Пері мен періште

Бірақ, әзірге біз қуанышты едік. Мен оның осындай сәтін, тіпті, өз қиялымда да бұзғым келмей, алда күтіп тұрған, күн санап асықпай жақындап келе жатқан сол бір жан түршігерлік азапты минуттар жайлы ойлағым да келмеді. Мейлі, уақытша болса да, жалған болса да ол қуана тұрсыншы, адам баласының бақытты сәттері онсыз да аз ғой, тым сирек қой. Және, құдайым-ау, сол қуаныш, бақыт дегеннің бәрі де уақытша ғана емес пе, бәрі де келесі бір сәтсіздікпен ұштасып жатпай ма?

Түн жарымы әлдеқашан ауып кеткендіктен біз әрқайсымыз өз бөлмемізге барып жатып қалдық. Көзім ілініп кеткен екен, әлдекімнің есікті жұлқи ашқанынан шошып ояндым.

– Құлахмет ағай, бұл сіз бе?

— Иә, мен. Боранды қарашы, ұли соғып тұр.

Мен сыртқа құлағымды тіктім. Шынында да, қарлы боран уілдеп, үй төбесі мен терезенің жабылмай қалған сыртқы қақпағын жұлқылап тұр екен.

— Сіз немене, бораннан қорқасыз ба?

— Жо-жоқ, — деді ол менің кереуетіме келіп отырып. –Мен… мен түс көрдім. Сафура келген екен ғой деймін. Ол бұрынғысынан да құлпырып кетіпті, бірақ, екі көзінен жас парлап тұр. Ол мені көрмейді. Екі қолын міне, былай етіп созып алып: “Құлахме-ет, қайдасың!” — деп айғайлайды. Мен: “Мұндамын, көгершінім, мұндамын” деп жауап беремін. Ол маған сонда да бұрылып қарамай айғайлай береді. Бір кезде жетіп барып қолынан ұстаймын. О-о, сұмдық-ай десеңші, оның әлгінде жас сорғалап тұрған екі көзі ағып түсіп, орнында үңірейген қуыс қана қалыпты. Мен қорыққаннан айғайлап жіберіп, шегіне беремін, ол қолын созып жақындай түседі. “Жарығым-ау, сен не боп кеткенсің, көзің қайда? — деймін қалшылдап. “Мен оны өзім ойып тастадым. Түк те ауырмайды екен. Содан бері ештеңе көрмеймін, жаманды да, жақсыны да көрмеймін, — деп ол жақындап келеді. — Міне, құлағымды да кесіп тастадым, енді ештеңе естімеймін, өз бетіммен өмір сүремін. Сен де солай ет. Қорқасың ба? Қорықпа, ауырмайды дедім ғой мен саған. Әкел, мен ойып тастайын”. Менің Сафурам күлімсіреп, екі саусағын көзіме төндіріп келеді. Оның саусақтары қыздырған найзадай, қорқынышты. “Жо-жо-жоқ, керек емес, мейлі, жаманшылық болса да өмірден бәрін көріп өтейін” деп бұрышқа тығыла түсіп, оның саусақтарын кері итеремін. “Ә-ә, солай ма, ендеше, еркің білсін. Бірақ, ойлан, тағы да келемін” деп есіктен жайлап шыға берді. Қолыма қарасам, екеуміз үйленген кездегі неке жүзігі алақанымда қалып қойыпты. “Сафура!” деп айғайлап соңынан жүгіремін. Есік қатты жабылыпты. Мына біздің есік жаңбыр жауса ашылмай қалушы еді ғой, дәл солай, қанша итерсем де міз бағар емес. Жұдырығыммен соққылап, жатырмын, соққылап жатырмын…

Оянып кеттім. Терезені жел жұлқып тұр екен. Сапар, айтшы, бұл не, жамандық па, жақсылық па?

— Менің апам, «түнде түс жорымайды» деуші еді.

— Сонда да, бір жолға айтшы, бұл не? Менің Сафурам неге жылайды, о сұмдық-ай, оның екі көзі неге ағып түскен, құлағын кесіп тастағаны несі? Менің қолымда жүзік неге қалады? Айтшы, жалынамын!..

Осы кезге шейін түс жорып көрген жан емес ем. Құлахмет ағай бәрібір бір жорамал айтқызбай қоймайтынын сезіп, бәрін жақсылыққа ұйғардым.

— Солай дейсің, ә! Ал, Сафура келді ме?

— Сафура?!

— Иә-иә, ол келді ғой?

— Атай көрмеңіз, ол келген болса сізге жолықпай қалай кетеді!

—Жоқ, сен менен әлденені жасырып тұрсың. Ол орнынан атып тұрды да шам жақты. Жарық түскен соң ғана байқадым, оның қазіргі түрі адам шошынарлықтай екен.

— Менің көзіме қарашы, — деді ол бетіме төніп. — Қарашы деймін.

Мен оның жүзіне тура қарай алмадым.

— Қарай алмайсың. Жо-оқ, сен менен бір нәрсені жасырып жүрсің. Сафура келді, сөз жоқ келді. Айтшы, ол келмесе суретті сен қайдан алдың?

— Қандай сурет?

— Нәзікеттің.

— Ә-ә, иә-иә. Оны… Сафура… хатпен жіберген… Мен оны ұмытып кеткен екенмін ғой. Тек сізді қуантайын деп.

— Ол басқа ештеңе жазбап па?

— Жоқ… суретті ғана салыпты.

— Өтірік, өтірік! — Ол айғайлап жіберді. Жалма-жан ауызғы үйге жүгіріп шығып қайта келді. — Міне, мынау не?!

Оның алақанында жүзік жатыр еді. “Япыр-ау, Сафураның ұмыт қалдырғаны ма? Иә-иә, солай да болуы мүмкін-ау, ол ыдыс-аяқ жуып еді ғой, сол кезде шешіп қойған жерінен алуды ұмытқан болар”.

— Бұл… не, жүзік пе?!..

— Бұл менің Сафурамның жүзігі! Мен әлгінде шкафтың үстінен тауып алдым. Не боп кеткен бұл, ең арысы сен де алдайын дедің бе, Сапар-ау!!. — Құлахмет ағай басын тізесіне қойып үнсіз қалды.

Мен не істерімді білмедім. Оның әрбір осындай сәттерінде “қойыңыз” деп басу айта берудің, алдаусырата берудің мәні де, мағынасы да қалмаған секілді. Сафура! Сен неге келіп едің, неге ғана келіп едің бұл жерге? Біз өзімізше тыныш өмір сүре беретін едік қой, мың жылдай боп көрінетін ғұмырымызды ә дегенше-ақ сипап өтетін уақыт атты бар болғыр қайғы дегенді қас қаққанша-ақ көңілден өзі өшіріп ұмыттырмас па еді, ескіртпес пе еді! Уақыт — ханның да, қайыршының да, баршаның әміршісі ғой, бұлқынар едік те, асауға құрық түскендей шарамыз таусылған соң көнер едік те.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29