Пері мен періште

— Сен неге үндемейсің, — деді бір кезде Құлахмет ағай басын көтеріп.

— Менің… не деуім керек, не айтамын сізге?

— Сафура…

— Иә… Сафура келген. Мен оны жаңа ғана шығарып салдым.

Іштей арбасып, оны да, өзімді де азапқа салғанша, шындықты жасырмай айтып, оның көзіне бұдан кейін тура қарағым келді.

Құлахмет ағай өз құлағына сенерін де, сенбесін де білмей қос жанары ұясынан шығардай боп селтиіп ұзақ уақыт тұрды да “Сафура, көгершінім-ау!” деп айғайлап жіберіп, бөлмеден жүгіре шықты. Сыртқы есік сарт етіп жабылғанда ғана мен оның іш киіммен далаға шығып кеткенін біліп, үй құлап келе жатқандай соңынан жүгіре жөнелдім.

Құлахмет ағай сыртқы қақпаның алдына барып, тұсарлыққа жетіп қалған қар үстіне құлап түсіпті. Мен оны көтеріп әкеп төсегіне жатқыздым да, тез-тез киімін ауыстырып, көршілерге жүгірдім. Бір адам қала тұрып, дәрігер шақырмаса оның тағы да далаға шығып кетуі мүмкін.

Дәрігер шақырып қайтып келгенімде екі көрші еркек келіп, оны көрпемен қалың етіп жауып тастапты. Құлахмет ағай әлі сандырақтап жатыр екен.

— Періште адам еді, қор болды-ау байғұс, — деді екі шалдың бірі.

— Өлейін деп жатса да әйелінің атын айтып сандырақтайды.

— Әйелі деп қайтесің, — деді екіншісі қолын сермеп, — сайқал демеймісің. Мұны осындай халге жеткізген сол жезөкше. Бұл қаланы былғап болды да екінші қалаға ауысты. Аман болса ол жақта да талай әйелдің баласы әкесіз қап, талайы тірі жесір отырған шығар.

— Қатын дегеннің қай-қайсысы болса да осы ғой. Қалтада ақшаң, басыңда бедел болмаса төсегіңнің сууы оп-оңай. Анау Бестөренің баласын қарамаймысың, орнынан түсіп, жұмыссыз қалып еді, мойнына жыландай оралып жүрген қатыны басқа біреуге тиді де кетті. Кейіннен іс қайта қаралып, ақталып шықты. Сонан кейін не болды де? Бір күні баяғы қатыны диуана құсап сүмірейіп келіп тұр дейді. “Өмір дегенді түсіну қиын екен, қателесіппін. Жаза баспайтын пенде бола ма, кешір мені” дейді. “Өмір дегенді түсіну қиын екен” деуін көрдің бе, сайқалдың. Ондайлардың бәрі әліне қарамай өмір жайлы толғанғыш келеді, тағы да.

— Олар қайта қосылды ма? — дедім шыдай алмай.

—Неғыл-ға-ан! Бестөренің баласы ондай емес, ит қосып куып шықты тура. Онда да дәл осындай боран еді. Содан кейін қатыны қарасын батырды. Не бетімен келеді?!

— Қатыгез екен.

— Кімді айтасың?

— Әлгі Бестөренің баласын айтам.

—Неғылған қатыгездік. Нағыз арлы жігіт деп соны айту керек. Сеніңше, немене, басыңа іс түскенде қара бастың қамымен қалталы біреудің аузын аш иттей жалап-жалап, бұрынғы дәулетің қайта оралғанда қайта келген қатыныңды алақанға салу керек пе?

— Осылай шешенсудің қажеті қанша? Әр нәрсенің себебі бар емес пе?

— Себебі — жезөкшелік! — деді маналы бері үнсіз тұрғаны сөзге араласып. — Айтшы өзің, мына Құлахметтің әйелі қайтып келеді ғой деп ойлайсың ба?

— Несі бар, келсе келер.

— Бұл үндемей күтіп алады?

— Адам баласында кешірім, мейірім деген болу керек қой, ол болмаса несіне адам боп жаралады.

— Есектің миын жеген екенсіңдер онда. Ақымақ екенсің! Сафура бар ғой, әлгі мына кісі айтқан сайқалдың тап өзі.

— Не дедіңіз, қайта айтыңызшы.

— Сайқал дедім, е, неменеге еліресің сонша, өтірік пе?

— Әттең, сақал сыйлайтын қасиетіміз бар, әйтпесе… Шығыңыз, кетіңіз бұл үйден!

— Жұмеке-ау, мына бала не деп тұр. Шығыңыз дейді, ә? Қайдағы біреудің жоғын жоқтайтын кімсің өзің, қайдан келгенсің? Сақалдан алмақ ойы бар тағы. Шығар, шығар сендерден. Сендер деп оққа ұштық, сендер деп қанымызды төктік, Құлахмет жатыр әні, сендер үшін бір қолын неміске беріп. Өскен соң жағамыздан алып, сақалымызға жармассын деп қорғаған, жұл сақалымды, жұл!

Оның екі көзі шатынап, қолдары дірілдеп маған төніп қалды.

— Баламен бала боласың ба, Қосе-еке, қойсаңшы.

— Неғылған бала бұлар, барып тұрған бәле. Сендер үшін жан береміз…

Біздің жанжалымызды Құлахмет ағайдың “Қос-еке” деген даусы бөліп жіберді. Мұғалім кіріп келген ликбез  оқушыларындай тына қалдық.

— Қос-еке, — деді ол тағы да баяу үнмен. — Біз… соғыста болғанымызды… несіне міндетсиміз… Ол парызымыз ғой… Егер басына күн туса… елді осылар… Өһо-өһо… осылар қорғамай, кім қорғайды. Сіз бе, әлде өлгелі жатқан мен бе? Сонан соң, сіз әлгінде… «сайқал» дедіңіз бе?

— Ім-м… айтқаным рас еді…

— Бері келіңізші.

— Не дедің?

— Бері келіңізші деймін.

Бәріміз үнсіз тұрмыз. Әлгі кісі басқан жері ойылып кетердей оған жайлап жақындады.

— Құлағыңызды әкеліңіз.

Ол еңкейе бергенде Құлахмет ағай оның бетіне бір түкіріп: “Басқа істер шамам жоқ, қайтейін” деді.

Ол басын көтеріп алып орамалымен бетін сүртті.

— О-о, тірі өлік! Сенің кеудеңде де намыс бар ма еді! Жаным ашып келіп ем, өлгелі жатып бетіме түкірдің-ау. Таңға жетпей өмірем қабарсың, әруағы атар сені сақалдың! Осы жатқаныңнан тұрмассың…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29