Пері мен періште

— Бәрібір емес пе. Өһо-өһо… Менен кейін… қанша жасармын дерсің. Мың жасасаң да… өлгендер үшін, тірі сенің өмірің қас қағымдай болмайды… Маған тағы жақындайсыз ба, әлде… өзім тұрайын ба?

Әлгі кісінің бойын қорқыныш билеп, алды-артына қарамай есіктен шыға жөнелді. Маналы бері не істерін білмей аңырып тұрған екінші көрші Құлахмет ағайдың жанына жетіп барып:

— Кешір Құлахмет! Қайдағы жоқ қысыр әңгімені қозғап нем бар еді, мені ұрып өлтіретін адам жоқ, — деді дірілдеп.

— Ә-ә, сіз бе едіңіз, Жұмеке. Кешірем ғой, өмірде кешірілмейтін не бар дейсіз. Тәйірі, кешірмегенде оны шауып алармысың… Бірақ лажы болса ешкімнен кешірім сұрамау керек қой… кешірім сұрайтындай қылмыс жасамау керек. Айтыңызшы, менің Сафурам әлгі кісі айтқандай шынымен күнәкар ма?

— О не дегенің! Олай деп… құдай сақтасын…

— Өтінемін сізден, сол құдайыңыз бұдан былай да сақтай берсінші. Оған тіл тигізбеңдерші. Жұмыр басты пендеміз ғой бәріміз де…

— Дегенің болсын. Ал, өз басым… әлгіндей деп ойлаудан аулақпын.

— Онда, тілеуіңізді берсін.

                                   *                 *                 *     Құлахмет ағай ауруханаға түсті. Мен оның артынан үзбей барып тұрдым. Кейде ол: “Қолың тимейді ғой, уақытың тығыз болса жиі келмей-ақ қой” дейді. Ал, бір қауырт жұмыс киіп кетіп, екі күн көрінбей кетіп, үшінші күні барсаң “келдің бе, әйтеуір. Сенен басқа жанашырым болмады-ау” деп қамығып қалады. Қалай бармассың!

Бір күні келсем ол күндегісінен де әлсіреп қапты. Мен барғанда ақырын көзін ашып: “Жұмысың қалай?” деді үйреншікті әдетпен. “Жақсы ғой”. “Әке-шешең аман ба?” “Шүкір”. “Хат жазып тұрасың ба?” “Әлбетте”. “Ал, өзіңіз қалайсыз?” Ол әлсіз қолдарын сәл көтерген боп, “осы ғой” дегендей еріндерін күбірлетеді.

— Сапар, сен хат жазшы, — деді бір кезде ол.

— Қайда?

— Орынборға. Өзім айтып отырамын.

— Сіз әлсізсіз ғой, басқа бір кезде жазсақ қайтеді?

— Жоқ, қазір. Өзім жазбасам, олардың хабарласатын түрі жоқ.

— Жарайды, айтыңыз. — Мен қағаз-қаламымды дайындадым. Құлахмет ағай біраз ойланып жатты да: “Құрметті Әбсамат!” деді.

— Жаздың ба?

— Иә.

“Аман-есенсің бе? Бала-шаға аман ба? Қызметің бұрынғыша ма? Әбсамат-ау, неге хат жазбай кеттің? Тіршілік шіркін адамға бауырды да ұмыттырады екен ғой. Көріспегенімізге тоғыз жыл болыпты. Содан бері екі-үш-ақ рет хат жазысыппыз. Есіміз кіріп, азамат болғанымыз-ау, бұл да боса! Балапан басымен, тұрымтай тұсымен, әркім өз бетінше жанталасып жатыр… Қой, құрысын бәрі де, тек, қайда болсақ та аман болайықшы, айтып-айтып келіп тірелетін, көңіл жұбататын жеріміз де осы “аман болайықшы” ғой. “Ағайынды құдай алыстан сыйластырсын” деп қазақ бекер айтпаған шығар, сол мақалды екеуміздің бұзып алмай жүргенімізге шүкір. Иә, денсаулық қалай? Баяғы терезе сындырып, мысықтың мұртын өртеп жүретін Әнәпия сырықтай жігіт боп кеткен шығар? Ол мені ұмытқан жоқ па? Соңғы кішкентайлар нешеу, олардың аттары кім — оны да білмеймін. О, құдай-ай десеңші, не боп барамыз түге? Мен тіпті, сенің әдірісіңді де ұмыта жаздаппын. Бәлкім, осы уақытқа дейін басқа үй алып кеткен шығарсың да, бұл хатым сенің қолыңа тимес.

Әбсамат! Қазір менде өзіңнен басқа жақын-туыстан ешкім қалмады. Бір анадан тумасақ та, әкелеріміз ағайынды ол байғұстар, ойлады ма? Адам баласы бір-біріне өкпелегіш келеді, бірақ, мен саған пәлен демеймін. Бұл хатты саған өкпелеп емес, жалғыз қалғанымды білдіру үшін жазып отырмын. Талайдан бері сол жаққа барсам, жалғыз туысым өзіңмен көрісіп, іні-қарындастардың арасында болсам деген ойда жүруші едім, денсаулығымның нашарлығы аяққа кісен салып, төсекке таңып тастады. “Жалғыз қалғаны несі, әйелі мен қызы бар демеуші ме еді?” — деп отырған шығарсың. “Менің… менің Нәзікетім мен… Сафурам…»

Құлахмет ағай ар жағын айта алмай, көмейіне әлдене кептелгендей қабақ шытып, жұтына берді. Мен оған бетімді бұра алмадым.

— Мен… мен жылап жатырмын ба? — деді ол сәлден соң. — Сен оған көңіл бөлмей-ақ қой. Қайтемін, шыдатпай барады. Көптен бері өзімді-өзім алдап келдім. Адамның өзін-өзі алдағаны азап екен. Енді, хатқа шындықты жазу керек, бәрін-бәрін мойындауым керек. Соған жасып жатырмын… Ал, ары қарай жаза бер. “Сафура кетіп қалды, алданышым, үмітім, бар қызығым Нәзікет те бірге кетті. Қайтып оралмайтын боп кетті…» Сен… сен жазсаңшы, неге бетіме қарап қалғансың, жаза бер. “Иә, сөйтіп, жалғыз қалдым, бауырым Әбсамат! Егер уақыттарың болса келіп қайтыңдар. Ал, уақытың болмай, жұмысыңа кесір келетін болса, қиналып қайтесің, әуре болма. Мені құдай алар деймісің, ала қалса да өкінерім жоқ, әйтеуір оның да көзіне бір түсіп, қажетіне жарағаным болар. Қош, бауырым, амандықпен жолығайық. Өзіңді асыға күтуші інің Құлахмет.

                                                                                        1965 жыл, 17 январь»

— Айтпақшы, Сапар-ау, ұмьггып барады екенмін. Балжан, Балжан туралы сұрауды ұмытып кетіппін ғой. Аяқ жағына қоса салшы. “Жолың түссе Балжанды да ерте кел. Қандай қыз болды екен, көріп қалайын”.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29