді?” деп тамсанып қоямын. Кенет… әлгі жеп жатқан тамағым инеге іліп алар еті жоқ, қу сүйек бір шалдың миы екен. Әлгі шал көзін ашып: “Сен менің миымды жұтпастан неге түкіріп тастап отырсың!” деп тұра қуады. Мен қашып келемін. Аяғыма тұсау салынғандай жүрісім өнер емес. “Мә саған ми, мә саған ми!” деп әлгі шал уыс-уыс миын өкшелете лақтырып келеді. Өстіп жатып оянып кеттім. Қара су боп терлеп, әбден қалжырап қаппын. Ажалдың да жақын қалғаны-ау…

— Жоқ, сіз одан құтылып кетесіз. Өйткені, сіз қашып келе жаттыңыз ғой.

— Сапар, айтшы, шынымен бәрінің біткені ме? — деді ол тағы да менің сөзіме мүлде байланыссыз сөйлеп.

— Ненің?

— Өмірімнің. Бар болғаны осы-ақ па? Бір бұрауға келмейтін қандай қысқа өмір? Не тындырдым? Үйленгенше даң-дұң өмір. Үйленген соң жиырма бір жасымда соғысқа аттандым. Одан кейін үй тірлігі. Әйелмен, баламен айырылысу. Сонда өстіп, нөсердей төгіп-төгіп өте шыққаны ма? Адам жас кезде осыны неге ойламайды, күні ертең дүниеден ғайып болатынын неге түсінбейді? Сонда ол өмірді мүлде басқаша құрар еді ғой, мүлдем басқаша. Ең болмағанда өз сүйегі қурағанша жұрт атыңды еске алатындай артына бір нәрсе қалдыруға тырысар еді-ау! Егер адам баласы өлім жайлы күніне бір ойланатын болса, өмір дегеннің қаншалықты қымбат екенін, оның екінші қайтып мәңгі, мәңгі-мәңгі оралмайтынын сезінер еді, сөйтіп, оны жас баладай алақанға сап аялар еді, бір-біріне жауыздық емес, жақсылық қана жасап, қонақтай сыйласып өтер еді. Әтте-е-ең, не керек, ақылды жаралған адам баласы бұл жайды өмірінің соңғы сағатында ғана ұғынады. Егер дәл осындай күйге түспей, жалғанды жалпағынан басып жүрген жан болсам, мен де бұлайша толғанбас па ем. Жо-жоқ, мен өлімді ойлап күңіреніп жатқаным жоқ, ештеңе бітірмегеніме күйзеліп жатырмын. Тірлігімде бір адамды да қуанта алмай, үш мезгіл тамағымды ішіп қана ғұмыр кешетініме қынжыламын. “Ауырған соң ойшыл бопты ғой” деп таңданып отырған шығарсың, оның рас, бәріміз басқа түскенде ғана баспақшылмыз.

— Құлахмет ағай, кешіріңіз, ештеңе бітірмедім деуіңіз қалай? Соғыста болдыңыз, ел-жұртыңыздың болашағына бір қолыңыз бен бүкіл денсаулығыңызды айырбастап қайттыңыз. Бір адам үшін бұл аз ба?

— Еһ, ол өткен күн ғой, және де жалпыға бірдей міндет. Мені қынжылтатын алдағы өмір, қалған өмір! Бар үмітім Нәзікет еді, ол да кетті.

Осы кезде қасымызға дәрігер келіп, науқастың көп сөйлеуіне болмайтынын, менің тез кетуімді сұрады.

                                     *                 *                *      Бірнеше күннен кейін Орынбордан сарғая күткен хат та келді. Әбсамат осы жаққа жүргелі отырғандарын, бірақ, өзі қызмет ететін мекеменің бастығы әзірге жоқ болғандықтан әлі сұранбағанын, сол себепті қай күні шығатындықтарын дәл айта алмайтынын жазыпты. Мен Құлахмет ағайға хатты әкелгенімде ол қуанғаннан төсегінен ұшып тұрып, бір парақ қағазды кеудесіне ұзақ басып жатты. Сонан соң, бар болғаны он шақты-ақ ауыз сөз жазылған осы бір жалғыз бет сараң қағаздан өзінің бұдан былайғы бар бақыты мен үміті, қуанышы мен ғұмыры күлімсіреп қарап тұрғандай, хатты  дәл көзінің алдына әкеп мейірлене, сүйсіне қараумен болды. — Құдай-ау, өзінің… дәл өзінің қолы, түк өзгермепті, сол баяғы әдеті, “т” мен “ш”-сын ажырата алмайсың. Ойпырмай, одан да хат келетін күн болады екен-ау!..

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29